Чемпиондар елге оралды

Кеше Астанада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына Қазақстан ұлт­тық құрамасының боксшылары Өзбекс­тан­­нан ұшып келді. Әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Мә­дениет және спорт министрі Асхат Оралов, БАҚ өкілдері және жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Елге оралған алғашқы топта Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айт­жанов, әлем чемпиондары – Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов болды. Жеңімпаздардың келесі легі Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай екі сағаттан кейін елордаға жетті.

Еске сала кетсек, Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионатында ұлттық құрамамыз 4 алтын мен бір күміс медаль жеңіп алған еді. 

Спортшыларды қарсы алған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ми­нистрлік тарапынан әлем чемпиондары-ның әрқайсысына 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетінін атап өтті. Сондай-ақ әр бапкерге де осындай сома қарастырылған. 

– Аталмыш сыйақы – Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау. Бокс федерациясы тарапынан 100 мың доллар беріледі, AIBA тарапынан 200 мың доллар беріледі. Ол да жақсы қолдау, ынталандыру.

Біздің батырларымыз кәсіпқой бокста жеңіске жетіп жатыр. Бейресмилеп айтсақ, Қазақстанда «Бокс күні» болды. Осы жылдың күзінде Азия чемпионаты өтеді. Келесі жылы үлкен сынақ жылы екенін мойындауымыз керек. Парижде Олимпиада ойындары өтеді. Біз соған дайындық жұмысын қолға алдық. Министрлік саяса­тына сәйкес, отандық спортқа көңіл бө­лі­ніп жатыр. Күні кеше ғана қазақ спортшы­лары үлкен жеңіске қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Біз халық болып оларға қолдау көрсетейік, – деді Асхат Оралов. 

Ал Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов бірінші тәртіпті қолға алғанын жеткізді. 

«Сонан соң құраманың жылдық күн­тізбесін дұрыс әзірлеуге мән бердім. Өйткені оқу-жаттығу жиындары дұрыс өткізілуі тиіс. Одан бөлек, ғылыми  топты қайтадан жандандырдық»,  – деді бас бапкер. 

Мырзағали Айтжанов жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қажеттінің бәрін қамтамасыз етіп келген министрлік пен федерация басшылығына алғыс айтты. Жаттықтырушы кейбір салмақтарда бокс­шыны таңдау өте қиын болғанын жеткізді. 

«Әр салмақта мықты деген 2-3 бокс­шыны іріктеп, оларды жарыстарға жібердік. Одан бөлек оқу-жаттығу жиынында қара­дық. Арасында іріктеу-спарингтері болды»,  – деді ол. 

Бапкер 48 келі салмақта Қазақстан қор­жынына алғашқы алтынды салған Санжар Тәшкенбайдың қалай таңдалғанын айта кетті. Ол грузиялық Сахил Алахвердобиді айқын басымдықпен жеңді. 

– Осы салмақтағы Теміртас Жүсіпов 2021 жылы Сербияда өткен біріншілікте әлем чемпионы атанды. Жіберген жарыс­тар­дың бәрін ұтып келді. Алайда соған қарамастан, таңдауымыз жас боксшыға (Санжар Тәшкенбай – авт.) түсті. Бір жағынан тәуекел де бар. Оған сенім арттық. Өзін рингте ұстауы, мәнері әлем чемпионы Данияр Елеусіновке ұқсайды. Намысты, жеңілгенді жек көретін боксшылардың бірі», – деді Мырзағали Айтжанов ол тура­лы. 

Әлем біріншілігінде 71 келіге дейінгі салмақта екі мәрте құрлық чемпионы, өзбекстандық Саиджамшид Джафаровтан басым түскен Асланбек Шымбергенов жа­рыс өте жоғары деңгейде өтті деп бағалады. 

«Бар күшімізді салып, бірінші орын алдық. Қазақ елі қуанды деп ойлаймын, өзім де қатты қуанып тұрмын. Бұл әлем чемпионаты қатысушылар саны ең көп тіркелген сайыс болып саналады. Әр кездесудің өзіндік қиыншылығы бар. Мен үшін финалдық жекпе-жек күрделі болды», – деді әлем чемпионы.

Еске келе кетсек, бокстан әлем дода­сын­да Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Ойбек Джураевпен қолғап түйістірді. Боксшымыз қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, айқын басым­дық­­пен ұтты. Ал біріншілікте Дулат Бек­бауов күміс жүлдегер атанды. Жерлесіміз 67 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асад­худжа Муйдинхуджиевпен қолғап түйістірді. Боксшы Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта финалда қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатханмен ринг­те кездесіп, басым түсті.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ