Жолдың сапасы жақсарады

Республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» тасжолының мүшкіл халге түскеніне көп жыл болды. Көптің сынына ұшыраған күрежолдың жөнделуін күткендердің талап-тілегі әсте бір толастаған емес. Алайда түрлі себептермен жұтаң тартқан жолдың жайы тасада қала берді.

Мемлекет басшысының ті­келей бақылауында тұрған тас­жолдың тағдыры биыл ғана ес­керілді. Соның ішінде Қызылорда облысы аумағынан өтетін бөлігіне жыл басынан жөндеу жұмыстары қолға алына бастады. Бұл жол азабын тартқан жұртшылықты зор қуанышқа бөледі. 

Негізінен Қызылорда облы­сында жергілікті маңызы бар 3418,5 шақырым жол бар. Оның ішінде 1014,5 шақырымы респуб­ликалық маңызға ие.

Қазір осы «Қызылорда – Жез­қазған» тасжолының 204 шақы­рымын жөндеу жұмыстары қар­қын алған. Алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес, тасжол 2025 жылы толықтай аяқталып, қол­данысқа берілуі тиіс. Яғни, 3 жыл­дың көлемінде күйі қашқан кү­режол жаңарған кейіпке еніп, игілігін ел көреді деп жоспар­ла­нуда. Дейтұрғанмен, жөндеу жұ­мыстары қатаң бақылауда ма? Халық осы мәселеге қатты алаң­даулы.

«Қазір Қызылорда облысы әкімінің тікелей қолдауымен күрежолды жөндеу жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Күрежолдың сапасы қатаң ба­қылауда тұр. Алдағы уақытта рес­публикалық маңызы зор бұл жол өңіріміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – дейді бұл жөнінде көшпелі брифингте облыс әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орын­басары Жәнібек Сыздықов.

Негізінен екі облыстың ара­сын жалғайтын бұл жолда қыс, көктем айларында жүру өте қа­уіпті саналады. Ең қиыны, екі аралықта бірде-бір елді мекен жоқ. Ұялы байланыс қызметі де жолға қойылмаған. Яғни, сапасы сын көтермейтін сайын жолда қалған жолаушының амандығына ешкім кепіл бола алмайды.

Жалпы, Қызылорда мен Жез­қазғанның арасы 430 шақырымды құрайды. Соның біраз бөлігі жөн­деуді қажет етіп тұрғаны жасырын емес. Демек, сол аралықтағы сел­кілдек жол талай тағдырға қауіп төндіреді деген сөз. 

«Соңғы жылдары бұл жолда жол қатынасы айтарлықтай қиын­дық туғызып тұр. Иен далада аялдап, тынығатын, тамақтанатын орындар тапшы. Көлігі бұзылып, далада қалған адамның көмек сұрауға да мүмкіндігі жоқ. Ұялы байланыс ұстамайды. Адам өмі­ріне өте қауіпті. Көпшілігінің балалары Астана қаласындағы оқуына осы жолмен қатынайды. Өйткені, пойыз билеті де аспандап кетті. Осындай қиындықтарды ескере келе, жолдың жөнделуін ұзақ күттік. Биыл аталмыш жолға жөндеу жұмыстары басталды деген ақжолтай хабарды естіп, қуанып қалдық. Осы орайда жол­дың сапасына қатаң бақылау жасап, жолаушыларға арналған қоғамдық тамақтану орындарын, қонақ үй қызметтерін жолға қойса нұр үстіне нұр болар еді», – деп талап-тілегін білдірді өңір тұрғы­ны Ләззат Мырзалиева.

Жалпы тұрғындардың басты талабы – күрежолдың құрылысын жүргізуде саннан гөрі сапаға мән берілсе деген уәжін жеткізіп отыр. Адам қауіпсіздігін қаперге алып, жоспарлы жұмыстарды межелі уақытында аяқтаса деген тілегін ортаға салды.

«Қазір республикалық ма­ңызы бар «Қызылорда – Жезқаз­ған» тасжолының 12-216 шақы­рым арасында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бүгінде асфальт төселіп жатыр. Қайта жөндеу жұмыстарын жергілікті «Қыран» ЖШС атқаруда. Нақты уақытта тасжолдың 140 шақыры­мына жөндеу жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Сондай-ақ су сква­жиндері, айналмалы жол жұмыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар жолдың бойынан асфальт зауыты салынып жатыр. Жөндеу жұмыс­тары барысында қолданылып жатқан құрылыс заттарының бар­лығы Жаңақорған ауданынан тасымалданады», – деді «ҚазАвто­жол» Қызылорда облыстық фи­лиалы директорының орын­ба­сары Ерсайын Мұзаффар.

«ҚазАвтожолдың» мәліметіне сәйкес, жоба бойынша облыс ау­ма­ғына жаңадан айналма жол са­лумен қатар 204 шақырым жол­ды қайта жаңғырту жұмыстары жос­парға енген. Бұған қоса, 2 да­на жол айрығы және үй жа­нуарларына арналған жол өткел­дер, су арна­ларынан өтетін 3 кө­пір, 2 көп­функционалды аралық бақылау өлшейтін аркалар салу межеде тұр. Сонымен қатар 5 за­манауи жылы дәретхана, 6 дема­лыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелдері, 117 жол қиылы­суы мен түйісулерін салу көзделіп отырғаны айтылуда. 

Негізінен Сыр өңірі мен Ұлы­тау арасын жалғайтын ауқымды жолдың жобасына сәйкес, халық­тың талабынан туындайтын қа­жеттіліктер рет-ретімен шеші­ле­тініне нық сенім білдіріп отыр. Тек басталған ауқымды жоба сиыр­­құйымшақтанбай, сапалы жүргізілсе игі. Халықтың көп­жыл­ғы арманы ақиқатқа ай­на­лады деп үміттенеміз. Оның нә­тижесін ал­­дағы уақыт еншісіне қалдырдық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы