Қаракемер қалашығы: 1 000 жыл бұрынғы өркениет
Осыдан 1 000 жыл бұрынғы өркениетке тиесілі қала 600 гектар аумақты алып жатыр. Археологтердің айтуынша, көне шаһарды көшпенділер мен түркі мемлекеттері мекен еткен көрінеді. Тарихшылар Құмтиын ауылының қасынан табылған Қаракемер қаласының орнын екі бөлікке бөліп отыр. Бірінші төбе мен екінші төбенің арасы 700 метрді құрайды. Археологтер тобының жетекшісі Ералы Ақынбек қаланың хронологиялық жасын VII-XII ғасырларға жатқызып, бірнеше мемлекет арасында алма-кезек ауысып отырғанын айтады.
– Бұл жерде түрік қағанаттары өмір сүрген. Жалпы айтатын болсақ, Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала гүлденіп, салтанат құрған. Ал қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Кей ғасырда салынғаны келесі ғасырда құлап, қираған. Оның үстіне, қайта қала салынғаны байқалып отыр. Жергілікті халық бұл жерді «Төрткүлтөбе» дейді. Осы «Төрткүлтөбе 1-де» көлемі 11х12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірнеше бөлменің орны анықталды», – дейді археолог Ералы Ақынбек.
Аталған тарихи шаһардың орнын 1938 жыл кеңестік археолог, шығыстанушы Бернштам анықтаған деген де дерек бар. Бірақ кешенді қазба жұмыстары жүргізілмей, зерттеу нысаны ретінде назардан тыс қалып кетіпті. Ал Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтері былтыр қала орнын зерттеуге ниет танытыпты. Биыл қазба жұмыстарына қаржы қаралғандықтан, археологиялық жұмыстар басталып отыр. Қалашық орнынан шыны ыдыстар, әшекей бұйымдар, майшам, тас диірмен, темір соқа мен мал сүйектері табылуда. Тотығы шыққан темір соқа түркі мемлекеттерінде егін шаруашылығы қарқынды дамығанын айғақтап тұр. Археологтер шыны ыдыстардың сынықтарына қарап, сол ғасырларда оны балқыту технологиясы жоғары деңгейде дамығанына таңырқай қарайды. Ал жануарлардың қаңқаларына қарап, қала тұрғындары тек ұсақ малды қолда ұстаған деп болжам айтылады. Ірі малдан тек сиырдың сүйегі мен асығы шыққан.
– Сол кездегі мүйізді ірі қаралар ұсақ болған секілді. Себебі бойы небәрі 1,30 см-ден сәл ғана асқан. Ал әшекей бұйымдарды әрлеп-сәндеуде асқан шеберлік көрінеді. Шыны жасау технологиясы көбімізді таңғалдыруда. Өйткені шыны сынығын алып, анықтап күнге қарайтын болсаңыз, ауа көпіршіктері аз. Әдетте ауа көпіршектері көп болатын болса, оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Қазба кезінде табылған шынылар өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге жаса деп берсе, арнайы аппаратпен жасамасақ, қолдан жасай алмауымыз мүмкін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1 200 градуста құмды ерітіп, балқытып жіберу деген ол өте жоғары дәлдікті қажет етеді, – дейді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.
Сегіз адамнан тұратын алматылық археологтер тобы бір ай бойы қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Сондай-ақ олар жергілікті тұрғындарды да қаланы қазу жұмыстарына тартқан. Алайда аудан әкімдігі мамандарының айтуынша, олар қазір қаланы қайта көміп кетіпті. Бәлкім, бұл да археологиялық қазба жұмыстарының бір құпиясы болар. Оны енді уақыт көрсетеді. Алайда көне қалашық орнынан талай құнды дүние табылатынына бек сенімдіміз.
Сақ дәуіріндегі тайқазан
Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылынан да б.з.д. V-ІІІ ғасырда өмір сүрген сақ дәуіріне тиесілі қазан табылды.
Бесағаштық тұрғын қабір қазып жатқан кезінде қола мен қалайы қосылған сақ мәдениетіне тән көне қазанды тауып алған. Ауыл азаматтары табылған жәдігердің тарихын зерттеп білу мақсатында археолог Сауран Қалиұлына хабарласып, мән-жайды баян еткен.
– Бесағаш ауылының маңында зерттеушілер ортағасырлық кезеңнің қалашығы деп келе жатқан Ақтөбе деген елді мекеннің орны бар. Бұл сонау Кеңес зерттеушісі Александр Бернштамның еңбектерінде көрсетілген. Ал мына көне жәдігер ерте темір дәуіріне тән болғандықтан, алдыңғы зерттеушілердің пайымына қарама-қайшы келіп отыр. Демек, Ақтөбе қалашығының тарихы сонау ерте темір дәуірінен тамыр тартады деген сөз, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы, археолог Сауран Қалиев.
Археологтің кеңесі бойынша құнды жәдігер әзірге жақын маңдағы мектептің мұражайына орналастырылып отыр. Алайда сақ дәуіріндегі тайқазан әлі талай зерттеуді қажет етеді.
Оқушылар тапқан олжа
Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылының оқушылары ойнап жүріп, олжаға кенелді. Олар тауып алған құмыраны археологтер ІХ-ХІІ ғасырлардан қалған жәдігер деп бағалап отыр.
Бұдан бөлек, Төле би атындағы мектептің оқушысы Артем Муравьев ауыл маңындағы қырда ойнап жүріп, беймәлім таңбалары мен керамикалық іздері бар білезікті көзі шалады. Сондай-ақ тағы бір оқушы Қасымхан Жұмабай қола сырғалар мен білезіктерді топырақ арасынан тауып алған.
– Аталған жәдігерлерді достарыммен ойнап жүрген кезде тауып алдым. Жер қыртысынан жылтыраған әлдебір затты көзім шалды. Бірден қазып алуға тырыстым. Кейін мектепке апардым, – дейді Артем Муравьев.
Оқушылар олжасы тарихи мұра екені талас тудырмайды. Тарихшылардың айтуынша, бір кездері жәдігерлер табылған маңда Қарлұқ қағанаты үстемдік құрған екен. Ал бір ғасырдан кейін билікке қарахандықтар келген.
Тағы бір дерекке сүйенсек, Төрткүл төбешігі маңында кезінде «Адахнет» деген ауыл болған көрінеді. Төбе Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігіне жатпаса да, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған.
P.S.
Сөз жоқ, Жамбыл ауданында табылып жатқан құнды жәдігерлер аталған елді мекен бірнеше көне қаланың үстінде орналасқанын айғақтауда. Енді тарихи дүниелерді топырақтан аршып, жарыққа шығару қалып отыр. Ол үшін қомақты қаржы мен күш керек. Сондықтан Жамбыл ауданына жергілікті билікпен қатар облыс, қала берді республика көлемінде көңіл бөлінуі қажет. Осыған жауапты министрлік пен комитеттер назар аударады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы