«Жер аманаты»: латифундистермен күрес жалғаса береді

Алматы облысында жыл басынан бері 44,6 мың гектар жер мем­ле­­кет меншігіне қайтарылған екен. Ал жыл соңына дейін тағы 220 мың­ гектар жер қайтарылмақ. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Хат­­шы­сы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек мә­лім етті.

Өткен аптада «Жер аманаты» комис­сия­сы Алматы облысының Кеген, Райым­бек, Еңбекшіқазақ ауданына және Қонаев қа­ласына барып қайтқан болатын. Өз­де­рі­мен бірге  Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің Жер ресурстарын басқару ко­ми­тетінің төрағасы Мұрат Теміржановты ер­те барған аманаттықтар Алматы об­лы­сы­ның ауыл тұрғындарымен кездесіп, жайы­лым тапшылығы мәселесін талқы­ла­ды. Кездесу барысында ауыл тұрғын­дары мен шаруа қожалықтарының бас­шы­лары жердің тозуы, дизель отынының қым­батшылығы, мемлекеттік субси­дия­лардың жетіспеушілігі және тағы да басқа мә­селелерді көтерді.

Райымбек ауданы Нарынқол ауылы­ның тұрғыны Ысқақ Өмірәлиевтің ай­туын­ша, бүгінде ауыл тұрғындарының мал жаятын жері жоқ. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындардың малын өз аума­ғына өткізбейді. Алайда жайылым­дарды өздері де пайдаланбайды.

«Аудан аумағындағы бірнеше мың гек­тар жер жекеменшік иелікте. Алайда жер игеріп жатқан ешкім жоқ. Не мал жайыл­майды, не жер жыртылмайды. Қара­пайым халық сонда не істеуі керек? Со­нымен қатар суару маусымында су тап­шылығы мәселесі пайда болады. Соның кесірінен шаруашылықты дамыту қиынға соғып отыр», – деді ол.

Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарыл­ғанын атап өтті. Сондай-ақ тағы 18 мың гек­тарды қайтару бойынша белсенді жұ­мыс жүріп жатыр.

«Жер аманаты» комиссиясы төра­ға­сы­ның орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Райымбек ауданының тұр­ғындарын толғандырған тағы бір түйін­ді мәселе шекара маңындағы ауыл шаруа­шылығы жерлерін ресімдеу екенін атап өтті.

«Көп адам 90-жылдары ҚХР-мен мем­лекеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құқығы­на ие болды. Қазір оны заңдастыру мүмкін болмай отыр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеке­меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті, әкімдік қаулысының негізінде уа­қытша жер пайдалануға толық құқығы ре­сімделген тұлғаларға да шекара маңы ай­мағындағы жерге мемлекеттік акті беріл­мейді. Соған байланысты шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы субси­дия­лар мен өзге де мемлекеттік көмекке өті­нім беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл мә­селені «Жер аманаты» комиссиясы қарас­тырады», – деді Бақытжан Базарбек.

Бұдан соң партиялықтар Кеген ауда­нындағы Кеген ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жергілікті шаруалар да ауыл шаруашылығына арналған жер тап­шылығы мәселесіне алаңдап отыр.

«Былтыр аудан аумағында біраз мал қы­рылды. Жайылым да, шабындық та жоқ. Малға азық, жемшөп дайындай ал­май­мыз. Ең құнарлы жер кәсіпкерлерге тие­сілі. «ҚазМясо» компаниясы 17 мың гек­тарға иелік етіп отыр. Ал ауданда мал баға­тын жері жоқ қаншама отбасы бар. Қан­дастарымыздың 40 отбасына осы уа­қытқа дейін жер берілмей келеді. Тіпті, ауыл айналасындағы жер де жекеменшік иелікте», – деді Бұршақпай Белеков есімді ақ­сақал.

Өз кезегінде Дәулет Кәрібек Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасына сәйкес, пайдаланылмай жат­қан және заңсыз бөлінген ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін мемлекет меншігіне қай­тару жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыс Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің Жер ресурстарын басқару ко­ми­те­ті­мен бірге атқарылуда. Бұл ретте «AMANAT»-тың басым міндеттерінің бірі – қайтарылған жердің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылауды қамтамасыз ету.

«Әр учаске мақсатына сай пайдала­нылуы тиіс. «Жер аманаты» комис­сия­сы­ның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының жайылымға тең қолжетімділігін қамта­ма­сыз ету. Биыл 1 қаңтардан бері Алматы об­­­­лы­сында 44,6 мың гектар жер қайта­рыл­­ды. Жыл соңына дейін 220 мың гек­тар­ды мемлекет меншігіне қайтаруға уәде бере­міз. Біз мұнымен шектеліп қалмай­мыз. Латифундистермен күрес жалғаса береді», – деді партия Хатшысы.

Сапар соңы Қонаев қаласындағы қо­ғамдық қабылдауға жалғасты. Алғашқы бо­лып қабылдауға келген Ұйғыр ауданы­ның тұрғыны Фатима Халикова өзі 43 жыл­дан бері тұратын өңірдегі жерге қа­тыс­ты заңсыздықтарды айтып шағымдан­ды.

«Мәселенің шешілмей келе жатқа­ны­на 10 жылға жуықтады. Ендігі үмітіміз осы «Жер аманаты» комиссиясында. Жер 9 жыл бұрын заңсыз сатылып кеткен. Сол жер­де су болатын. Жердің қожайындары «са­тып алыңдар» деп халыққа су бер­мей­ді», – деді Ұйғыр ауданының тұрғыны Фатима Халикова.

Шеңгелдіден бір топ азамат жайы­лым жер мәселесін қаузап келді. Талғар­дан кел­ген азаматтардың да шағымы жайы­лым мен суармалы жерге қатысты болды.

Парламент Мәжілісінің депутаты, бі­лікті заңгер Бақытжан Базарбек бұл әкім­діктердің түсіндіру жұмысын дұрыс жүр­гізбеуінен туындап отырған жағдай екенін айтты.

«Өкінішке қарай, әкімдіктердің та­ра­пынан қазір үгіт-насихат жұмыстары жет­кілікті дәрежеде жүргізілмейді. Халық ар­найын тексеру жұмысын жүргізуді та­лап етпек түгілі тиісті органға қарапайым арыз жаза алмайды. Олар арыз жазған күн­нің өзінде оны өкілетті органға жол­даудың жолын білмейді», – деді ол.

Алматы облысында 601 қожалыққа тиесілі 285 мың гектар пайдаланылмай жат­қан жайылымдық жер анықталған. Алай­да оның 236 мың гектары уақытша пай­далану үшін жалға беріліпті. Ерікті түрде 44,6 мың гектар жер телімі ел мен­шігіне қайтарылған.

«Біз тек облыс орталығында ғана емес, алыс жатқан шалғайдағы ауылдарға да бар­дық. Партиялық жоба аясында Кеген ауданында 6 мың гектарға жуық ауыл­шаруа­шылық жері, сондай-ақ Райымбек ауданында пайдаланылмай жатқан 17 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтардық», – деді «Жер аманаты» комис­сия­сының төрағасы Дәулет Кәрібек.

Комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ұсынған мәліметке сәйкес, былтыр Алматы облысында мем­лекет меншігіне 113 мың гектардан астам жайылым қайтарылды. Оның 57,8 мың гек­тарын меншік иелері өз еркімен қай­тарып берді. Тағы 13,3 мың гектар жер сот шешімі бойынша қайтарылды.

Бұған дейін «Жер аманаты» комис­сия­сының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі әзірленген еді. Ол елді мекен­дердегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсетеді.

Жалпы, ел аумағында былтыр «Жер ама­наты» комиссиясының тікелей ара­ласуымен пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Еске сала кетейік, қазақстандықтар жер мәселесін жедел шешу үшін «AMANAT» партиясының «жедел желі­сіне» 8 800 080 44 41 телефон нөміріне арқылы барлық заң­бұзушылық фактілері туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабыл­да­нады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ