Қазақтың жоғын жоқтаған жан

Қарағанды қаласындағы Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында айтыскер ақын, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтовтың 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Қазақтың жоғын жоқтадым...» атты кездесу кеші өтті.

Кеште жастар ақынның, сондай-ақ өз өлендерін оқып, ән шырқады. Мерейтой иесін Қарағанды облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, облыс әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев, Қара­ғанды қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияшев және «AMANAT» партиясының,  Е.Бө­ке­тов атындағы Қарағанды уни­вер­ситетінің өкілдері арнайы құттық­тап келді. 

 Нұрлан Бикенов «Сары тентек­тің»  ұлт руханиятына қосқан үлесі қомақты екенін тілге тиек етті. 

«Жұрт сізді ақын, айтыскер, қо­ғам қайраткері, қоғам белсендісі ре­тін­де жақсы біледі. Бұған дейін атқар­ған жұмыстарыңызды үлкендер жа­рыса айтып жатыр. Оның бәрі жас­тарға көрсетіп жатқан өнегеңіз деп біле­мін. Соңыңыздан ерген шәкірт­теріңізге, бауырларыңызға жол көрсетіп, ақыл-кеңес беріп келесіз», – деді басқарма басшысы. 

Осынау кешті Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өткізілуінің өзіндік себебі бар. Бұл жайында мерейтой иесінің өзі әңгімелеп берді. 

«Жас кезімнен қасымда ақыл­шым, рухани ұстазым болған Жайық Бектұров еді. Ол – қазақтың асыл­дарын, Алаштың ардақтыларының көзін көрген тұлға. Маған Ахметтің, Мағжанның, Әлиханның кім екенін, олардың бүкіл еңбегін таныстырған сол кісі еді. Ол уақытта Алаш арыс­тары жайлы еш жерде айтылмайтын. Сол кісінің аты берілген кітапханада аруағына тағзым етіп, бір жақсы шара өткізсем деп едім. Бүгін мерейлі сәт туыпты. Мақсатым өнерімді наси­хаттау емес, Қазақстанды нығайтып, елдің жақсыларын дәріптеу», – деді Қ.Мақсұтов.    

Ә.ЖҰМАНОВ,

Қарағанды облысы