2023 жылы «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтініштер 30 мамыр мен 6 маусым аралығында qatysu.zhilfond.kz сайтында қабылданады. Бұл туралы Aikyn.kz Отбасы банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бағдарламаға Астанада тұратын жас мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар, ЖОО ұстаздары мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мен коммуналдық қызмет қызметкерлері, Полиция департаменті мен ТЖҚ қызметкерлері, сондай-ақ елордада тұрғын үй кезегіне тіркелген жетім балалар қатыса алады.
«Елорда жастарына» қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.
«Бағдарламаны жүзеге асыруға Астана қаласы әкімдігі 1,5 млрд теңге, Отбасы банк 1,5 млрд теңге бөліп отыр. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі», – делінген Отбасы банкінің хабарламасында.
"Елорда жастары" қатысушыларына келесі талаптар қойылады:
- Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс;
- Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Астана қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет;
- Қатысушының Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екендігі туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме);
- Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет;
- Қатысушының өтініш берген кезде кемінде соңғы бір жыл ішінде Астана қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады;
- Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 243 402 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда);
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек қана біреуі қатыса алады.