Батыс Қазақстан облысы Щапов ауылының мектеп оқушысы өз қатарласын ұрып өлтірді. Оқиға туралы Aikyn.kz сайты «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, марқұм болған жеткіншек оған дұрыстап амандаспаған көрінеді. Бұған ашуланған жасөспірім бірден қол жұмсапты. Алған соққының ауыр болғаны соншалық, 9-сыныптың оқушысы Дияр Досқали тілге келмей көз жұмды.
Диястың айтуынша, ауыл балалары оларды оңаша жерге шақырыпты. Осыдан кейін сөзбен тиісіп, қол көтерген.
Марқұмның туысы Дияс Досқали: «Қасымдағы бір бөлем дұрыстап амандаспады деп 10-кластағыларға айтқан ғой мыналарды ұрыңдар, аналар дұрыстап амандаспайды деп... Сол үшін бізге келді. Мені, Диярды, сосын Айбол деген бөлемді ұрды. Мені ұрған 1-курстың студенті», – дейді.
Марқұмның туысы Махмұд Бекқұлов: «Естуімше, әңгіме неге ассалумағалейкум айтпадың дегендей сөзден басталған. Қатты соққының даусы естілді дейді. Содан жүрелеп отырып, сосын шалқасынан құлаған. Кінәлау қиын, бірақ жаңағы соққы жасаған баланың сондайы барын там-тұмдап естиміз», – дейді.
Қорғансыз балаларды осылай қорлағандар жерге құлаған Диярдың есін жиғызуға тырысады. Бірақ мұны үлкендерге айтпаған. Осы қарбалас кезде Диярды ұрған жасөспірім қашып кетіпті. Ал ата-анасына хабарласқанда бәрі кеш болғанын айтады туыстары.
Марқұмның туысы Салтанат Абаева: «Бетіне су құйғанда мұрнына су кетіп қалып, тұншығып қалды ма, дұрыс көмек бермеген. Бәрі жазалануы керек. 7-8 бала болған ғой. Бірақ жіберіп тұрған баланың өзі болмаған. Өзі қазір телефонын алмайды, ештеңе істемей отыр», – дейді.
Диярдың қайғыдан қан жұтқан туыстары істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Полиция күдікті жасөспірімді ұстап, қамауға алды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
БҚО Полиция департаментінің өкілі Лунара Аманғалиева: «Бұл жағдай сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Осы құқықбұзушылықты жасады деген күдік бойынша 2008 жылы туған кәмелетке толмаған Н. ұсталды. Осы факті бойынша сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды», – дейді.
Осы оқиғадан кейін ауылдағы мерекелік іс-шаралардың бәрі тоқтатылды.
Фото: Аstanatv.kz