Спорт медицинасына серпін қажет

Көбіміз ойлайтындай мықты жаттықтырушы, жылдар бойы жаттығу, әлемдік стандарттағы спортзал – жеңіске жетудің кілті емес. Қазір әлем спорт медицинасы мен спорт ғылымы деген сөзге аса мән бере бастады.

Сон­дық­тан да кез келген құрамада кешенді ғылыми топтың болуы халықаралық тәжірибеге айналған. Ал Қазақстан­да ұлттық құрамаға аталған топ қызметкерлері осыдан алты жыл бұрын ғана қосылды. Дегенмен барлық құра­мадағы медицина мамандарының деңгейі бірдей емес. Бұған еліміздегі спорт дәрігерлерінің тапшылығы да әсер етіп отыр.  

Бүгінде білікті медициналық мамандарсыз үлкен спортта жеңіске жету мүмкін емес. Осыған орай Ұлт­тық олимпиада комитеті 67 олим­пиадалық спорт түріндегі ұлттық құрама командаларын оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жа­рыс­тар кезінде медициналық ма­мандардың қызметімен қамтамасыз ету жобасын бастаған. Спортшы­ларға көмектесетін медициналық кешенді ғылыми топ құрамына бір­неше маман енген. Олар: спорт­тық дәрігер, қолмен емдейтін те­рапевт, диетолог, психолог, биохи­мик, биомеханик және массаж маманы. Мұндай кешенді топтар­дың негізгі мақсаты – спортшы­лар­дың нәтижесі мен физикалық жұ­мысқа қабілеттілігін арттыруға әкелетін емдеу мен қалыпқа келтіру процесіндегі диагностика әдістерін жасақтап, жетілдіріп, қолданысқа енгізу. Сондай-ақ спортшылар да­йын­дығының өлшемдеріне сарапта­ма жасау, әдістемелер мен техноло­гиялық дайындықты жетілдіру мақ­­сатында спортшыларға ғылыми-методикалық және медико-био­логиялық зерттеулер жасау және спортшыларды кешенді және медициналық тексерістен өткізу. Қазір Олимпиада комитеті ұлттық құрама командаларды медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін 120-дан аса маманды жұмысқа тартты. Олар – бокс, таэквондо, көгалдағы хок­кей, көркем және спорттық гим­настика, байдарка мен каноэде ескек есу, шорт-трек, әйелдер, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, со­нымен қатар басқа спорт түрлерін­дегі оқу-жаттығу жиындары да меди­циналық қызмет көмегімен өтеді. Кешенді ғылыми топтардың қыз­метін сарап­тау­ды Спорттық медицина және ан­­тидопинг департаменті атқарады.   

– Спортшылар жарыс немесе жаттығу барысында жарақат алған жағдайда құраманың дәрігері ал­ғашқы шараны қолданады. Меди­цина қызметкерлері спортшылар сияқты жылдың 250 күнін үйінен жы­рақта, жарыстар мен жаттығу базаларында өткізеді. Олардың жұмысы, атқаратын қызметі спорт түрлері мен спортшыларға байла­нысты әрқилы болады. Құраманы кешенді ғылыми топ мамандарымен қамтамасыз етуді қолға алған уа­қытта ең маңызды мәселе жоғары дәрежелі спортшылармен жұмыс істеуге қабілетті, іссапарға шығуға келісетін мамандарды іздеу болды. Біздің мамандар тәулігіне 24 сағат ұлттық құрамамен бірге болып, ко­манданың ажырамас бөлігіне ай­налды, – дейді Спорттық медицина және антидопинг департаментінің бұрынғы директоры Лаура Төлеу­бекқызы. 

Оның пікірінше, командаларға бұрын да медициналық қолдау бол­ғанын жоққа шығаруға болмайды, бірақ дәрігерлер мен массажистер бір ұйымда жұмыс істемейді және қазіргідей спортшылармен, коман­далармен бірге тұрақты іссапарға шықпайды. Шыққан күннің өзінде, барлығымен бірдей емес, елімізде басымдық берілетін спорт түрлері бойынша кейбір спортшылармен жаттығу жиындары мен жеке жа­рыстарға ғана бірге барады. Әлемде барлық спорт құрамасы тұрақты түрде кәсіби медициналық қолдауға ие, ал бізде мұндай қолдау осыған дейін тек таңдаулы спорт түрлері мен спортшыларда болған. 

Спорт дәрігері тапшы

Спорт медицинасының қан­шалықты керек екенін осы жолғы әлем чемпионаты дәлелдеп берді. Мысалы, бокстан ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсетті. Себебі құрамадағы спорттық дәрігер – әлем­дік деңгейдегі маман. Сонымен қатар командада дұрыс тамақ та­ғайындайтын диетолог, витаминдер беретін фармотолог, спорт дәрігері мен массаж маманы бар. Осы ғы­лыми кешенді топ бірлесіп жұмыс істейді. Соның нәтижесінде спорт­шылар да бабында болды. Бұл – сырт­тан қараған көрерменге бай­қала бермейтін фактор. Қазіргі за­манда спортшының физикалық мүмкіндігі емес, спорттық медицина мен ғылым негізгі рөл атқарады. 

– Спорт медицинаcы – отандық спорттың ең осал тұсы. Кез келген сәтсіздік пен төмен көрсеткіштің себебін іздегенде біреулер бапкерді ауыстырсын, енді біреулер федера­ция басшысын ауыстырсын деп әртүрлі пікір айтады. Бірақ спорт­тағы сәт­сіздіктің негізгі себебі ко­ман­дадағы ғылыми кешенді топтың әлсіздігінен немесе тіпті жоғынан,– дейді спорт журналисі Аслан Қаженов. 

Оның айтуынша, дзюдода ұлт­тық құрама әлем чемпионатынан медальсыз қайтты. Себебі коман­дада спорт дәрігері де, психолог та жоқ. Бастапқыда спорт дәрігері болыпты, бірақ әлем чемпионаты­ның алдында жұмыстан шығып кетіпті. Дәл осылай күрес, таэквондо сияқты көптеген спорт түрлерінде спорттық медицина әлсіз. Спорт медицинасы мамандары елімізде тапшы. Спорт дәрігерін табу қиын. Өйткені спорттық медицина ма­мандарын арнайы дайындамайды. Жалпы медицинаны оқыған дәрі­герлер келеді. Бірақ оларды спорт дәрігерімен салыстыра алмаймыз. Бір кездері спорт дәрігерін дайын­дай­­тын кафедраны жауып тастапты. Соның салдарынан дәрігерлерді тек шетелдерден алдырып жүрміз. Өзі­мізде дайын тұрған әлемдік деңгей­дегі маман жоқ. 

– Жарыс кезінде басқа елдердің спорт дәрігерлерін көріп жүрміз. Мысалы, дзюдода Моңғолия спорт­шылары жарысқа 1-2 минут қал­ғанда бір сағыз шайнайды. Кейін лақтырып тастайды. Соның арқа­сында татемиде сергек әрі белсенді қимылдайды. Тап бір ұйқыдан енді тұрып күресіп жатқандай. Энергия­лары тасып тұрады. Бұған дейінгі белдесулеріндегі шаршағандарын ұмытып кетеді. Міне, бұл спорт ме­дицинасының құдіреті. Дәл осылай жапондар да әртүрлі құрылғы мен дәрі-дәрмек қолданады. Олардың не екенін өздерінен басқа ешкім түсінбейді. Допинг емес. Осының арқасында жапон спортшылары сәтті өнер көрсетеді. Тіпті, жапон дәрігерлері татами жанында меди­циналық чемодандарын жайып қояды. Сол жерде-ақ операция жасап тастайтын деңгейде. Қараған адамның көзі қызығады. Ал біз олардың не істеп жатқанын терең түсінбедік. Себебі бізде ондай ма­мандар жоқ. Бұл мәселені отандық спорттың басы-қасында жүргендер біліп отыр. Бірақ мәселені шешуге дәрменсіз, – дейді Аслан Қаженов.  

Әлемдік тәжірибе қандай?

Әлемде спорт медицинасы Аме­ри­када, Германияда, Ұлыбри­танияда, Жапонияда, Канада мен Аустралияда жоғары деңгейде да­мыған. Бұған спорт медицинасының арқасында жетістіктерге жетіп жүр­ген спортшылар дәлел. Айталық, америкалық Майкл Фелпс жүзуден 28 олимпиада медалін жеңіп алған. Фелпс дәрігерлермен және физио­терапия мамандарымен тығыз жұ­мыс істеген. Ал тағы бір америкалық Серена Уильямс –тарихтағы ең та­бысты теннисшілердің бірі. Ол фи­зикалық дайындығын тұрақты түрде бақылап және бұлшықеттерін ны­ғайту үшін, жарақаттарын емдеу үшін арнайы медициналық маман­дармен серіктес болған. Осының арқасында ол теннис кортында ке­ремет нәтижелерге қол жеткізді. Әлемдегі ең танымал футболшы­лардың бірі Кристиано Роналду да спорттық медицинаға жүгінеді. Ро­налдудың жейтін тамағынан бас­тап, ұйқы режиміне дейін дәрігер­лердің бақылауында. Ендеше мық­ты спортшы дайындау үшін дамыған спорттық медицина керек. Ал спорттық медицинаны дамыту үшін сол мемлекетте арнайы ғылыми ор­талық пен сапалы мамандар болуы шарт. Мысалы, Америкада спорт медицинасына мамандандырылған көптеген оқу бағдарламасы мен ғы­лыми орталықтар бар. Сондай-ақ америкалық спорт медицинасы мамандары әлем елдеріндегі кәсіби спорт командаларымен және олим­пиадалық спортшылармен жұмыс істейді. 

Ал Германияда спортшыларға зерттеу жүргізетін және медицина­лық қызмет көрсететін көптеген ма­мандандырылған орталық бар. Неміс дәрігерлері мен физиоте­ра­певттері спорттық жарақаттарды диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін кеңінен қолданады.Ұлы­британияда спортшыларға зерттеу жүргізетін және медициналық қыз­мет көрсететін ірі маманданды­рыл­ған медициналық орталықтар бар. Канада да барлық деңгейдегі спорт­шыларға зерттеулер жүргізетін және медициналық қызмет көрсе­тетін мамандандырылған спорт кли­ни­калары мен орталықтар желісі да­мыған. Жапониядағы спорт меди­ци­насы дамудың жоғары деңгейіне ие және жапондық спорт индустрия­сының маңызды құрамдас бөлігі. Жапондық ғалымдар мен медицина мамандары спорттық жарақаттарды диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың жаңа әдістерін үнемі жетілдіріп отырады. Жапонияда кәсіби спорт командаларының әр­қайсысында медициналық қызмет­керлер жұмыс істейді. Қызметкерлер қатарында: спорт медицинасы ма­мандары, физиотерапевттер, массаж терапевттері және сарапшылар бар. Сонымен қатар спорт медицинасы мамандарын даярлауға арналған бірқатар оқу бағдарламасы мен сертификаттау курстары бар. Айта кету керек, спорт медицинасы ма­ман­дары жарақаттанудың алдын алу бағдарламаларын әзірлейді, оқыту семинарларын өткізеді және спорт­тағы қауіпсіздік бойынша ұсыныс­тар айтады. 

Францияның Париж қала­сында өтетін Жазғы олимпиада ойындары­на тура бір жыл қалды. Сондықтан соңғы олимпиададағы сәтсіздіктен сабақ алып, спорттық медицинаға уақыт өткізбей көңіл бөлуіміз керек. 

Көктем ҚАРҚЫН

Қуаныш САПАРБАЙ (коллаж)