Адам саудасы алаңдатады

Туғанынан тірідей айырған тағдырына көніп, құлдықтың қамытын киген жәбірленушілердің құқығын қорғау маңызды. Мәселен, пандемия кезінде адам саудасы бойынша тіркелген қылмыс саны 6 есе артқан.

Өйткені құл иеленушілерге қарсы құзырлы органдар тарапынан қолға алынған қарекеттің тірі тауарға тосқауыл болмайтыны толық дәлелденіп отыр. 

Айталық, қылмыстың бұл тү­рінде еліміздің заңы алдында кі­нәліні жауапқа тартқызып, жәбір­ленушінің құқығы қорғалады де­генге күдікпен қарайтындар жетер­лік. Бұл сөзімізге дәлел мынау. Бір жылы жартыжылдықтың өзінде ғана «11616» нөміріне 837 қоңырау соғыл­ған. Бірақ соғылған қоңырау мен тіркелген істің барлығы сотқа жет­пеген. Жақында бұл мә­селе Ішкі істер министрлігі ұйым­дастырған адам саудасына қатысты жиында тағы сөз болып, жаңа заң жобасына қатысты пікір қызу тал­қыға ұласты. 

Сарапшылардың сөзіне сенсек, елдегі «тірі тауарға» қарсы тұру мә­се­лесінде кедергі көп. Осыдан екі жыл бұрын адам саудасымен күрес ту­ралы жасалған баяндамада мұндай сипаттағы әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім болды. Қыл­мыстарды анықтау көрсеткі­шінің төмендігі құқық қорғау ор­гандары мен мемлекеттік орган­дардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығы айтылды. Тіпті, оның бір ұшы сыбайлас жем­қорлыққа келіп тірелуі мүмкін екені де сөз болған. Мәселен, сәбилерді сатуға байланысты қылмыстарда мемлекеттік мекеме өкілдерінің қа­тысы болып жататыны жасырын емес. Бұдан бөлек, зардап шеккен адам­дарды қорғау шараларының әл­сіздігі, қоғамның құқықтық са­уа­тының төмен болуы да адам сауда­сы­ның нарқын қыздырып тұр. Өкі­­­нішке қарай, осындай оқиға­лар­ға куә болған күннің өзінде құзырлы орындарға хабар беруге құлық та­нытатындар аз. Көбінде қылмысқа куә болғаны үшін қудаланып, куәгерден қылмыскерге айналып кетеміз бе деген күдік басым.

Себеппен емес, салдармен күресіп келеміз

Халықаралық еңбек ұйымы көр­сеткен мәліметке сенсек, әлемде жыл сайын 2,45 миллион адам тірі тауардың құрбанына айналады екен. Ал одан түсетін пайда 150 миллиард долларды құрайды. 

Тоғыз жолдың торабында тұрған біздің елде бұл мәселе өзекті. Ай­талық, елімізде адам саудасына қа­тысты жыл сайын 100-ден аса қыл­мыстық іс тіркелді. Жыл басынан бергі 4 айда 65 қылмыс белгілі бо­лып отыр. Тіркелген қылмыстардың ішін­де қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 1, адам саудасының 16 фактісі анық­талса, кәмелетке толмағандар – 12, жезөкшелікпен айналысуға тарту – 11, оның ішінде 3 кәмелетке толма­ған­дарға қатысты қылмыстық іс тір­келген. Бірақ Ішкі істер министрі Ма­рат Ахметжановтың айтуынша, бұл тек күрес салдарымен күресу ғана. 

ҮЕҰ мәліметіне қарасақ та зардап шеккендердің ішінде жы­ныстық және еңбек қанауы бо­йынша тірі тауардың саны бірнеше есе өскенін көрсетеді. Осылай деген ведомство басшысы: 

«Қазақстан – адам құқықтары саласындағы халықаралық 60 шарт­тың толыққанды қатысушысы. Олар­­дың 13-і тікелей құлдықтың қазіргі түрлеріне қарсы тұрумен байланысты. Сонымен қатар осы саладағы қатынастар көптеген заң­мен реттеледі, ол бойынша мем­лекеттік органдардың бұйрықтары да ­бекітілген. Алайда қазір құр­бан­дар туралы айтпағанда, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де толық құқықтық ақпаратқа ие бол­ған жоқ. Жауапкершілік бұлыңғыр. Қарапайым, уәкілетті органдар мен олардың құзыреті анықталмаған», – дейді. 

Сондықтан Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша ведом­ство адам саудасына қатысты заң жобасын әзірлепті. Заң жобасы 6 тараудан тұрады. Оның ішінде жаңа тұжырымдамалық аппаратты енгізу, уәкілетті мемлекеттік органдарды құру, халықаралық ынтымақтастық негіздері, ҮЕҰ рөлін анықтау және жәбірленушілердің құқықтары мен міндеттерін кіргізу көзделмек. Ма­ңыздысы сол, адам саудасының тә­уекелдерін бағалап, қылмыстың алдын алуға баса назар аударуға көңіл бөлінеді. Сондықтан құқық­бұзушылыққа ықпал ететін себеп­терді іздеу бойынша әдіснама әзір­леніп, зерттеулер жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ Марат Ахметжанов «адам саудасының құрбаны» ұғымы заңнамалық түрде анықталып, жә­бірленушілердің барлығы кешенді әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілу үшін құқықтық негіздер құ­рылатынын айтады. Одан бөлек, заңдардың ілеспе жобалары әзірленіпті. Бұл бойынша елдегі бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады. 

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бас­тығы Қанат Нұрмағамбетов биыл жезөкшелік пен жеңгетайлық қыз­метін көрсету мақсатында ұйым­дас­қан топ құруға қатысты 37 қылмыс­тық іс тіркелгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматтары БАӘ, Ка­тар, Индонезия, Бахрейн, Түр­кия, Оңтүстік Корея елдеріне тірі тауар болып кетсе, біздің елге Қыр­ғыз Республикасы мен Өзбек­стан­нан келіп, құлдыққа жегілгендер көп екенін айтып отыр. 

Кешенді көмек көрсетіледі

Үкіметтік емес ұйымдар жа­риялаған статистикалық деректе­рге қарасақ, өңірлер бойынша адам саудасына қатысты 2019 жылы – 120, 2020 жылы – 141, 2021 жылы – 200, 2022 жылы –193 қылмыс тір­келген. Соның ішінде Астана, Ал­ма­ты, Шымкент, Теміртау, Ақтө­бе қа­лалары көш бастап тұр. Осы қыл­мыстардың 634-і адам еңбегін қанау, 54-і сексуалдық пайдалану, еңбегін және сексуалдық қызметін пай­да­ланудың 4 дерегі белгілі болған. 

«Сана Сезім» әйелдер баста­маларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанованың айтуынша, біздің елде адам саудасынан зардап шеккендерге көмек көрсетудің қиындығы бар. Мәселен, дәлел­дер­дің болмауы, жәбірленушілердің жұмысқа ерікті келісімі, жұмыс берушілерге жеке басын куәлан­ды­ратын құжаттарды ерікті түрде беру, белгілі бір үй-жайда немесе аумақта жәбірленушілердің еркін жүріп-тұруы, барлық мүдделі тараптардың тарапынан жәбірленушілерге ке­шенді көмек көрсету алгоритмінің болмауы, құқық қорғау органдарына сенімсіздік, жәбірленушілер мен олардың отбасыларының қауіпсіз­дігі үшін қорқуы, құзырлы орын­дардың жәбірленушілермен жұмыс істеуге құлықсыздығы басым. Осы себепті де адам саудасының құрбан­дары өздерін зардап шеккен адам ретінде сезіне алмайды. Керісінше, өзін-өзі кінәлау басым. Жылдар бойы жиналған қорқыныш сезімі кейде жұмыс берушілерді қорғауға өздері мүдделі болумен аяқталып жатады. Сондай-ақ бірлестік бас­шысы жұмыс берушілерден кіші­гірім сыйлық алудың соңы қылмыс­тың орта жолдан тоқтап, не болмаса істерді қарау мерзімінің ұзаруына алып келетінін тілге тиек етті. Сон­дықтан ол «жәбірленуші» мәрте­бесін берген жағдайда мемлекет тарапынан өтемақы алу мүмкіндігі туралы ақпарат барынша ашық болу қажеттігін жеткізді. 

«Жәбірленушімен сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Адам саудасының құрбандары ай­наласындағы адамдарға деген се­німсіздіктен ұсынылған көмектен бас тартуы мүмкін. Себебі олардың арасында сенімді адамдарға алдан­ған адамдар бар. Екіншіден, психо­логиялық жарақатпен жұмыс істеу ұзақ уақытты алады. Басынан өткен жағдайдан соң қоғамға бейімделе алмайды, болашағына сенбейді. Сондықтан жәбірленушілермен жұмыс істеген кезде құпиялылық қағидаттарын сақтап, жалған ақпа­ратқа жол берілмеуі тиіс», – деп топшылайды Шахноза Хасанова. 

Адам саудасына қатысты соңғы заң жобасын қараған академиялық қоғамдастық өкілдерінің де өз ай­тарлары бар. Заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Бор­чашвили адам саудасымен айна­лысқан адамдарды жауапкершілікке тартқызу азаматтықтан айырудан басталу керек деген ұсынысын айтты. «Біз 2017 жылы азаматтықтан айыру сияқты қосымша жаза енгіз­дік. Оған сәйкес террористік қыл­мыстар үшін және ұлттық мүд­де­лерге ауыр қылмыстар жасағаны үшін азаматтықтан айыру көзделеді. Ал адам тағдырын ойыншыққа ай­налдырған адамдарды жазалауда осы бастаманы көтеруге шақы­рамын», – дейді ол. 

Қолданыстағы заңға сәйкес елімізде адам саудасымен айналыс­қандар кемі бес жылдан, қылмыстық құрамы бойынша ең ұзақ жаза мер­зімі 18 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айырылуы мүмкін. Бір қы­­зығы, жауапкершілік арқалап, те­мір торға тоғытылса да қылмысын қай­та жасайтындар да кездеседі екен. Сондықтан сарапшы маман­дар мен заңгерлердің ұсынысын қайта қа­растырып, айтылған мәсе­лелер «Адам саудасына қарсы іс-қи­мыл туралы» заңға енгізілуі керек-ақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Елдар ҚАБА (коллаж)