Тілсіз жауды аяған жаралы

Жаз жақындаған сайын елді өрттен қорғау күн тәр­тібіндегі ең өткір әрі өзекті мәселеге айнала бастады. Қазақстанға «тілсіз жау­дың» солтүстік көршіден келу қаупі жоғары. Ре­сейдің жиырмадан астам өңірін ландшафтық алапат өрт жайлады.

Салдарынан Қостанай, Солтүстік Қа­зақстан облысындағы елді мекендер іргедегі елден желге ере жеткен көк тү­тінге тұншығып жатыр. Қа­зақстанның өзінде жалын тілі даланы шала бастады. ТЖМ тіпті қалалардың да өрттен қорғалмағанын ес­кертіп, дабыл қағып отыр. Олқылықты түзету үшін та­лапты күшейту жұмыс­тары қолға алынды.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшім­баевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мү­лікке және табиғатқа қауіп төнді­ретін 4 мыңдай табиғи тұтану оқи­ғалары тіркеледі. 

– Әсіресе, өткен жыл ауыр бол­ды, өрт қаупінің күрт артуына қауіпсіздік талаптарын бұзу ықпал етті. Еліміздің тек орман қорында былтыр 801 өрт болып, 104 мың гек­тар орманнан айырылып қал­дық. Экологияға зиянды қоспа­ған­ның өзінде тікелей материалдық залал 20 миллиард теңгеден асты. Мысалы, былтырғы қыркүйекте Қос­танай облысындағы Басаман және Семиозерный орман ша­руа­шылығының аумағында болған ірі өрт салдарынан бір адам қаза тапты, 91 үй жанып кетті. Тек сол өрттен келген шығын 18 млрд теңгеден ас­ты, өрт шалған аумақ 39 мың гек­тар­дан асты немесе орман шаруа­шы­лығы аумағының үштен бірін құ­рады, – деді бірінші вице-министр.

Қорқыныштысы сол, биыл да бұл тұрғыда күрделі болатын түрі бар. Адам шығыны тіркеліп жатыр. 8 мамырда Іле-Алатау та­би­ғи паркінің тау бөктеріндегі, Ме­деу­дегі өртті сөндіру кезінде №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөн­ді­­руші-құтқарушысы Арслан Құр­ман­беков қаза тапты. Ел Прези­денті 15 мамырдағы Жарлығымен марқұм Арслан Құрманбековты ІІІ дәре­же­лі «Айбын» орденімен наградтады.

Жауапты органдар «тілсіз жау­дан» қорғану үшін салада реформа жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы берген 11 тапсырмасының 5-еуі жү­зеге асты. Атап айтқанда, бұл қа­тарда – төтенше жағдайларға да­йындықты бағалауға қатысты мін­деттер, нысандарды өртке қарсы қорғауды күшейту, зардап шеккен аудандардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру, залалды өтеу бар. Өрт сөндірушілердің жалақысы көбейген. Жүргізілген жұмыс нә­тижесінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағ­дайларға дайын­дығының ор­таша көрсеткіші 71 пайызға жетті.

Келешекте қалған 6 тапсыр­маны іске асыру үшін Азаматтық қорғау саласындағы бірінші ке­зектегі іс-шаралардың кешенді жос­парының 2023-2027 жылдарға ар­нал­ған жобасы әзірленді. Тап­сыр­ма­лардың бірі – кадрларды кә­сіби даярлауды жетілдіру: ол үшін Аза­маттық қорғау академиясының жаңа кешенін салу жоспарланған. Осы мақсатта Көкшетау қаласының әкім­дігі 8,7 гектар жер учаскесін бөлді.

Қорғаныста олқы тұстар жетерлік

Қазгидромет ауа қызуы +25ºС көтерілгенде өрт қаупі туындай­тынын, ал Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстанда алда температураның +30ºС дейін жоғарлайтынын ес­кертті. Бұл ормандардың отқа ора­ну қаупін едәуір арттырады.

«Жыл басынан бері 122 орман өрті тіркелді. Ол өрттің жалпы ау­даны 19 мың гектардан асып жы­ғылды. Дала алқаптарында да осын­дай жағдай қалыптасып жа­тыр. Мәселен, өткен жылы 111 дала өрті тіркеліп, өрт жүріп өткен алаң 55 мың гектарды құрады. Екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, шамамен 500 бас мал өртенді. Биыл екі дала өрті тіркелді: олардың ау­даны – 780 гектар. Сондай-ақ 605 тұ­тану болған, олардың жалпы ау­даны – 2 503 гектар. Өңірлердегі тем­пературалық фонның ұлғаюы және екпінді, өкпек желдің ұйыт­қуы салдарынан өрттердің тез өр­шуі тұрғын үй секторындағы жағ­дайды да нашарлататынын айта ке­ту керек», – деді Ибрагим Күлшімбаев.

Көктем маусымының аяқтал­мағанына қарамастан, құрғақ шөп­тің тұтануынан болған өрттің тұр­ғын және саяжай үйлеріне ауы­суының 14 жағдайы тіркеліп үл­герді. Мысалы, таяуда Петропавл қаласында алдымен қамыс жанып, соңынан іргедегі ауыл отқа оранды. 

ТЖМ вице-министрінің сен­діруінше, бүгінде өңірлер профи­лак­тикалық іс-шараларды іске асы­руға кірісті. Өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралап жүр. Құрғақ шөптің орта­сында отырған фермерлерге өрттен қалай қорғануды түсіндіріп, нұс­қама-инструктаж өткізуде. Бұған қоса, ұлттық парктер мен табиғи қорықтарға тексеру жүргізіп, өрт сөндіру құралдарын түгендеу, алдын алу шараларын түсіндіру қолға алынған. 

Алайда бұл сала жылдар бойы қалдық қағидатымен жете қар­жы­ландырылмай, шаруашылығы шат­қаяқтады. Мәселен, талап бойынша дала мен орман алқаптары арасында минералданған жолақтар болуы шарт. Олардың жоқтығы кесірінен қазірдің өзінде далада басталған өрттің өршелене ұмтылған бойы ормандарға көшуінің 127 оқиғасы тіркелді. Үкімет кезінде бұл жолақ­тарды жасау жүгін жергілікті әкім­діктерге аудара салды, ал олардың бұған қажетті ресурсы да, қаражаты да жоқ. 

Ғарышта ел қаржысынан көп шығын шығарылған отандық төрт жерсерігі ұшып жүр. Дұрысы, құ­зырлы органдар солар арқылы көк сеңгірінен жерге көз салып, жаңа басталған өрт ошақтарын тез анық­тап, ушықтыруға жеткізбей, «өңе­шіне су құйып» отыруға тиістей. Ғарыштық мониторингті қамта­масыз ету үшін барлық өңір «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» компа­ниясымен енді ғана шарттар жаса­ды. Ал «тілсіз жау» көршіден ша­буыл жасамауы, өзара іс-қимыл мәселе­лерін пысықтау үшін Ресей және Қырғыз Республикасының төтенше жағдайлар министрлік­терінің бө­лімшелерімен шекара маңы аумақ­тарында 10 өрт-так­тикалық оқу-жаттығу өткізу жос­парланыпты.

ТЖМ бірінші вице-министрі жағдайдың күрделі екенін жа­сыр­мады.

«Қабылданып жатқан шара­ларға қарамастан, өңірлердің орман шаруашылығы мекемелері алдағы өртпен күрес кезеңіне толық дайын деп айта алмаймыз. Автоцис­тер­налар, өрт стансалары, мұнаралар, сорғылар тапшы. Орман мекеме­леріндегі техниканың 55%-ы тоз­ғандықтан, олар табиғи өрттермен күреске жарамайды. Сорақысы сол, кейбір өңірлерде табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жаб­дықталуы тіпті 50%-дан аспайды», – деді И.Күлшімбаев.

Әкімдер амалсыз, біраздан бері ауыл­дарда өртпен шайқасатын ерік­тілер топтарын жасақтауға күш салуда. Бүгінде 4 мыңнан астам еріктілердің өртке қарсы құрылы­мын құрды. Өткен жылы осы ерік­тілер дала өрттерінің 27%-ын өз бетінше ауыздықтады. Сондай-ақ әкімдіктер 591 өрт сөндіру бекетін құрды, олар екі миллионнан астам адам тұратын 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды.

– Болашақта бұл жұмысты жалғастыру қажет. ТЖМ оларды техникалық нығайту үшін жергі­лікті әкімдіктердің қарамағына 275 өрт сөндіру автоцистернасын та­быстады. Қазір өрт сөндіру бекет­терінде 768 түрлі техника бар. Қиын жағдайды ескеріп, барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы орган елдің орман және дала ал­қаптарындағы қауіп-қатерді еңсе­руге дайын болуы қажет», – деді ТЖМ бірінші вице-министрі Ибра­гим Күлшімбаев.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Зүлфия Сүлейме­но­ваның айтуынша, еліміздің мемле­кеттік орман қорының жалпы ауданы 30,9 млн гектар ғана. Оның небәрі 25,2 пайызы министрліктің Орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі комитетінің қа­рауында. Қалған 73,7%-ы әкімдік­терге жүктелген. Әкімдіктерде үнемі бюджет тапшы. Сондықтан ормандарымыздың қорғансыз күй­де екенін аңғаруға болады. Министр 2022 жылы республика­ның мем­лекеттік орман қорының аумағында 104,5 мың гектар алқап жанғанын мәлім етті. Орман өрттерінің 801 фактісінің 444-і немесе 55%-ы най­зағайдан, 127 жағдай немесе 15%-ы дала өртінің ауысуынан болыпты. 208 жағдайда немесе 26%-да себеп­тері анықталмады.

Қалаларға кім қалқан болады?

Қалаларды «тілсіз жаудан» қорғау ісі де ақсап жатыр. Төтенше жағдай саласының маманы Абай Мәліктің түсіндіруінше, 2011 жылдан бері мемлекеттік өртке қарсы қызмет, мысалы құрылыс саласындағы бақылаудың тиімді тетігінен айырылды. Яғни, салы­нып жатқан нысандардың өртке қарсы жай-күйін тексере алмады. Құрылыс компаниялары жобалау құжаттамасына олардың келісімін алмайды. Ал 2016 жылғы 1 қаңтар­дан бастап салынған нысандарды қабылдап алуға да қатыспайды.

Құрылыс объектілерін бақы­лауды жоғалту салдарынан респуб­ликаның 64 объектісін, 10 көп­қа­батты тұрғын үйді жобалау кезінде немесе құрылыс барысында өрес­кел бұзушылықтарға жол берілген. Бұл әшкереленгені ғана. 

Өрт қауіпсіздігі саласында жүр­гізілген тексерулердің қорытынды­сында тек бір жылда 128 269 бұзу­шылық анықталды, 30 453 ұйғарым енгізілді. Соның ішінде орта бизнес субъектілерінен 23 746 жөнсіздік табылды, оның ішінде 9 303 (40%) сол бойы жойылмады. Ірі бизнесте 26 915 бұзушылық әшкереленді, оның 10 618 (40%) жойылмады.

Кәсіпорын басшыларының өрт қауіпсіздігіне, өрт автоматикасы жүйелеріне қатысты талаптарды сақтамауы өрттердің үлкен аумаққа таралуына, қаза тапқандар саны­ның артуына және елеулі мате­риалдық залалға әкеп соғады. ТЖМ дерегінше, бес жылда өрт қауіп­сіздігі талаптарын бұзу салдарынан 1 914 адам қаза тауыпты. 2022 жылдың 10 айында бақылаудағы объектілерде 936 өрт болды, 30 адам қаза тапты, жалпы материалдық шығын 2,4 млрд теңгеден асты.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауындағы «таза парақ­тан» реттеуді енгізу тапсырмасы аясында Ұлттық экономика ми­нистрлігі әзірлеген заң қабылданды. Оған сәйкес, өрт қауіпсіздігі саласы 2023 жылы профилактикалық ба­қылауға ауыстырылды. Бақылау тексеру емес: оның нәтижесінде ешқандай әкімшілік іс қозғал­майды. 

Қорыта айтқанда, ТЖМ еліміз­де өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының кешенін келесі алты бағытта жүргізеді. Біріншіден, құ­рылыс объектілерін жобалау және салу кезеңдерінде қайтадан бақы­лауға алады. Екіншіден, өрт дабылы және өртті сөндіру жүйелерін мон­таждауды жүзеге асыратын ұйым­дарға қойылатын біліктілік талап­тарын күшейтуге ниетті. Үшінші­ден, пайдалануға берілген объекті­лерді тексеру кезінде жедел ден қою, қадағалау шараларын қолда­нады. Төртіншіден, елімізде ша­руашылық жүргізу объектілерінде «есептелген сақтандыру» енгізіледі. Бесіншіден, өрт сөндіруші еріктілер қозғалысын дамытады. Сонымен бірге заң бұзушыларға айыппұл сомасы ұлғайтылады. 

Өйткені елді тілді-тілсіз бол­сын, кез келген жаудан қорғау – стратегиялық маңызды іс.

Айхан ШӘРІП