Із-түзсіз жоғалып кеткен атыраулық азамат екі күннен бері табылмай жатыр

Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған.

Атырау облысында екі күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 37 жастағы малшыны іздестіріп жатыр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, ер адамның жоғалғаны туралы 24 мамырда сағат 15.12-де хабарланған.

«Бақташы болып жұмыс істейтін 1986 жылы туған жігіттің қыстақтан 23 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 17.00-де шығып кеткені анықталды. Қыстақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Содан бері одан еш хабар жоқ. Қыстаққа кері оралмаған»,  деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Бақташының қай бағытқа кеткені белгісіз. Оны іздестіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 5 қызметкер мен 1 техника тартылған. Құтқарушылар қатарында Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де бар.