Шаһардың мәселесі шешімін тауып келеді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елді мекен­дер­дің тұрғындарымен кез­де­сіп, алда атқарылуы тиіс мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігін жеткізді. Жұрттың талап-тілегі ең бірінші орын­да екенін айтқан ол мұндай кез­десулердің қала өмірін жан­дандыруда маңызды екенін алға тартты.

Шаһар басшысымен кездесуде тұрғындарды қоғамдық көлік, су­мен жабдықтау, электр энергиясы, тозығы жеткен ескі үйлер мен тұр­ғын үй кешендеріндегі жедел­саты­лардың жағдайы туралы сұ­рады. Сондай-ақ Интернациональ­ный, Күйгенжар, Мичурино елді мекен­дерінің тұрғындарын инже­нер­лік желілер, әлеуметтік нысан­дар, жол­дар салу, жарықтандыру жүр­гізу ісі және тағы да басқа негізгі мәселелер толғандырады екен. 

«Біз тұрған жерде 2011 жылдан бастап трассаның барлығын өткі­зіп, автобус жүргізіп қойды. Басты көшеге кәріз желісін әкеліп берді. Басқа жұмыстар жақсы жүріп жа­тыр. Бірақ Көксайдағы біздің кө­ше­де кәріз жоқ», – дейді қала тұр­ғыны. 

Әкімдіктің мәліме­тін­ше, 2011-2012 жылдары Көк­сай, Мереке, Нұрлыжол көше­леріне кәріз са­лын­ған. Алайда ма­гистральды желілер жоқ болған­дық­тан қалаға қосылмаған. Биыл Мереке көше­сінің бас жағына кәріз салынып, сол арқылы Көк­сай көшесі де желіге қосылады. 

«Биыл сүзгілі сору стансасы іске қосылады. Алдымен шілде айын­да, толығымен тамызда бері­ле­ді. Сондықтан бұл мәселелер то­лығымен қала бойынша шеші­леді. Сіздер де сол стансаға қосы­латын боласыз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Қоғамдық көлік мәселесі ту­ралы айтқан тағы бір қала тұрғыны «Автобустардың аздығынан үйге кешкі сағат онда шаршап-шалды­ғып әрең жетеміз» деп отыр. 

Қала әкімінің айтуынша, биыл автобус тапшылығын азайту үшін  қалаға 400-500 қоғамдық көлік алынбақ. Қоғамдық көлік паркі жаңа автобустармен шілде айынан бастап толыға бастайды.

Сондай-ақ тұрғындар 90 жыл­дан бері тұрған ескі үйлерді сүріп, орнына халық қажеттілігіне арнал­ған орындарды салу, тұрғын үй кезегі, жеделсатылардың жай-күйі мен халық серуендейтін орын­дардағы орындықтарды көбейту туралы ұсыныс-сауалдарын жет­кізді. Тұрғындардың талабын тың­даған қала әкімі тұрғын үй кезе­гінде қазір 50 мың отбасы тұрғанын тілге тиек етті. Оның ішінде мүм­кін­дігі шектеулі, толық емес, көп­балалы отбасылар мен жетім бала­ла­рдың өз кезегі бар. Олардың барлығына өз тобына қарай жыл сайын пәтер кілті табыс етілуде. Биыл да баспана кезегінде тұрған 6 мың отбасы өз пәтеріне қол жет­кізуі мүмкін. 

«Расында, үлкен жұмыстар ат­қа­рылып жатыр. Кемшіліктер де жоқ емес. Сол кемшіліктер бойын­ша нақты шешімдерді қабылдап, халықпен бірге жұмыс істейтін бо­ла­­мыз. Алға қойылған міндеттер мен жаңа берілген уәделер бойын­ша жыл соңына дейін 2-3 рет ке­ліп, өздеріңізге нақты есепті бере­мін», – деген шаһар басшысы жазда қосымша ауызсу стансасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде бүкіл қала бойынша су мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 

«Сондай-ақ қа­ла­ға жылумен, электрмен жабдық­тауда қосымша күш беретін тірші­лік­ті қамтамасыз ету жүйелері нысандарының бір­қатарының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қа­тар салынып жат­қан 14 мектеп­тің 11-і биыл қолда­ныс­қа берілсе, 6 мыңға жуық әлеу­меттік пәтер тапсыруды мақ­сат етіп отырмыз. Сондай-ақ қалаға 400-500 автобус жеткіземіз, екі жыл ішінде инвес­тор­­лар есебінен 40-қа жуық бала­бақша салынады. Кездесуде тұр­ғын­дар көтерген мәселелер шеші­леді. Біз оларды кезең-кезеңімен іске асы­рамыз», – деді қала әкімі. 

Ж.АСҚАРБЕК