Коко Шанель Париж қонақүйлерінің бірінде жан тапсырғанда көзіне жас алған деседі. Неліктен дерсіз? Өйткені ол 30 жыл бойы қонақүйде жалғыз ғұмыр кешкен. Америка ғылымды дамыту қауымдастығының зерттеуінше, жалғыздық адамға темекі түтініндей зиян. Ал жапондар демографиялық дағдарысқа алаңдап отыр. Себебі елдегі жалғызбасты жандар мен қарттардың саны артқан. Қазақстан да жыл санап қарт елдің қатарына кіріп келеді. БҰҰ сараптамасы бойынша елдегі 65 жастан асқан азаматтардың саны 7 пайыздан асса, қарт мемлекет санатына кіреді. Ranking.kz сайтының мәліметінше, 2018 жылы елміздегі 65 жастан асқандардың жалпы үлесі 7,5%-ға жеткен. Ал 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш 14,1%-ға жетуі мүмкін. Ал қарттардың басым көпшілігі күнін қалай өткізеді? Олар күйбең тіршілік пен депрессия иіріміне түспеуі үшін нендей амал қарастырмақ керек? Қарттың да ішкі қалауы бар. Ол да ел қатарлы серуендеп, қалаған жеріне барып, құрдасымен пікір алмасқысы келеді. Осы мақсатта 2014 жылы Алматыда қарттарға арналған пікірлесу клубы ашылды. Мұны «Аман-саулық» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Ал 2018 жылдан бері қалада Бауыржан Байбектің бастамасымен ашылған қарияларға арналған арнайы орталық жұмыс істейді. Орталықта зейнеткерлерге арналған кітапхана, фитнес, йога, аэробика залы мен тағы басқалары бар. Сондай-ақ олар бассейнге, би студиясы мен спортзалға жеңілдікпен жолдама алады. Оған қоса 2019 жылы алма шаһарда «Көкжиек» аула клубының атсалысуымен қарттар фитнеспен тегін айналысуына мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибе шетелде де бар. Бірақ мегаполисте ғана емес, қарапайым қалада да зейнеткердің дорбасын арқалап, сүйікті ісіне асығып бара жатқанын көресің. «Қарты бар үй – қазына» десек те, олар көбейсе, елдегі жұмыс істеуге жарамды азаматтардың саны азаяды. Мұны болдырмасқа қайтпек керек? Елдегі туу көрсеткіші мен көпбалалы отбасы қатары көбеюі тиіс. Көпбалалы отбасын қалыптастыру үшін некенің беріктігі маңызды. Өйткені 2019 жылдың 11 айында 113 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріп, 55 мыңы ажырасып кеткен. Бәріміз білетіндей, ажырасудың арты жалғызбасты тіршілікке ұласады. Дүние көші жаңа бағытқа бет бұрды. Әлемді қазір материалдық құндылық мазаламайды. Олар адамның өз-өзімен күресуін, моральды тұрғыда берік болуын қалайды. Өйткені технология мен интернет трендке айналған тұста адамның рухани күйі мен өмір сүру сапасы тасада қалып қойды. Мәселен, жапондар жүргізген зерттеуде ағайынмен алшақ қарым-қатынас жасау да жалғызбастылыққа жегеді.
Қазақстанда жалғызбасты ана, әйел, еркек пен қарттың саны көбейіп жатыр. Елде дейміз-ау, қазір әлемде осы жағдай күн тәртібінде тұр. Соған орай Ұлыбритания жалғызбастылардың мәселесін қарайтын министрлік ашыпты. Министр Трейси Кроучтың сөзінше, әлеуметтік оқшаулану мен жалғыздық жеке адамның физикалық және психикалық жағдайына ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғамға да әсер етеді. Сондықтан британ халқы қоғам болып жұмылып, жалғызбастыларға рухани көмек беруді қолға алды. Министрлік жалғыз жандарды қолдау үшін 5 бағытта жұмыс істейді. Оларға компьютер қолданудан бастап, қазір қолынан келетін нәрсені ермек етуге үйретеді. Мәселен, жалғызбасты анаға ішкі менін қайтаруға жәрдемдеседі. Баласымен бірге фитнеске шақырып, психолог жеке сұхбат құрады. Қарттармен әңгімелесіп, серуенге шақыру дәстүрі бар. Жалғызілікті әке мен үйленбеген ерге де тығырықтан шығар жол нұсқайды. Өйткені олар адамның жалғыз қалуынан сақтандырады.Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір елімізде 450 мыңға жуық жалғызбасты ана бар. Мұндай статустағы әкелердің саны 42 мыңға жеткен. Әйелдің өмірге бейім екенін білеміз. Ал ерлер жалғыздыққа шыдамдылық таныта алмайды екен. Өйткені әйелдің күйбең тіршіліктегі рөлі мен бағыты белгілі. Ол күйеуінен ажыраған күннің өзінде тұрмысы сол қалпы қалады. Нақтырасақ, ойын бөлетін іс көп. Бір сөзбен айтқанда, «қолы өз аузына жетеді». Осындайда еркектер табиғатынан тосын жайтқа «тосқауыл» қоя алмайды. Себебі осы күнге дейін тамағы дайын, кірі жуулы, киімі бүтін. Ары қарай мұның бәрін өзі істеуі керек. Сондықтан да бейімделе алмаған ердің ертеңіне тұман түседі. Күресе алмағандар жол іздеудің орнына ішімдікке не басқасына үйір болады. Бір айта кетерлігі, әйелдер екінші рет тұрмыс құруда тәуекелге барғанымен, еркектер осы сұраққа ұзақ ойланады екен. Ал оң жақта отырған қыз мен сүрбойдақтың мәселесіне келсек, әркімнің өзінше «ермегі» бар. Ит құшақтап, мысық сипаған жанды көрсек, түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ бұл – адам жанына медеу болатын фактордың бірі. Ғалымдардың зерттеуінше, жалғызбастылар өзіне серік болатын рухани күшті іздейді. Бірі – табиғатпен тілдессе, ендігісі – үй жануарын асырайды. Біздің қоғам бұған мысқылдай қарайтыны белгілі. Шетелде керісінше, жалғыз жанның «жолдасын» тапқанына шын қуанады. Сондай-ақ бұл адамның психологиясына әсер етеді. Адам неғұрлым жалғыз қалған сайын, соғұрлым ой дейтін дүлей санасын торлайды екен. Сондықтан да шетелдің министрлік құрып, мемлекет деңгейінде мәселе көтеріп отырғаны – осы. Өйткені жалғыздық адамды психологиялық түрде күйретіп қана қоймай, денсаулығына әсер етеді. Америка ғылымды дамыту қауымдастығы жалғыздық адамға темекі шеккендей қауіпті екенін жазған. Сонымен бірге жүрек ауру, қан қысымының көтерілуі мен қант диабеті сияқты сырқатқа әкелуі мүмкін. Стресс пен ұйқысыз түндер де адамды жегідей жейді. Профессор Качиоппоның сөзінше, біз оқшау өмірге бейімделіп барамыз. Интернетте күн кешіп, жақындармен шынайы тілдеспейміз, кешірек үйленеміз. Сәйкесінше, бала туу көрсеткіші төмендейді. Ал мұның арты жалғыздыққа әкеледі. Күләш Ахметова айтқандай, күреске толы тірлікте сенімен бірге болып, жүрегіңді жақынырақ ұғатын бір адам керек. Сондықтан қымбат уақытты әлеуметтік желідегі алдамшы дүниеге айырбастамайық. Адам көпшілік ортада жұртпен бірге өмір сүргенді ұнатады. Көптің аты – көп. Ал жалғыздық – Құдайға ғана жарасады. Айбике ЖАНАСЫЛ