Әкесі 2 қызын 10 жыл бойы зорлаған: елді дүрліктірген оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Мектеп бітіріп, әбден азғын көрген апалы-сіңлілі өз үйінен қашып, көмекті бөтеннен сұрап жалынған.

Адам түгілі айуан бұлай жасамайды. Сұмдық жағдай! Бауыр еті баласын туған әкесі он жыл бойы зорлап келген. Мектеп бітіріп, әбден азғын көрген апалы-сіңлілі өз үйінен қашып, көмекті бөтеннен сұрап жалынған. Өйткені, туған шешелері біле тұра үніңді өшір, ауылдағы ағайынға қарабет боламыз деп шыдатқан. Алматы облысындағы адам айтса сенгісіз жағдайды  «Евразия» арнасы хабарлайды.

Бірі 21, екіншісі 23 жастағы қос қыз туған әкесінің азғындығын айтып елді дүр сілкіндірді. Үлкенін алғаш 11 жасында зорлаған. Кішісіне 13 жасында зорлық көрсеткен. Сөйтіп, өскенше он жыл азаптап келген. Ақыры болмаған соң бойжеткен үйінен қашып, журналистерден көмек сұраған. Сорақысы, шешесіне айтқанымен, үніңді өшір, ағайын табалайды деп аузын жапқан.

«Екі әйеліне қыздар жылап айтады. Әкеміз 11 жастан зорлап келеді. Біз өлетін болдық. Шаршадық. Біз бұлай өмір сүре алмаймыз. Өлеміз дейді ғой. Екі шешесі естіп жылайды. Үндемейді. Ешкімге айтпайық депті», – дейді журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Туған қыздарының етегін бірде үйде, бірде түзде түрген әкесі ауыз ашса, бауыздаймын деп қорқытқан. Әкесінің екі әйелі бар. Шешелері білгенімен екеуі жабылып ештеңе істей алмаған. Туыстары қаскөйге сеніп, өздерін кінәлаған. Бүгінде елден ұялды ма әйтеуір камерадан қашып, барынша тығылды. Тоқалы түк сезбедім, түк білмеймін деп құтылды.

Қыздың анасы мен журналистің әңгімесі:

– Сіз қызыңызды білдіңіз бе?

– Білмедім.

– 13 жастан бастап зорланғанын білмей келдіңіз бе? Күйеуіңіздің қандай екенін білмей келдіңіз бе?

– Білмей келдім.

– Неше балаңыз бар?

– 2 балам бар.

– Бәйбішеден ше?

– Төрт баласы бар.

– Неше жыл отастыңыз?

– 13 жыл болды.

Зорланған қыздар бәйбішенікі. Шешеден қайыр болмаған соң апалы-сіңлілер соңғы жылдары әкесінің азғын ісін аудиожазбаға басып, дәлел жинаған. Содан соң қашуға оқталған. Ал адуынды бәйбіше алғашқыда күйеуіне сеніп, қыздарына сенбейтінін айтып еді, артынша қыздарымды қолдаймын деп есікті тарс жапты.

Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылы кешеден бері екіге бөлінген. Өйткені, бауыр еті баласына туған әкесі азғындық көрсетті дегенге сенбейді. Оның үстіне елдің алды, екі әйелдің басын бір қазанда тату ұстап отырған, айрандай ұйыған отбасы деп біледі. Өзі ылғи мешітте жүреді. Күзет фирмасындағы басшыға ұқсайды. Естіген көршілерінің төбе шашы тік тұрды.

«Өте тамаша көрші. Қатынасып жүрміз ғой. Үйіне барсақ, құда күткендей күтіп алады. Жақсы», – дейді көршісі  Райхан Балқыбаева.

«Шыны керек, мен онымен жақсы араласатынмын. Ешқашан жаман ойламадым. Өзім қазір таңғалып жүрмін», – дейді көршісі  Сембай Қасқаров.

Балалығынан айырылған қос қыз тоғыз жыл бір мектепте оқыған. Бес жыл бұрын тәмамдаған. Сабағы жақсы, мінезінде кінәрат болмаған. Тіпті, жыл сайын медициналық тексерісте зорланғанын қалай ешкім байқамағаны жұмбақ. Ал полицейлер 57 жастағы азаматты күні кеше ұстаған.

Дәл осы баппен егер күдіктінің ісі дәлелденсе, 20 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кету керек, он жыл бойы туған қыздарын зорлап келген ер азаматтың үйіндегі әйелінен бөлек бірінші әйелі болған. Одан бір қыз бар. Кезінде Швейцарияға кеткен. Екінші әйелден төрт қыз, бір ұл. Екеуі оқушы. Ұлы әскерде көрінеді. Ал үшінші әйелден екі ұл бар. Сонда төрт оқушы. Енді солардың денсаулығын полиция департаменті жіті тексереміз дейді.

фото: polisia.kz