БҚО-да бизнестегі әйелдердің үлесі 50 пайыздан асқан

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Халық­аралық отбасы күніне арналған «Еңбегі жанған арулар» атты іскер әйелдер форумы өз жұмысын бастады.

Форумға Батыс Қазақстан облысы әкімі Нари­ман Төре­ғалиев пен Іскер әйелдер қауымдастығының пре­зиденті Рау­шан Сәрсембаева, белгілі ақын Ақұштап Бақты­гереева, Әйелдер және отбасы-демог­рафия­лық саясат бойынша Президент жанын­дағы ұлттық ко­миссия төрағасының орын­басары Елена Тара­сенко қатысуда.

– Баршаңызды халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын. Мемлекеттің басты саясаты отбасы құнды­лығын, ана саулығы мен бала амандығын нығайтуға бағытталып отыр. Бұл күн – ерекше мереке. Біздің елімізде кәсіпкерлік кең көлемде дамып келеді. Соның ішінде әйелдердің бизнестегі санын көбейту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Облыс бойын­ша бизнестегі қыз-келіншектердің саны 50 пайыз­дан асып отыр. Облыстағы сән салондары мен тігін цехтарын айтпағанда кейбір ірі кәсіпорындар мен жеке балабақшалардың жұмысын әйелдер жүргізіп отыр. Сіздер тазалық пен мейірім­нің үлгісі болып қала бересіздер. Әр бастама­ларың­ыз­­ға сәттілік тілеймін, – деді форумда сөйлеген об­лыс әкімі Нари­ман Төреғалиев.

Форумға облыстағы ірі кәсіпкерлік нысандары­ның жетекшілерімен қатар кәсібін енді бастаған жас кәсіпкер қыз-келіншектер де қатысты.

«Іскер әйелдер қауымдастығының мақсаты – жұмыс жүргізе білетін, көшбасшы, іскер әйелдерді көрсету, таныту, біріктіру. Бүгінде республика бойынша 5 мыңнан астам әйел қауымдастықпен жұмыс істеп отыр. Еңбек ете білу, оның нәтижесімен бөлісу біздің әйелдердің қолынан келеді. Біз жастар­ды оқытып, үйретіп бір отбасыдай еңбек етіп келе­міз», – деді Раушан Сейсембаева.

Форумға көршілес Атырау, Ақтау және Алматы­дан кәсіпкер әйелдер келді.

«Бизнес әлемінде әйелдерге қолдау өте қажет. Әсіресе, отбасының қолдауы аса маңызды. Бізде әйелдер отбасылы болғандықтан кейде қиындыққа тап болып жатады. Күндіз-түні жұмыс дегенді түсініп, қолдау білдіретін отбасы тірек бола білу керек. Әйелдердің бизнес әлемінде жетістікке жетуі үшін жақсы орта керек. «Жеңілме, берілме, алға» деп отыратын кәсіпкер құрбылары көп болу керек. Бизнесте әйелдер бір-біріне бәсекелес емес, қол­даушы бола білсе жетістік те көп болады», – дейді Жұлдыз Кивашева.

Оның өз би студиясы бар. Ол жерде 3-5 жастағы бала­лар жаттығады.

Форум мерекелік кешке ұласты.

А. ХАСАН