Биылғы егін егу науқанында сыр дихандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарласа, негізгі дақыл – күріштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды екен. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемін 7 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемдерін 222 гектарға ұлғайу межеленген.
«Облыс аумағында ағымдағы егін егу жұмыстары биылғы жылдың 15 наурызында басталды. Қазір облыс бойынша 4,6 мың гектар жаздық бидай, 395 гектар жаздық арпа, 5,1 мың гектар мақсары, 125 гектар қант құмайы, 22,4 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары егіліп, 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,6 мың гектар күздік бидай толық суғарылып, күтімге алынды. Негізінен, дала төсін дүбірге бөлеген Сыр дихандары биыл да берекелі күзді мол өніммен қорытындылауды көздеп отыр. Көктемгі егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауға алынған», – дейді Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта межеленген 83 943 гектар күріш дақылының 44 мың гектары суға бастырылған. Сонымен қатар бүгінге дейін межеленген 873 гектар дәндік жүгерінің 210 гектары, 1,5 мың гектар сүрлемдік жүгерінің 50 гектары, 89 гектар күнбағыстың 11 гектары, 4,1 мың гектар картоптың 46,3 гектары, 6,5 мың гектар көкөністің 1,0 мың гектары, 9,1 мың гектар бақшаның 1,4 мың гектары егілген.
Сондай-ақ облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Қазір Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша 5 488 жергілікті тұрғынға 3 255,4 гектар егін егуге берілетін егістік алқап нақтыланды. Бүгінде егін егуге ынта білдірген 4 895 отбасының тізімі жасақталып, егін егуге 2 850 гектар жер берілді. Соған орай егістікті суғаруға қажетті сорғы қондырғылары, тұқымдар, егістікті қоршау, тұрғындарды егістік басына тасымалдауды ұйымдастыру шаралары атқарылуда. Бұған қоса, 2023 жылдың егісіне облыс бойынша 21 643 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы әзірленді. Сол сияқты 930 тонна жаздық бидай, 54 тонна арпа, 8,1 тонна тары дайындалса, жүгері, жоңышқа, мақсары, күнбағыс, соя, сұлы тұқымдары да жеткілікті», – деп ойын сабақтады басқарма басшысы.
Жалпы, Сыр шаруалары бүгінде күріш тұқымының жоғары репродукциялы 9 сортын егіп жатыр. Атап айтқанда, күріш тұқымының 576 тоннасы «Маржан», 640 тоннасы «Сыр сұлуы», 25 тоннасы «Янтарь» тұқымы болса, 17032 тоннасы «Лидер», 200 тоннасы «Премиум», 25 тоннасы «АйКерім», 100 тоннасы «Маршл» және әрқайсысы 10 тоннадан «Патриот» пен «Яхонт» сорттарын құрайды. Соның ішінде себілген күріш тұқымының 0,6 пайызы бірегей, 1,6 пайызы элиталық, 45,6 пайызы І-репродукциялы болса, 27,2 пайызы ІІ-репродукция және 25 пайызы ІІІ-репродукциялы тұқымдар.
Осы орайда айта кеткен абзал, Сыр дихандары биыл күріш тұқымы сорттарын жаңарту және көбейту мақсатында элиталық «Яхонт» және «Патриот» сорттарын егуді қолға алды.
Басқарманың мәлімдеуінше, минералдық тыңайтқыштар мен гербицид дайындау, ауыл шаруашылығы техникалары мен жанар-жағармаймен қамту жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізілген.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы