Сырда отбасы құндылығы дәріптеледі

Сыр өңірінде Халықаралық от­басы күніне орай 25 қоғамдық-бұ­қа­ралық, мәдени-көпшілік, ағарту­шы­лық-зияткерлік, ғылыми-таным­дық және спорттық шаралар ұйым­дас­тырылмақшы. Соның ішінде «Ме­рейлі отбасы» ұлттық конкур­сына құ­жат қабылдау басталды.

Бұл жө­нін­де Қызылорда облысының өңір­лік ком­муникациялар қызме­тін­де өткен брифингте Қызылорда об­лысы әкімі аппаратының басшы­сы Шахмардан Байманов мәлім­деді.

Негізінен, өңірде атаулы мерекенің маз­мұндық мәнін кең көлемде насихат­тауға бағытталған іс-шаралардың ауқымы кең. Осындай істердің бастауы ретінде Халықаралық отбасы күніне орай әлеу­меттік желілерде отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында арнайы флешмоб бастау алған. Оған қатысу үшін кез келген жан әлеуметтік желіде «Отбасым» хэш­тегін белгілей отырып, отбасы мүшелері­мен түскен әдемі суреттерді, қызықты оқи­ғаларды, тіпті әрбір азамат өзінің үлгілі отбасын келешекте қалай көргісі келетіні туралы армандарымен бөлісуге мүмкіндік беріліп отыр. 

«Өздеріңізге белгілі, елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үз­діксіз беріліп келеді. Ана мен баланы қор­ғауға берілетін мемле­кеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын көбейтілуде. Біздің өңірде 16 751 «Алтын алқа», «Күміс ал­қа­мен» марапат­тал­ған көпбала­лы аналар мен 33 851 көпбалалы отбасыларына мемле­кеттік жәрдемақылар төленуде. Сонымен қатар аз қамтылған жанұялар да мемле­кеттің қамқорлығынан тыс қалмай, қажетті көмек беріліп жатыр», – деді Шахмардан Асқарұлы. 

Негізінен, «Мерейлі отбасы» байқауы отбасы құндылығын дәріптеу мақсатында 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ұлттық конкурстың негізгі мақ­саты – отбасы институтын, адамгерші­лікті, руха­ниятты нығайту, бала тәрбие­леудегі жауап­кершілікті және ұлттық тәрбиені барынша дәріптеу.

«Бұл байқау 3 кезеңнен тұрады. Кон­курстың бірінші кезеңіне қатысу үшін ке­ректі құжаттарды қалалық және аудан­дық қоғамдық даму бөлімдеріне тапсыру қажет. Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге, облыста үздік деп танылған отбасы республикалық байқауға жолдама алады. Осы байқауға үміткер боламын деген отбасылардың құ­жаттары 15 мамыр мен 15 маусым аралы­ғын­да қабылданады. Сонымен қатар қа­тысу­шылар отбасылық дәстүрлерімен, тарихи сәттерімен, қы­зықты оқиғаларымен әлеуметтік желіде #Мерейліотбасы, #Мерейліотба­сы­KZO2023 хэштегтерін пайдалана отырып бөлісе алады», – деп түсіндірді брифингте аппарат басшысы. 

Қызылорда облысында іс-шаралар жоспары аясында отбасылық-эстафеталық сайыс, жас отбасылар ара­сында облыстық форум, республи­калық отбасылық ан­самблі мен кездесулер өт­кізу көзделген. Ал мереке аясындағы ең негізгі шаралар «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қа­тысып жеңімпаз атанған, үлгілі отбасы­лармен қала және аудандар­дағы мектептер мен колледждерде кез­десулер, танымдық шаралардың өткізілуі жоспарланған.

Жалпы, бұған дейін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Сыр өңірінен 1 900-ге жуық отбасы қатысқан.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы