Медициналық зерттеулерде ЖИ қолданудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Өткен жылы Google мен DeepMind компаниялары бірлесіп AlphaFold жасанды интеллект жүйесі ғылымға белгілі 200 миллионнан астам белоктың үш өлшемді қатпарлану үлгілерін болжағаны хабарланды.
Жасанды интеллект жүйелері кеңінен енгізіліп жатқан тағы бір сала – емдік препараттарды іздеу. Slashgear.com сайтында жарияланған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz жасанды интеллектің көмегімен табылған жаңа дәрілер туралы хабарлайды.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Ted Horowitz Photography
Канаданың McMaster University мен MIT (Массачусетс технология институты, АҚШ) ғалымдарының тобы жасанды интеллект көмегімен Acinetobacter baumannii деп аталатын өте қауіпті әрі антибиотиктерге төзімді бактерияның штамын жоя алатын химиялық затты тауып, медицина ғылымында сенсациялық жаңалық ашты.
Бұл өте қауіпті қоздырғыш, себебі ол көп дәріге төзімді және көптеген затта, тіпті медициналық жабдықтардың бетінде ұзақ уақыт өмір сүре алады. Ол өкпеде, зәр шығару жолында және қанда антибиотиктерге төзімді, емдеуге қиын болатын инфекцияларды тудырады және көп жағдайда өлімге әкелетін қауіпті бактерия.
Соңғы жылдарда америкалық ғалымдар тобы бактериялардың өсуін тоқтататын 7000-нан астам химиялық затты сынаудан өткізген. Сыналған қосылыстардың молекулалық бөлшектері мен бактерияларды жоятын химиялық құрылымдар туралы мәліметтер нейрондық желінің көмегімен сарапталған.
Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Oxana A.
ЖИ моделі Acinetobacter baumannii-мен күресетін химиялық құрылымдарды анықтау үшін 6680 қосылыстардың пулын талдаған. Нейрондық желіге бактерияларға қарсы ингибиторлық белсенділік туралы деректер жүктелгеннен кейін (техникалық тілмен айтқанда, ЖИ үйретілгеннен кейін) жасанды интеллект бір жарым сағаттың ішінде ғалымдарға бактерияны жоя алатын 240 химиялық заттың тізімін көрсетіп берген.
Зерттеуші команда бұл химиялық заттарды зертханалық жағдайда сынап, тізімді тоғызға дейін қысқартқан. Ақырында зерттеушілер тобы маңызды белоктардың белсенділігін шектейтін және Acinetobacter baumannii жараларды қалай өршітетінін бақылайтын Abaucin деп аталатын бактерияға қарсы қосылысты тапқан.
ЖИ көмегінсіз 6680 химиялық қосылысты зертханалық сынамадан өткізу үшін ғалымдарға 5-6 жыл қажет болар еді. Ал ЖИ оны 1,5 сағатың ішінде жасаған.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Uma Shankar sharma
Абауцин «A. baumannii-ді өлтіруде өте тиімді, бірақ бактериялардың басқа түрлеріне әсер етпейді». Ең бастысы, нейрондық желінің көмегімен жасалған қоспасының басты қабілеті ғылыми қауымдастықты қатты қуантып отыр. Абауцин препараты ағзадағы басқа пайдалы бактерияларға зиян тигізбейді және оны қолданғанда басқа зиянды бактерияларда дәріге қарсы төзімділік қасиеті пайда болмайды.
Тышқандарға жасалған сынақтарда Абауциннің шынымен де дәріге төзімді A. baumannii бактерияларының бірнеше штамдарына қарсы тиімді болғаны дәлелденген.
Қазіргі уақытта зерттеушілер тобы Абауцинді адамдарға сынау үшін жұмыс істеуде. Сонымен қатар Pseudomonas aeruginosa және Staphylococcus aureus сияқты басқа да дәріге төзімді бактерияларға қарсы қолдануға болатын химиялық заттарды анықтау үшін ЖИ-ді қолдану бойынша талдаулар жасалуда.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Nitat Termmee
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотиктерге төзімділікті «бүгінгі таңда жаһандық денсаулыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне және дамуға төнетін ең үлкен қатерлердің бірі» деп бағалауда.
Өкінішке қарай, бұл мәселе күшейіп, өлім-жітімге және медициналық шығындардың өсуіне әкелуде. Сарапшылардың айтуынша, бұл жерде ЖИ жаңа тиімді препараттар табуда шығындарды, уақытты және зерттеу жұмыстарын азайтуда ғылымға өте жақсы көмектесе алады.