Биыл 1 мамырда елордада Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасында алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы шартқа салтанатты түрде қол қойған болатын. Мұндай чемпионат әлемде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл жолғы жарыстың қатысушылары шахмат клубтары мен секцияларының тәрбиеленушілері емес, қарапайым мектеп оқушылары мен шахмат әуесқойлары екенін ерекше айтып өту керек.
Жарыс екі кезеңде өтеді. Іріктеу жарыстарының бірінші кезеңі чемпионатқа қатысушы елдердің өз аумағында өтсе, турнирдің екінші кезеңі тамыз айында біздің елде ұйымдастырылмақ. Әлемдік додаға дүниежүзінің 50 елінен жас шахматшылар келеді деген жоспар бар. «Астанада аяқталған әлем чемпионаты қазақстандықтардың осы спорт түріне деген үлкен ықыласын көрсетті. Біздің шахматшылардың ашық кубоктағы жеңістері, Қазақстан әйелдер құрамасының жоғары нәтижелері қазақстандық шахматтың жоғары деңгейге жеткенін тағы да дәлелдеді. Оқушылар арасындағы алдағы жарыстар жас спортшылар үшін маңызды бәсекелестік тәжірибе алуға, Қазақстаннан және басқа елдерден мықты қарсыластармен ойнауға тамаша мүмкіндік. Бұл қазақстандық шахматтың дамуына қуатты серпін беретініне сенімдімін және бізде осы тамаша спорт түрінен жаңа жұлдыздардың жануына септігін тигізері сөзсіз», – дейді Тимур Турлов.
Әлемдік деңгейде қабылданған шешімге сәйкес, біздің елде де бәсекеге іріктеудің алғашқы кезеңі облыс орталықтары мен қалаларда қызу тартыспен басталды. Іріктеу кезеңінен өткен жас шахматшыларды енді 26-29 мамыр аралығында болатын республика чемпионаты күтеді. Сондай-ақ маңызды жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» ФК ғылыми-практикалық орталығы мен «Астана қаласы шахмат федерациясы» ҚБ бірлесіп шешіпті. Ұлттық ғылыми орталықтың директоры Нұрлан Ескендірұлы турнир өтетін алаңға қаладағы №73 физика-техникалық мектебінің акт залын берсе, қалалық шахмат федерациясы мектеп қабырғасына ең жаңа шахмат құралдарын – сағат пен шахматты, шахмат үстелдерін және жоғары білікті төрешілер бригадасын ұсынған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 12 жасқа дейінгі турнирге 138 адамның ішінде 20 қыз, 18 жасқа дейінгі командалық жарыста 12 қыз қатысқан. Сондай-ақ турнирдің тағы бір ерекшелігі сол, қыздар ұлдармен тең дәрежеде ойнай алады. Яғни, жасөспірімдер мен қыздардың тақталары бөлінбейді.
Қалалық федерацияның атқарушы директоры, шахматтан халықаралық спорт шебері және Халықаралық шахмат федерациясының төрешісі Дана Сағымбекқызы турнирдің бас төрешісі болды. Сонымен, 140 адам қатысқан 12 жасқа дейінгі турнирде 30 команда бақ сынап, 1-орынды №72 мектеп-лицейі, 2-орынды №79 мектеп лицейі, 3-орынды Республикалық физика-математика мектебінің командалары иеленді. Ал 18 жасқа дейінгі турнирде 112 адам қатысты. 28 команда арасынан РФММ командасы жеңіске жетсе, екінші орында №72 мектеп-лицейі еншіледі, үшінші орын НЗМ-і командасының қанжығасына байланды.
Ж.МҮСІЛІМ