Tesla электромобильдерін жарнамалайтын болды. Бұрын электромобиль жасаушы компания ешқашан өз көліктерін дәстүрлі жарнама арқылы сатпайтын.
Tesla басшысының сөздерінің астары мен маркетингтік өзгерістерінің себептерін Financial Times басылымына сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.
Фото Adrstudiodesign сайтынан алынды
Жақында CNBC-ге берген сұхбатында Илон Маск «Қытай экономикасы мен қалған әлем экономикасы сиам егіздері сияқты. Сондықтан жағдай күрделі. Мұндай ахуал Tesla-ға қарағанда басқа компаниялар үшін нашар. Менің айтқым келгені, сіз, мысалы, iPhone-ды қайдан алатыныңызды білмеймін» деген.
Илон Маск жақында Tesla өзінің электр көліктері үшін жарнамалай бастайтынын айтты, бұл 20 жыл бұрын құрылған компания үшін алғашқы маркетингтік өзгеріс. «Біз жарнаманы қолданып көреміз және бұдан не шығатынын байқап көреміз», – деген Маск жұртшылықтың қошеметіне ие болды. Tesla инвесторларының күнінде акционерлердің сұрағына жауап берген миллиардер «аз ғана жарнама жасап көрмекші» екенін мәлімдеді.
Бұл қадам дәстүрлі маркетингтен бас тартқан, 20 жыл бұрын құрылған электромобиль жасаушы үшін стратегиялық шешім болмақшы.
Фото naked-science.ru сайтынан алынды
Автокөлік өнеркәсібі жарнамаға көп қаражат жұмсайды, бірақ Tesla негізінен дәстүрлі жарнамадан бас тартып, оның орнына сатып алушылардың мақтаған пікірлеріне сүйеніп келді.
Tesla-ның акционерлері тұтынушылардың автомобиль өндірушінің ерекшеліктерін білмейтіндеріне көңілдері толмайтын, өйткені бәсекелестік жоқ кезде электромобильдердің сатылымы өте жоғары болып келді, жарнама қажет болмады. Қазір нарықтағы жағдай өзгерген, Қытай мен басқа өндірушілердің өнімдері көбейді.
CNBC тілшісі Дэвид Фаберге берген сұхбатында Маск Tesla ақпаратты, эстетикалық және әдемі жарнамаларды жариялауға мүдделі екенін айтты. Толығырақ мәлімет сұраған тілшіге ол: «Мен бұған жаңа ғана келістім. Менде толық қалыптасқан стратегия жоқ», – деп жауап берген.
Маск өзі қатысқан екі іс-шарада бір сағаттан астам сұрақтарға жауап беріп, Tesla электромобильдерінің өзін-өзі жүргізушісіз басқару технологиясын мақтап, қашықтан жұмыс істеу «моральдық тұрғыдан дұрыс емес» деп мәлімдеген.
Сонымен бірге геосаяси мәселелердің трансұлттық компанияларға әсеріне баға беріп, Қытайдың Тайваньды өзінің ажырамас бөлігі деп санайтыны да қисынды екенін жанамалап мәлімдеген.
Фото depositphotos.com сайтынан алынды
Tesla-ның «толық өзін-өзі басқару» технологиясы көлік иелеріне өз көліктерін робот-такси паркіне жалға беріп, табыс табуға мүмкіндік береді деп жылдар бойы уәде еткен Маск бұл жолы да технологияның биылғы жылы қолжетімді болатынын айтқан.
Ол Tesla-да жақында өзінің ChatGPT болатынын жариялады: «Бір уақытта 3 миллион көлік өздігінен жүреді. Сосын 5 миллион машина, одан кейін 10 миллион машина».
Маск былтыр сатып алған Twitter әлеуметтік желісіндегі жаңалықтармен де бөлісіп, жарнамада қиындықтар туындап жатқанын мойындаған. Сұхбатында ол жақында Twitter 40 миллион доллар жоғалтқанын айтты, себебі «екі үлкен жарнама беруші» жарнамаларында аудиторияны жаңылыстыратын белгілер анықталған соң әлеуметтік желіде өз жарнамаларын таратудан бас тартқан.
Бірақ Маск Twitter жарнаманың объективтілігін тексеруді жалғастыратынын жеткізді. «Мен қалағанымды айтамын, егер оның салдарынан ақша жоғалтсақ, онда солай-ақ болсын».
Фото autonews.ru сайтынан алынды
Кәсіпкер қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге қарсы екенін айтып келеді, тіпті қызметке кіріскеннен кейін Twitter-де қашықтан жұмыс істеуге тыйым салды. Маск қашықтан жұмыс істеу форматын француздық патшайым Мария Антуанеттаның «халықта нан жоқ болса, торт жесін» деген жалған дәйексөзіне ұқсайтынын айтқан. Оның ойынша, «ақ жағалылар» үйде отырып, басқалардың өздеріне ас жеткізіп, олардың жұмысын орындауын күтеді» екен.
Қытай мен АҚШ-тың Тайваньға қатысты геосаяси шиеленістері туралы сұраққа Маск бұл «жағдайдың болмай қоймайтын белгілі бір» салдары болатынын айтқан, өйткені «Қытайдың ресми саясаты Тайванды өзіне біріктіру».
Маск Қытайдың Тайваньды басып алуы Tesla-ға «немесе әлемдегі кез келген басқа компанияға» пайда әкелмейді деп санайды. Бірақ ол сонымен бірге Қытайдағы бизнесті бөлу дұрыс саяси шешім еместігін мәлімдеген. Компанияның Шанхайда аптасына 22 000 көлік шығаратын зауыты бар, бұл Техастағы Tesla зауытының қуатынан төрт есеге көп.
Америкалық кәсіпкердің бұл сөздері жаңа технологиялық әлемде геосаяси жағдай, мемлекеттік және жеке компаниялардың мүдделерін сақтау, тұрақты алаңдар табудың қиындағанын көрсетеді. Қазақстан Президентінің туған күніне орайластырылған Қытайға мемлекеттік сапары да еліміздің саяси және экономикалық дивидендтерін нақтылау, қауіпсіздігін кепілдендіру мақсатын ұстанғаны анық.