Кореямен әріптестікке күш салады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Ко­рея Республикасына жасаған мем­лекеттік сапары екі ел арасын­дағы достық қарым-қатынастарды ны­ғайта түсуге негіз қалады.

Соның арқасында генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтаруға келісім жасалып, Қызылорда облы­сы мен Корея Республикасы арасын­да екіжақты байланыстың орнауына  зор серпін берді.

Биыл Сыр өңіріне Корея Республикасы Тэчжон қаласының мэрінің және Чоллабук-до провинциясы губернаторы­ның шақыру хаттары келіп түскен еді. Осыған орай,  Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация жақында Корея Респуб­лика­сының Сеул қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облы­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақ­стан Республикасының Кореядағы Тө­тенше және Өкілетті Елшісі Б. Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төра­ғасы Н.Байқа­дамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б. Кәрімова бар.

Іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті.

Кездесуде оқу орнының президенті  Қызылордада Корея университетінің  филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында  Шинхан универ­си­теті президентінің Қызылордаға іс­сапарын ұйымдастыру көзделіп отыр. Онда еңбек нарығының болашақтағы ба­ғы­ты зерт­телгеннен кейін Шинхан уни­вер­ситетінің филиалы қандай маман­дықтар бойынша ашылатыны нақты­ланады.

Бұдан әрі қызылордалық делегацияның Корея Республикасындағы іссапары Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық универ­ситеті­нің Президенті Ли Донг Хун мырза­мен кездесумен жалғасты. Кездесуге  облыс делегациясымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек вице-министрлермен бірге онлайн қо­сылып, бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты. 

Негізінен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орын­дарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды даярлап, олардың жоғары технологияларды игеруіне жол ашады. Бұл орайда Корея елі білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интел­лект салаларында алдыңғы қатар­да­ғы мемлекеттердің бірі. Делегация мүше­лері білім және ғылым салаларында бір­лес­кен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатынын атап өтті. 

Биыл Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынты­мақтастықты дамыту үшін  Халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университеттік жобаны әзірлеу жоспар­ланған. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министр­лігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді. Соның аясында Қызылордадағы Қорқыт Ата универ­ситетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, жалпы еліміздің білім сала­сын­дағы үлкен жетістік болады деп күтіледі. Нәтижесінде, өңірімізде IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім беріледі.

Облыс әкімі бұл бастама екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл жобаның өңірімізде сәтті іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетінін жеткізді.

Сонымен қатар делегация Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен де кездесті.

Негізінен Қызылорда облысы мен Тэджон қаласын ерекше тарихи байла­нысты біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэд­жон қаласының Ұлттық зиратына әкелініп жерленген болатын.

Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамыту мақсатында тараптар келіссөз жүргізіп, екіжақты ын­ты­мақ­тастықтың бағыттарын айқындады. Кездесу нәтижесінде Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза мен Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы Меморандумға қол қойды.

Бұл меморандум аясында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген. Сондай-ақ Тэджон қа­ласы жетекші білім және ғылым орталығы екендігін ескере отырып, Қызылорда облысының үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу мәселесін қосымша қарастыру ұсынылды.

Кездесуден кейін қос тарап Тэджон ұлттық зиратына қайта жерленген генерал Хон Бом Доның мемориалына барып, тағзым етті. Бүгінде Сыр өңірінде Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған және қала көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

Қызылордалық делегация мүшелері Тэджон қаласында орналасқан ұлттық зиратқа барып, Отан үшін құрбан болған боздақтарға арналған мемориал кешенінде болды. Генерал Хон Бом До зиратына Қызылорда халқының ыстық ықыласын білдіретін гүл шоқтарын қойды.

Мұнан әрі делегацияның Корея Рес­публикасына іссапары Чоллабук-до про­винциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесумен жалғасын тапты. 

Негізінен Чоллабук-до өңірі Оңтүстік Кореяның басты ауылшаруашылығы аймағы болып саналады. Соның ішінде күріш өсіру және азық-түлік өндіру бойынша үлкен тәжірибеге ие.

Кездесуде облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Алдағы уақытта екі ел арасында ауылшаруашылығы саласындағы озық инновациялық технологияларды зерттеуге, «ақылды» фермалар құруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатын­дығын жеткізді. Сондай-ақ Қызылорда қаласында Корей күріш егу технологиялары мен әдістері зерттелетін демонстрациялық алаң құру ұсынылды.

Соған орай келешекте арнайы егістік жер бөлініп, кореялық күріш егу әдістері, су үнемдеу технологиялары мен суды мониторингілеу бойынша тәжірибе алмасу көзделуде. Бастамалардың бар­лығын жүйелі іске асыру үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен Чоллабук-до провинциясының Халықаралық ынты­мақтастық орталығы аясында Мемо­рандумға қол қойылды.

Қызылорда облысы  әкімдігі мемо­рандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге және жан-жақты қолдау жасауға дайын екендігін алға тартып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы