Бозкілемде төккен тер ақтала ма?

Төрткүл дүние Доха қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатына көз тігіп отыр. Себебі бұл сынға 99 мемлекеттен 670-тен астам спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеге біздің құрама да өте ұзақ және тыңғылықты дайындалған болатын. Алайда алғашқы күндерден-ақ жүлдеге іліге алмады.

Алғашқы айналымнан аса алмады

Жылдың басты бәсекесінде ел на­мы­сын 19 дзюдошы қорғайды. Олардың 10-ы ерлер, 9-ы әйелдер құрамасында татамиге шы­ғады. Күн өткен сайын әлем чем­пио­на­тының да көркі қызып келеді. Жарыс­тың бірінші күні 4 спортшымыз ел на­мы­сын қорғады. Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов пен Нұр­қа­нат Серікбаев өнер көрсетсе, әйелдер бә­секесінде 48 келіде Абиба Абужақынова мен Ғалия Тынбаева сынға түсті. Олим­пиа­да ойындарының күміс, қола жүл­де­гері, 2015 жылғы әлем чемпионы, То­кио-2019, Ташкент-2022 әлем бірінші­лік­тері­нің қола жүлдегері жарысты екінші ай­­налымнан бастап, алдымен Түрік­мен­стан спортшысын таза ұтты. Бірақ 1/8 фи­­­­налда өзбек дзюдошысы Дильшодбек Баратовқа Golden Score-да есе жіберді. Бұл қарсыласты Елдос былтыр Ташкент­тегі әлем чемпионатында қола жүлде үшін өт­кен кездесуде ұтқан еді. «Чемпионатқа бар­­лық жағынан дайын болдым. Тәжі­ри­бем бар, қателіктермен жұмыс істедік, жа­рақаттарды емдедік. Жеребе де маған жол­дас болды. Өзіме 100 пайыз сенімді бол­дым. Бірақ бұл жолы бұйырмады. Мен дзю­доны қоймаймын. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар», – деді татамиден кейін Елдос Сметов.

20 жастағы Нұрқанат Серікбаев екінші ай­налымнан бастап өнер көрсетті. Алды­мен молдовалық Тирсина Александруды тізе бүктіріп, одан кейін Олимпиада ойын­­­­­дарының күміс жүлдегері, әлемдік рейтингтің көшбасшысы тайпейлік Юн Вэй Янгтан қосымша уақытта басым түсті. Бірақ ширек финалда Олимпиада чем­пионы, 4 дүркін әлем чемпионы азулы жа­пон спортшысы Такато Ноахисадан ұтыл­ды. Ал жұбаныш кездесуінде грузин балуаны Гиоргий Сардалашвилиден жеңіл­ді. Осылайша, Нұрқанат алғашқы әлем чемпионатын 7-орынмен аяқтады.

Бұрымды дзюдошыларымызға ке­лер болсақ, Ғалия Тынбаева ал­ғаш­қы белдесуде әзербайжандық Кенуль Алиевадан айласын асырып, артынша Оңтүстік Корея өкілі Ли Хек Йонгты ип­пон­мен ұтты. 1/8 финалда биылғы 3 бір­дей Grand Slam (Анталья, Тель-Авив, Па­риж) жарыстарының жеңімпазы – фран­циялық Понт Бландиеден Golden Score-да жеңілді.

Абиба Абужақынова екінші айналымда из­раильдік Малька Тамарды жеңді. Одан кейін моңғол қызы Баасанху Бавудорджды ұтып, ширек финалда сербиялық Мелисса Николичтен мықты екенін байқатты. Бірақ жартылай финалда осы салмақтағы әлем­дік рейтингтің үздігі, француз спорт­шысы Ширин Боуклиге есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен кездесуде Абиба ита­лиялық Ассунта Скуттоға вазари ұпайымен жеңіліп, 5-орынға табан тіреді.

Жарыстың екінші күні татамиге екі отандасымыз шықты. 52 ке­лі­ге дейінгі салмақта ел намысын Толғанай Әбеуова мен 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қор­ғады. Алайда екі спортшы да алғашқы ірік­теу кезеңінен аса алмады.

Ел құрамасынан чемпионаттың үшінші күні ерлер арасында 73 келі салмақта Жансай Смағұлов, Данияр Шам­шаев, әйелдерден Бақыт Құсақбаева сынға түсіп, алғашқы іріктеу сатыларында жеңіліп қалды.

Әлем чемпионатының төртінші жарыс кү­нінде Қазақстанның атынан екі спорт­шы сынға түсті. Әйелдер арасында 63 ке­ліге дейінгі салмақта Эсмигүл Кую­лова бақ сынап, алғашқы белдесуде бейтарап ту­дың астында өнер көрсететін Ресей спорт­шысы Камила Бадуроваға есе жі­берді. Ал Абылайхан Жұбаназар (81 келі) болса екі кездесу өткізді. Бірінші айна­лым­да ол Португалия өкілі Жоао Фернан­доны таза ұтты. Бірақ екінші белдесуде өзі «ип­понға» түсіп қалып, бразилиялық Эдуардо Юди Сантостан жеңілді.

«Бүгін португалиялық қарсыласымнан есем­ді қайтардым, алдында одан жеңілген едім. Ал екінші кездесуге келер болсақ, ба­сым­дық менің жағымда болды. Қарсы­ластың екі «шидосы» барын көріп, екі рет шабуыл жасадым. Үшінші ескерту алсын деген мақсатпен тағы алға ұмтылдым. Бірақ қателік жіберіп қойдым. Тым асы­ғып кеттім. Жанкүйерлерден кешірім сұрай­мын», – деді Абылайхан Жұбаназар. 

Жеңілістер саны мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жарыстың бесінші күні ерлер арасында Дидар Хамза (90 келі) өнер көрсетіп, бірінші айналымнан аса алмады. Мол­дова өкілі Дорин Готоноагаға есе жіберді. Әйелдердің бәсекесінде татамиге Анастасия Маякова (70 келі) шығып, 2017 жыл­ғы әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, Пуэрто-Риконың 34 жастағы спорт­шысы Мария Перестен жеңілді.

Жеңілістен сабақ алсақ игі...

Әлем чемпионатының аяқталуына үш күн қалды. Алайда ұлттық құрама тыңғылықты дайындалдық десе де, жүлдеге қол соза алмай отыр. Алтын ала­ды деген дзюдошылар алғашқы айна­лым­нан-ақ есе жіберді. Ал Жансай Сма­ғұлов кездесуден кейін кәсіпқой мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бірақ ұлттық құра­маның бас бапкері Нұрбол Сүлей­ме­нов бұл ақпаратты жоққа шығарды.

– Ол қызуқандылықпен шешім қа­был­дады. Эмоцияға беріліп айтқаны ғой. Ха­лықтың алдында ұялып, намысына ти­геннен кейін солай деген болуы керек. Олимпиадаға бір жыл қалғанда артқа ше­гінгені дұрыс емес. Үміт артамыз. Тә­жіри­бесі бар спортшы. Ондай спортшыны біз жібере алмаймыз. Осы олимпиадаға дейін кү­ресеміз. Мұндай спортшыларды дайын­дау үшін жылдар керек. 1 жыл емес, 2 жыл емес. 10-15 жыл керек,– дейді дзюдодан ұлт­тық құраманың бас бапкері Нұрбол Сү­лей­менов. 

Доха қаласындағы аламан ма­мырдың 14-іне дейін жалғасады. Осы аралықта 14 салмақ дәрежесінде, яғни ерлер арасында 7, қыздар арасында 7 салмақтағы үздіктер анықталады. Олар­ға 2 мың рейтингілік ұпай беріледі. Бұл Париж олимпиадасының алдында өте маңыз­ды. Спортшылар қазір барынша кө­бірек ұпай жинап, осы жазғы ойын­дар­дың лицензиясын алуға тырысуда. Бұдан бөлек, 1 миллион долларды құрайтын жал­пы жүлде қоры да бар. Мұның өзі – спортшыларға жақсы мотивация. Бірақ біз­дің дзюдошыларды бұл сыйлық қоры да ынталандыра алмай отыр. 

– Біздің балуандарымыз осы сында өздерінің шынайы деңгейін көрсетті. Жа­сыратыны жоқ, басқа елдердің спортшы­лары­мен салыстырсақ, ұлттық құраманың дәрежесі төмен болып тұр. Басынан бас­тап дзюдошылар әлем чемпионатынан жүл­де алады деп күтпедім. Жеребе де спорт­­шыларымызға серік бола қойған жоқ. Халық Елдос Сметовтен үміт күтті. Бір­ақ Елдостың жасы мен дайындығы жүл­деге қол созуға кедергі болды. Ал Жан­сай Смағұловқа жеребе жолдас болмады. Бірінші кездесуінде-ақ қиын қарсыласқа кездесіп, есе жіберді. Қыздар арасынан Аби­ба Абужақыноваға сеніп едік, бірақ ол ме­дальға таяп барып сүрінді. Жарыстың қал­ған күндерінде сынға түсетін спортшы­лар­дың 80 пайыз жеңуге мүмкіндігі жоқ. Жеке сын болса да, командалық сын бол­са да біздің дзюдошылардың жүлдесіз қай­­­татыны анық. Спортшыларға тео­рия­лық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да күш жетіспей жатыр. Техниканы жақсы мең­герсе де, функционалдық тұрғыда қа­те­ліктер жіберуде, – дейді спорт сарап­шы­сы Анық Көкенайұлы. 

Оның айтуынша, Катардағы әлем чемпионаты дзюдода жаңа есім­дерді танытып жатыр. Айталық, 52 келі салмақта өзбек қызы Диёра Келдиёрова фи­налға шықты. Өзбекстан тарихында қыз­дар әлем чемпионатының финалына ал­ғаш рет шығып тұр. Диёра финалда «өз­ге ғаламшарлық» феноменімен танымал Ута Абемен күресті. Жапонның жиені Крис­та Дегучи де  Дохадағы әлем чем­пио­натында топ жарды. Финалда 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ха­ру­ка Фунакувоны алдымен ваза ариге тү­сіріп, артынша иппонмен жеңді.  Крис­та 2019 жылы Жапониядағы әлем чем­пио­на­тында топ жарған болатын. 2 дүркін әлем чемпионы атанып Канадаға жаңа та­рих жазып берді. Кристаның анасы жапон, әкесі канадалық. Жапонияда туып, сонда дзюдо мектебінде оқыған соң Канаданың намысын қорғап жүр. Жа­пон­ның тәлім-тәрбиесін алып өскен қыз қа­зір­гі уақытта көбінде Жапонияда дайын­далады. 73 келі салмақта Швей­ца­рия балуаны Нилс Штамп чемпион бол­ды. Штамп – Швейцариядан шыққан ал­­­ғашқы әлем чемпионы. Спорт сарап­шы­лары бұл жігітті алтын алады деп ойла­ма­ған. Бірақ ол финалға дейін шықты. Финалға шығар жолында жапон мықтысы Сойши Хашимото, өзбекстандық Мурод­жон Юлдошовты жеңді. Финалда Италия балуаны Мануел Ломбардомен күресті. Лом­бардо да алтын алатын 100% мүмкін­дік болды. Алайда басын тіреп әдіс жасап, қатаң ескертумен жазаланып, алтын ме­даль­дан тыс қалды. Нәтижесінде, Нилс Штамп чемпион болды. 

– Тек Хамза Дидар ғана алғашқы бел­десуден жеңілді. Ал қалған спортшылар барынша күресіп жатыр. Тек қыздар  бір орын­да тұралап тұр. Дайындық жақсы бол­са, күрес те сәтті өтеді. 60 келі, 66 келі сал­­мақта күресетін дзюдошылардан ме­даль күткеніміз рас. Абиба Абужақынова да бабында тұрды. Бірақ чемпионатты бесінші орынмен аяқтады. Ал ол былтыр үшінші орын алған болатын. Абылайхан Жұбаназар да жақсы күресті. Бәсекенің дең­гейіне қарасақ, ауыр салмақтарда  қа­зақ­тар ғана емес, жапондар да қиналып қа­лады. Үлкен салмақтарда бәсеке жо­ғары. Біз тек жеңіл салмақтардан жүлде ала­­тынбыз. Осы чемпионаттан кейін ме­тадологияны қайта бір қарауымыз ке­рек. Қателіктерге сараптама жасауымыз ке­рек. Гүржілер мен моңғолдардың дең­гейі осыдан он жыл бұрын біздікіндей бол­ған. Қазір оларға тең келетін қарсылас жоқ. Біз осылардан үлгі алуымыз керек,– дей­ді дзюдодан мемлекеттік жаттық­тыру­шы Жандос Қонысбаев. 

Ал спорт журналисі Аслан Қаженовтің ойынша, биыл дзюдошылар әлем чем­пио­натынан медальсіз қайтады. Мұндай жағ­дай 2014 жылы соңғы рет болған. Араға он жыл салып, Қазақстандағы дзюдоның құл­­дырағанын көрсетеді. Жеңілістің се­бе­бін федерацияның басшылары түсі­ніп отыр деген ол: «Алда Азия ойындары, Па­риж олимпиадасы бар. Негізгі мәселе ко­ман­да­да спорттық дәрігер, фармацевтің жоғында. Қазір әлем елдері спорт­шы­ның физикалық-психологиялық қабі­ле­тіне емес, спорттық медицина мен ғы­лым­ның же­тістіктеріне сүйенеді. Бұл мә­се­лені фе­дера­ция түсініп отыр. Уақыт өте тығыз. Сон­дықтан шетелдік маман­дар­ды ша­қыр­са да тездетіп осы мәселені қолға алу ке­рек», – дейді.

Көктем ҚАРҚЫН