Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирусқа байланысты мешіттерде оқылатын намазды далада оқу ұсынысына пікір білдірді. «Үкімет отырысында мешіттер, сауда орталықтары сынды көп адам жиналатын жерлерде коронавирустан алдын алу шараларын, тазалық сақтау, дезинфекция мәселелерін қолға алу туралы нақты тапсырмалар берілді. Мешіттерге айтылған ұсыныс бойынша бас имамдардың өздері шешім қабылдауы керек. Ашығын айтқанда, Алланың алдында ниет қылу мешіттерде ғана емес, әрбір азамат үйінде де немесе өзіңіз айтқандай ашық аспан астында да ниет қыла алады. Бұл – әрбір азаматтың өз құқығы. Дегенмен, адам көп жиналатын жерлерде бұл мәселені ескеруіміз керек. Оңтүстік Кореядағы коронавирустың тарауына діни орындар да ықпал етті. Соны да ескеруіміз қажет және азаматтарды сақтандыруға тиіспіз», – деді Ералы Тоғжанов.