Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, талдау жұмысы барысында Семей медицина университетінің Өскемен филиалының тұрмыстық заттарды жоғары бағамен сатып алмақ болғаны анықталды.
«Білім беру мекемесі 1,9 миллион теңгеге еден сүрткіш құралдың бір данасын және 1,2 миллион теңгеге 1 матрас сатып алмақ болған. Алайда еден сүрткіш құралдың нарықтағы орташа бағасы 25 мың теңге, бір матрастың бағасы 30-130 мың теңге. Антикордың ұсынымынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарына түзету енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнемделді. Бұл қаражат өзге тауарларды сатып алуға бағытталады», – делінген ақпаратта.
Жалпы, жыл басынан департаменттің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор мекемелеріне жасаған ұсынымы бойынша 205 млн теңге үнемделді. Ал 2022 жылы 425 млн теңгеге үнем жасалған.