Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин коронавирус инфекциясы жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты авиарейстерді шектеп, бұл мемлекеттерден еңбек мигранттарын қабылдамауды тапсырды, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат». «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирус жылдам тарап жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сонымен қатар еліміздің фармацевтикалық кәсіпорындарында медициналық маскалар мен тағы қосымша құралдарды шығаруды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», – деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы сонымен қатар өңір әкімдіктеріне мемлекеттік және жеке ұйымдарда, ЖОО-ларда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтары мен базарларда эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды. «Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден жұмыс күшін тарту үшін коронавирустың анықталған елдердің азаматтарына рұқсат беруді тоқтата тұрсын. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын күшейту бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізсін», – деді ол.