Ардақты ана, сары бала қамы үшін...

Президент тапсырмасымен «Әрбір әйел – әрбір бала» атты бұрын-соңды болмаған бағдарлама әзірленді. Ол Қазақстан халқының санын қарқынды өсіруге, ана мен бала өлімін азайтуға, жастар денсаулығын жақсартуға бағытталған. Әйтпесе, бұл салада қауіпті жағдай қалыптасты. Жаңа босанған аналар арасындағы өлім-жітім күрт өскен.

Жыл сайын шамамен 3 мыңдай кәмелетке толмаған қыз жүкті болып қалады, үлкен бөлігі аборт жасатады немесе түсік тастайды. Соңғы 20 жылда алғаш рет бала туу көрсеткіші айтарлықтай құлдырап отыр. Демографияға арналған жеке, жаңа тұрпатты бағдарлама жағдайды өзгерте ме?

Қазақстанда мақтаныш нысаны бол­ған «беби-бум» немесе демог­ра­фия­лық дүм­пу аяқталды. Соңғы 20 жыл ішінде ал­ғаш рет өмір есігін ашқан перзенттер са­ны бірден 9,5%-ға азайды. Ұлттық ста­­тистика бюросының дерегінше, 2022 жы­лы 403,9 мың бала дүниеге келді (2021 жылы 446,4 мың сәби туған болатын). Оның 51,5% – ұл, 48,5% – қыз. 241,4 мың бала немесе жалпы санының 59,8%-ы қалалық, 162,4 мыңы немесе 40,2% – ауыл­дық. 

Туудың жалпы коэффициенті де қат­ты құлдырады: 2021 жылы ол көрсеткіш 1 000 адамға шаққанда 23,50 нәрестені құ­раса, 2022 жылы 20,57 нәресте ғана бол­ды. Былтыр ең жоғары туу көрсеткіші Маң­ғыстау (1 000 тұрғынға шаққанда 28,53 бөбек), Түркістан (27,67) облыс­та­рын­да және Шымкентте (27,13) тіркелді. Ең төмен туу көрсеткіші – СҚО (10,96), Қостанай (12,42) және Шығыс Қазақстан об­лыстарында (12,96).

Қазақстандық әйелдер бала көтеруді кейінге ысыра бастады: 2022 жылы әйел­дер­дің бала туу кезіндегі орташа жасы 31,5 жасқа дейін ұлғайды. Салыстырсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш – 29,5 жасты, 2020 жылы 29,3 жасты құраған. Осы құ­бы­лыс пен үрдіс қалалық аналарға да (2021 жылғы 29,9 жастан былтыр 31,9 жасқа артты), ауылдық аналарға да (2021 жылғы 29,1 жастан 2022 жылы 31 жас­қа ұлғайды) тән. Қазақстанның ба­сым өңірінде бала туу кезіндегі әйел­дер­дің орта жасы республикалық деңгейден жо­ғары болды. 

Бала туу кезіндегі әйелдердің ең жо­ғары орташа жасы Астанада – 32,5 жас және Алматыда – 32,3 жас. Ең төменгісі Түр­кістан облысында – 30,2 жас. Бұл рет­те алғаш босанғандардың орташа жа­сы 26,8 жасқа жеткен.

Өзге көрсеткіштер де төмендеді. Елде 15-49 жас аралығындағы бір әйелге рес­пуб­лика бойынша 2021 жылы 3,32 ба­ла­дан келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,05 баладан болды. Көпбалалы аналар қа­тары күрт кеміді. Қалалық жерде бұл көр­сеткіш 2021 жылғы 3,08 баладан 2022 жы­лы 2,76 балаға, ал ауылдық жерде 2021 жыл­ғы 3,75 баладан 2022 жылы 3,59 ба­лаға дейін азайды. Демографтар ескертіп жүргендей, егер көрсеткіш екіге түссе, яғни әр отбасында негізінен тек 2 бала­дан болса, мемлекет демографиялық құр­­­­дымға құлады деген сөз. 

Егіздер саны 2021 жылғы 4 216 сә­би­ден былтыр 4 063 сәбиге дейін азайды. 2021 жылы – 43, 2022 жылы 50 үшем дүние­ге келді.

Ұлт саулығы бала денсаулығынан басталады

Қынжылтатыны сол, құлдырау трен­ді биыл да жалғасты. 2023 жылдың бірін­ші тоқсанында Қазақстанда 93,5 мың ба­ла ғана өмірге келді. Салыстырар бол­сақ, 2021 жылғы үш айда – 100,4 мың, 2022 жылы 95,6 мың бала туған. Биылғысының 48,4 мыңы – ұлдар, 45,1 мыңы – қыздар. Туу коэффициенті  –  1 000 адамға шаққанда небәрі 19,06.

3 айда 1 жасқа дейінгі 728 нәресте қай­тыс болды. Әрбір мың туу дерегіне шақ­қанда нәресте өлімінің коэф­фи­циен­ті 7,78 деректі құрады.

Медицина ғылымдарының кан­ди­даты, ғалым Бақыт Тоққұлиеваның ай­туын­ша, ана мен баланың денсаулығын қор­ғау мемлекеттің №1 міндеті болуы тиіс. Өйткені халық санының өсуі, азаматтардың өмір жасының ұзақ болуы, мем­лекеттің жұмыс күшінен тарықпауы және өзгесі осыған байланысты.

«БҰҰ-ның сәбилердің өлім-жітімі дең­гейі бойынша әлем елдерінің рей­тин­гінде (Child Mortality Report 2022) Қа­зақстан былтыр 96-орынға дейін құл­дырады. 2010-жылдары 54-орында болған. Әлеуметтік, экономикалық жағ­дайы ұқсас өзге елдерге қарағанда бө­бектердің өлім-жітімі деңгейі Қазақ­станда әлдеқайда жоғары болып тұр. Балалардың өлім-жітімінің құрылымы көрсеткендей, жас ұрпақтың денсаулы­ғы­на бірінші кезекте қоршаған ортаның зиянды факторлары теріс ықпал етеді. Мемлекет сол залалдан арылуға баса мән бергені жөн. Жаңа туған нәрестелер ара­сындағы аурушаңдық көрсеткіші жоғары бо­лып тұр. Мерзімінде туған, дене­сі­нің салмағы қалыпты балалардың жиі көз жұма бастағаны педиатр дәрігер­лер­дің және акушер-гинекологтардың ерек­ше алаңдаушылығын туғызады», – деді ға­лым.

Бақыт Болатқызының айтуынша, же­ке адамның және бүкіл ұлт пен по­пуля­цияның денсаулығы бала шақта қа­лыптасып, дамиды. Ендеше әр елдегі ба­лалардың денсаулығына қарап, бүкіл ұлт­тың болашағын болжауға, перспек­тива­дағы өрлеу сценарийлерін құруға болады. 

Әзірге бұл сценарий көңілге кірбің тү­сіретіндей көңілсіз болып тұр. Тіпті, тік­сінтетін жайттар жетерлік. Ғалымның байламын Денсаулық сақтау министрлігі растады. 

«Қазақстанда соңғы 10 жылда аналар өлімі 2,4 есеге төмендеді. 2009 жылы тірі босанған 100 мың адамға шаққанда 36,8-ден 2019 жылы 13,7 дерекке дейін кеміді. Бұған тиімді перинаталдық техно­ло­гия­ларды, жаңа клиникалық хаттамаларды ендіру, сондай-ақ перинаталдық көмекті халыққа жақындату және шұғыл ме­ди­циналық көмек көрсетуді жетілдіру ар­қылы қол жеткізілді. Алайда 2020 жыл­дан бастап ана өлімі көрсеткішінің өсуі байқалды. Бұған пандемия салдары әсер етті. 2021 жылдың қорытындысында Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіші бірден 22%-ға ұлғайды және тірі бо­сан­ған 100 мың әйелге шаққанда 2020 жыл­ғы 36,5-тен енді 44,7-ге дейін өсіп шыға кел­ді. Белгіленіп отырған стратегиялық мақ­сат – 2030 жылға қарай ана өлімін аман босанған әрбір 100 мың анаға шақ­қанда 13-ке дейін және нәресте өлімін 1 000 тірі туғанға шаққанда 4,3-ке дейін төмендету», – деп хабарлады ден­сау­лық сақтау ведомствосы.

Ана өлімінің «түп төркіні» неде?

Бұл зұлматқа тосқауыл қою үшін оның себептерін анықтаған жөн. Ми­нистр­ліктің мәліметінше, пандемия ке­зінде ана өлімі себептерінің 70%-ын пневмония және коронавирус ин­фек­циясы құрапты. 2023 жылғы 5 ма­мыр­да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының басшысы Тедрос Гебреисус 1 150 күнге созылған жаһандық COVID-19 пандемиясы аяқталғанын жариялады. Әрине, бұл коронавирустың толық жойыл­ғанын білдірмейді, тек дүние­жүзі­лік пандемия мәртебесі алып тасталды, ал вирус өзге аурулар қатарында адамзат ара­сында айналымда қалады.

Денсауминінің түсіндіруінше, аналар өлі­мінің тікелей себептерінің құры­лы­мын­да «акушерлік қан кетулер» басым: оның үлесі – 37%. Бұған жатыр атониясы, ба­ла жолдасының патологиясы, босану ке­зіндегі жарақат себепкер. Сондай-ақ бо­сануға дейін бақылау мен күтімнің са­пасыз болуына байланысты ауыр преэк­лампсия, эклампсия асқыну­лары­нан болатын өлім төмендемей тұр.

Мұның сыртында әйелдің жасы да аку­шерлік тәуекел дәрежесіне айтарлық­тай әсер ететіні белгілі. Соңғы жылдары 40 жастан асқан әйелдердің жүкті болу үр­дісі артты. Бұл жастағы қолайсыз со­ма­тикалық фон, асқынған акушерлік анам­нез жүктіліктің күрделену қаупін кү­шейтеді.

15-19 жаста ерте жүкті болу анемия­ның, мерзімінен бұрын босанудың және преэклампсияның жоғары қаупін туын­датады. Әлеуметтік, медициналық зерт­теу­лер қазір қазақстандық жасөспірім қыз­дардың жыныстық өмірді ерте бас­тайтынын, бұл олардың репродуктивті денсаулығының жай-күйінде көрініс беретінін көрсетті. Атап айтқанда, жы­ныс­тық жетілуі бұзылады, ерте жүкті­лік­ке немесе түсік тастауға апарады. 

Жыныстық жолмен берілетін дерт­тер­ге душар болады. Үш жылда жасөс­пі­­­рімдер арасында мерез-сифилис жұқ­тырудың жаңа деректері – 2,5 есеге, соз-гонорея – 1,6 есеге, трихомониаз – 1,5 есеге, хламидиоз 1,4 есеге кеміді. Бір­­­ақ атын естісе адамзат шошитын АИТВ инфекциясының 15-19 жас­та­ғы­лар арасындағы жаңа жағдайлары 39-дан 53 дерекке, 30-39 жас аралығында 1 141-ден 1 304 дерекке өсті.

Жастардың репродуктивті және жы­ныстық денсаулығына жүргізілген зерт­теу көрсеткендей, 2010-2020 жылдар ара­лығында 15 пен 19 жас аралығындағы оқу­шы қыздар арасында туу көрсеткіші 1 000 әйелге шаққанда 28,3-тен 22,9-ға дейін төмендеген. «Әрбір әйел – әрбір ба­ла» бағдарламасы аясында жасөс­пірім­дер арасындағы жүктілікті 2030 жыл­ға қарай 15-17 жас аралығындағы 1 000 қызға шаққанда 1,9 дерекке дейін барынша төмендету жоспарланған.

Соңғы 5 жылда жасөспірімдер ара­сын­дағы бала туу 14%-ға азайды: бес жыл бұрын 3 778 қыз мектеп жасында пер­зент сүйсе, бертінде бұл біржылдық сан 2 699 қызға кеміді. Сонымен қатар осы жастағы қыздар арасында түсіктер көр­сеткіші 2 есеге: әрбір мың қызға шақ­қанда 5,8-ден 2,7 дерекке төмендеді.

Зерттеу қорытындысында Қазақ­стан­да жасөспірімдер 16,5 жаста жыныс­тық қатынасты бастайтыны анықталды. Бұл ретте 15-19 жас аралығындағы бой­жет­кендердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүк­ті болған. Соның ішінде 62%-ы бо­сан­ған, 22%-ы жасанды түсік жасатқан. Тағы 16%-ында жүктілік түсік тастаумен аяқ­талған.

Бұдан бөлек, тұтастай алғанда, Қа­зақ­станда жүктілік пен босанудың жа­ман аяқталуына ықпал ететін келесі фак­торлар әшкереленді. Біріншісі – ұйым­дастырушылық және әдістемелік фактор: жүкті әйелдерді медициналық қам­тудың, бақылау және маршрути­за­ция­ның нашарлығы, білікті кадрлардың тап­шылығы және басқасы. Мысалы, Қ­азақстандағы 10 млн 151 мыңнан астам әйел­ге бүкіл ел бойынша 240 денсаулық қор­ғау және босандыру ұйымы ғана қыз­мет етеді. Оның ішінде бірінші деңгейде 143 аудандық аурухана бар. Екінші дең­гейде 58 перзентхана мен олардың бө­лім­­шелері, ал үшінші деңгейде 37 пери­на­талдық орталық пен көпбейінді ауру­ха­налардың акушерлік бөлімшелері жұ­м­ыс істейді. 

Әйелдер өз болмысына қатысты ж­о­ғары білікті медициналық көмекті тек 2 мемлекеттік республикалық мекемеде ала алады, олар – Алматыдағы Аку­шер­лік, гинекология және перинатология ғы­лыми орталығы және Астанадағы University Medical Center (UMС) кор­пора­тивтік қорының құрамындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы. Мұның бәрі аналарды қорғау үшін аздық етеді.

Екінші фактор – әлеуметтік-де­мог­ра­фиялық: ірі қалаларда көші-қонның ар­туы, әйелдердің әлеуметтік жағдайы­ның, тұрмысының төмендігі, отбасыда зор­лық-зомбылық көруі және өзгесі. Үшін­ші фактор – халықтың үлкен бір бө­лігінің жауапсыздығы: емханадағы тір­кеуге уақытылы тіркелмеуі, ұдайы қарал­­мауы немесе тым кеш тексерілуі, дә­рігердің кеңестерін орындамауы. Мұ­ның бәрі ақыр соңында аяғы ауыр ана­ның ауруханаға ауыр жағдайда жет­кізілуі­не әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жаңа бағдарламаның жаңалығы қандай?

Президенттің тапсырмасымен Ден­сау­лық сақтау министрлігі 2023-2030 жыл­дарға арналған «Әрбір әйел – әрбір ба­ла» тұжырымдамасын әзірледі. Бағ­дар­лама тек бір тақырыпқа – ана мен ба­ла денсаулығын қорғау қызметін да­мы­туға, осы саланы реформалауға бағ­дар­ланады. 

Елімізде ана мен бала денсаулығын жақ­сарту үшін түрлі бағытта шаралар қа­былданып жатыр. Барлық жастағы әйел­ді бақылау сапасын арттыру мақ­сатында министрлік Акушерлік-ги­не­кологиялық көмек көрсету стандартын жетілдірді. Бала көтере алатын фертильді жастағы әйелдерді зерттеп-қарау және дин­амикалық байқау алгоритмі мен тәр­тібі бекітілді. Акушерия және гине­ко­ло­гия бойынша диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамалары қабылданды. Негізгі бағыттар бойынша 3 Жол картасы жүзеге асырылуда.

Балалар гинекологиясы қызметін үй­лес­тіру үшін министрліктің Бас бала­лар гинекологі тағайындалды. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында «Қыз­дар мен жасөспірімдерге гинекологиялық көмек көрсету жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы» құрылды. «Балалар ги­некологиясын жетілдірудің 2022-2026 жыл­дарға арналған Жол картасы» әзір­лен­ді, елімізде балалар гинеколог­тары­ның кәсіби даярлығын арттыру шара­лары қабылдануда. 

«Әрбір әйел – әрбір бала» бағдар­ла­масы жобасының аясында 2023 жылдан бас­тап балалар гинекологиясына қатыс­ты жалпы практика дәрігерлерін, аку­шер-гинекологтарды даярлау және үз­дік­сіз оқыту қарастырылған. «Келешек» Жол картасын әзірлеу жоспарланған. 

Бұған қоса, «Сенім» арнайы бағдар­ла­­­­масын әзірлеп, іске асыру көзделген. Ол қыздар мен ұлдардың жыныс мү­ше­ле­рі­нің дамуындағы туа біткен ауыт­қу­ларды ерте диагностикалауға, уақытылы хирур­гиялық түзетуге, репродуктивті функциясын қалпына келтіруге бағыт­та­лады. Мамандар соның аясында ұл ба­лаларды сүндетке отырғызуды мем­ле­кет өз мойнына алуы қажет деп ұсыныс айт­ты. Онсыз көптеген отбасы бюдже­ті­нің аздығына қарай, ер кіндікті пер­зент­терін сүндеттеуді арзан ақы сұраған ма­мандарға тапсырады. Дұрыс жүр­гізілмеген бұл процедура қауіпті сал­дарларға соқтыруы ықтимал.

1 жасқа дейінгі бөбектерді проактивті ба­қылаумен және скринингтермен қам­ту 94%-ға дейін ұлғайтылмақ.

Жас ұрпақтың сексуалдық сауат­ты­лы­ғын арттыруға қадам жасалады. Бұ­рын оны мемлекет «Валеология» пәні ая­сында жүзеге асыруға талпыныс жа­са­ды, бірақ оны ұят санаған ата-аналардың қуат­ты қарсылығына ұшырады. Енді жаңа бағдарлама жобасында 2024 жыл­дан бастап қыз бен ұлдың дене фи­зио­ло­гиялық өзгерістері, гигиенасы, жы­ныс­­тық қарым-қатынас мәдениеті, конт­рацепция, инфекциялардың алдын алу, саламатты өмір салты туралы оқу­шы­лар мен студенттерге арналған жеке бі­лім беру бағдарламаларын енгізу ұсы­нылды.

Серіктестік босану саны ұлғайты­ла­ды, босану кезінде жүкті әйелдерге қол­дау көрсету үшін «Бірге босану» жобасы жү­зеге асырылады. Сондай-ақ биылдан ере­сектерге арналған «Жоспарлы жүк­тіл­ік» арнайы бағдарламасын, «Болашақ ата-аналарға арналған check-up» бағ­дар­ламасын қабылдау, «Отбасылық ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты» жаңа жобасын енгізу, бала туа алатын жас­тағы әйелдерді профилактикалық тек­серулермен қамтуды ұлғайту және бас­қа да шаралар жоспарланып отыр. 

Әділетті қоғам құру үшін саламатты, де­ні сау ұлт қажет. Әлемде талантты тұл­ға­лардың басым көпшілігі көпбалалы от­басында туғаны анықталды. Ендеше мем­лекеттің ана мен бала денсаулығын қор­ғап, қазақ халқының санын қарқын­ды өсіруге бағытталған жеке тұжырым­да­ма-бағдарламаны қолға алғаны көп үміт күттіреді.

Елдос СЕНБАЙ