«Мерейлі отбасы» Қарағандыда басталды

Жыл сайын 15 мамыр күні БҰҰ Бас Ассам­блеясы 1993 жылы бекіткен Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Айтулы датаға орай Қарағанды қаласындағы Достық үйінде кеш өтті.

Шараға жиналғандардың алдында облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов сөз сөйлеп, Отбасы күнінің мән-маңызына тоқталды. 

– «Отан отбасынан басталады» дейді қазақ. Отбасы күні отбасылық құндылықты дәріптейтін, ауызбіршілікке, достыққа шақыратын мереке. 30 жылдан бері әлем бойынша тойланып келе жатқан бұл күннің қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде  «Мерейлі отбасы» байқауы бастау алады, – деді ол. Бүгінде елімізде отбасы институтын нығайту, баланы қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық және институционалдық база құрылды. 

Балалы отбасыларды мемлекеттік-әлеуметтік қолдау шаралары да жеткілікті.  Әлеуметтік төлемдерді төлеу жүйесі бала туғанда берілетін және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мүгедек баланы тәрбие­леуге берілетін жәрдемақыларды, көп балалы аналар мен отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақыны қам­тиды. 

Барлық өңірде «бір терезе» қағидаты бойынша аз қамтылған және көп балалы  отбасыларға консуль­тациялық қызметтер көрсететін «Жанұя», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» отбасыларды қолдау ор­талығы жұмыс істейді.

2014 жылдан бастап жыл сайын адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен неке­нің оң бейнесін насихаттауға, отбасы мәртебесін арт­тыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы өткізіледі. Осы жылдар ішінде байқауға Қазақ­станның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.

Халықаралық отбасы күні қарсаңында өткізілетін іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға, қазақстан­дық отбасының оң имиджін насихаттауға, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арт­тыруға, мемлекеттік отбасылық саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы халықты кеңінен ақпараттандыруға, ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталуы тиіс.

Мерекелік кеште жас отбасылар сахна төрінен орын алды. Мәселен, қарағандылық Нұршуақ Алпыс пен Әсел Өмірзақ  2019 жылы университет қабыр­ғасында 3 курс оқып жүріп танысқан. Нұршуақ – сақшы болса, Әсел – Қарағанды қалалық  №5 емханада психолог болып жұмыс істейді.

Нұршуақтың отбасында ата-анасы, екі әпкесі бар, екеуіде тұрмыста. Үйдің кенжесі.  Әсел көпбалалы отбасынан, үйдің үлкен қызы. Отбасында ата-анасы, екі сіңлісі және бауыры бар.  

Ал елу жыл бұрын некелері қиылған мерейлі отбасының отағасы Нұрабай Ахметов құрылысшы болса, жұбайы Бикен Ахметова математика пәні мұғалімі болып еңбек еткен. Қазақстанның құрметті журналисі. 3 бала мен 5 немере сүйіп отыр.

Сонымен қатар 6 баланы асырап алып, бас-аяғы 8 баланың ата-анасы атанып отырған Еркебұлан Катаев пен Айзат Қалымжанованың  жұбы да көпке үлгі. 

Сахнаға 10 жылдығын атап өткен «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Айгүл Көпбаева да көтерілді. Қарағанды қаласындағы «Ана үйіне» 2016 жылдан бері 407 әйел мен 383 бала көмекке жүгінген.

Мерекелік шарада ортаға шыққан жас отбасына, Алтын той иелеріне, көпбалалы отбасына, «Ана үйіне» 100 мың теңгеден сертификат табысталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы