«Халық жауының» қызы

Атыраулық Назымхан Асанова – репрессия құрбанының ұрпағы. Анасының құрсағында жатып жетім атанған мұңлық өткен күндердің қорқынышты елесі туралы айтып берді.

Әкесі Асан Бәшіғұлов колхоз басқарған, жарлы отбасыларына колхоздың малын беріп, тұтас ауылды жұмыспен қамтуға атса­лысқан. Бірақ репрессия жылдары «Халық жауы» деген жалған жала­мен атылып кетеді. Анасының құрсағында жатып жетім атанған Назымхан Асанова сол замандары  отбасына зауал болып тиген аш­тық, репрессия салған жараның ұмытылмайтынын айтты. 

«Мен ғана емес, бауырларым да жастайымыздан әкесіз, же­тім­діктің зардабын тартып өстік. Әлі күнге дейін есімде, бүлдіршін қыз болсақ та  «Әкем қайда?», «Ақ тә­тем қашан келеді?» деген сұрақты анамызға жиі қоятынбыз. Ондайда анам байғұс үндемейтін. Жаулы­ғының ұшымен көзін сүртіп, жүзін теріс бұрып әкететін… 

Анамның үнсіздігінің сырын есейген соң біліп жатырмыз ғой. Әкем күйші, жыршы болыпты. Өз заманының қиындығына қара­мастан, қараша халықтың жағда­йы үшін тер төккен әкем солақай саясаттың құрбаны болғаны әлі күнге дейін жаныма батады.

Өсе келе ауыл-аймақтан «ха­лық жауының балалары» дегенді жиі еститін болдық. Тіпті, бір күні мынадай жағдай болды. Ауылдың үлкен ақсақалы «сендердің әке­лерің кезінде «халық жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен» дегенді айтты. Бала жүрекке бұл әңгіме қанжар сұғып алғандай әсер етті. «Әкем қайда? Оны неге «жау» деп атайды? Әкем сондай жаман адам болған ба?» деп үйге еңіреп жүгіріп келген сәтім әлі күнге есімнен кетпейді. Сол кезде анам байғұс қандай күйде болды екен?» дейді Назымхан Асанова. 

Асан  Бәшіғұлов өз заманында жетім-жесірлерге, жарлы-жақы­байларға көмектесіп, оларды кол­хоз мүшесі еткен. Сөйтіп, әрқай­сысына бір-бір сиырдан бергізген. Жергілікті халық күйші, жыршы ретінде де жақсы таныған. Оны бір топ милиция 1937 жылдың қазан айында үйінен алып кеткен. 

«Әкемді алып кеткен уақытта мен анамның ішінде қалғанмын. Ол жағдайды анам былай еске алатын: «Нақты қай күні екені есімде жоқ. Әйтеуір, қазанның қа­ра суық түндерінің бірі бола­тын. Түн ортасы болса керек, қатты шық­қан дыбыстан оянып кеттік. Сөйтсек, толған адам тиеген көлік келіп тоқтап, ішінен екі милиция қызметкері түскен екен. Көзге түрт­кісіз қараңғы­лықтан олардың жүзі аса анық көріне қоймады. Жөн түсін­дір­местен, әкелеріңді көлікке отыр­ғызып алып кетті». Мен құрсақта жатып тірі жетім атанған уақытта әпкем Назым небәрі екі жаста болған. 

«Халық жауы» деген жақсы атақ емес қой. Әкем кеткен соң біздің шаңырақтағы жағдай тіптен ушықты. Анам колхоздың ең ауыр жұмыстарына жегілді. Өгіз арба­мен астық та тасыды. «Сол кездегі Доңызтау деген жерден Қарауыл­келді стансасына дейін астық та­ситынбыз. Арақашықтық шама­мен 500 шақырым болатын. Үйге араға үш ай салып, бір рет келіп қана тұрдық» дейтін  анам. Колхоз басшылығы тарапынан қатты қы­сымға ұшыраған анам бір түнде өз жұртына көшіп кетіпті. Әкемнен қалған бір сиырға жүкті артып, бізді нағашыларымыздың ауылына әкеліп тастайды. Әпкем екеуміз нағашы әжеміздің қолында өстік. Әкем ұсталып кеткеннен кейін араға екі ай салып хат келеді. Онда  тоңып жүргенін айтып, қолғап пен шұлық салып жіберуді өтінген екен. Хатты оқып, алып-ұшқан анам азық дайындап, қолғап, шұ­лық салынған дорбаны дереу кіші ағасы Каленнен беріп жібермек болады. Бірақ Кален аға әкемді таба алмайды. Алдымен Жарқамыс ауданының орталығына барады. Ол жерден еш хабар ала алмайды. Ақтөбе, Орал түрмелерін аралайды. Нәтиже болмайды. Сөйтіп, дорба­ны түрме күзетшісіне аманаттап тастап кете барады», – дейді На­зым­хан Асанова.

Репрессия құрбаны Асан Бә­шіғұлов сегіз ағайынды болған. Бірақ репрессия құрбанының қы­зы Назымхан Асанова олардың бірде-біреуін танымайтын болып шықты.

Ал анасының төрт ағасы бол­ған. Нұғыман, Еділ, Әбіл және Кален есімді ағаларының барлығы сол кездегі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оралмаған.

«Кален ағамнан ғана «қара қағаз» келді. Басқа ағаларымыз хабарсыз кетті. Кейінірек білдім. Әкемнің Нұрыбай атты немере ағасы болған екен. 1930-1931 жыл­дары ашаршылыққа ұшырап, бес баласымен аштан өліпті. Анамның айтуынша, Нұрыбай ағам бала­ларына тамақ іздеп жолға шығып, тапқанын әкеле жатқан жерінен ши түбінде жүріп кеткен екен. Әйелі іздеп шыққанда немере ағам үйге жақын маңнан табылған. Күйеуінің көзін жауып, әйелі үйіне келген уақытта балалары  да ба­қилық сапарға аттанып кетіпті. Осындай қиындықтарды бастан кешірген әулетіміз адал еңбектің арқасында ғана өсіп, өнді. Сол кездегі Үкімет тарапынан қыс­пақ­қа тап болған анамыз екі қызын, яғни бізді аман-есен ер жеткізді. Сөйткен анамыз 1986 жылы 86 жасында қайтыс болды. Мен он жасқа келген кезде ғана бірінші сыныпқа бардым. Баршақұм ауы­лында тұратынбыз. Бір бөлмелі үй ішінде жерде отырып сабақ оқы­дық. Сабақтан шыққан соң үш шақырым жер жаяу жүріп, сиыр фермасына келіп бұзау бағатынбыз. Үйге келген соң сығырайған шам­ның көмегімен сабақ оқып жүрдік. Ол кезде дәптер тұрмақ, қарындаш та, сия да қат болатын. Ағайымыз бір қарындашты үшке бөліп, үш оқушыға беретін. Сияны тарыдан жасайтынбыз. Яғни, тарыны әбден күйдіріп, талқандап, дайын қоспа­ны суға езгенде керемет сия шы­ғады. Осы бір күндер зымырап өтіп жатты. Әкем туралы ақпарат ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келді. Қанша іздесек те, ұзақ жыл бойы әкеме қатысты бірде-бір дерек таба алмай келдік. Тек арада 61 жыл өт­кенде ғана, яғни 1998 жылы ­Ақ­төбе қаласының архивінен әкем­­нің ақталғаны туралы анық­таманы тап­тым. Әкемнен қалған жалғыз ес­керткіш осы бір тілдей қағаз бо­лып тұр», – дейді Назым­хан Асанова. 

Бүгінде Назымхан Асанова – көпбалалы ана, ақжаулықты әже. Марқұм болып кеткен жолдасы Ораз Естурлин екеуі өмірге 8 бала әкелген. Ұл-қызынан тараған не­мере-жиендердің ортасында ұрпақ қызығына бөленіп отырған әжей еліміздің тәуелсіздігі баянды болғанын тілейді. 

Ресми деректерге сүйенсек, 1920 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ КСР-нің 125 мыңға жуық азаматы саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған. Оның 25 мыңнан аста­мы атылып кеткен. Біз баяндап отырған Назымхан Асанованың әкесі Асан Бәшіғұлов – сол 125 мың мұңлықтың біреуі ғана.  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА