Жалпы, елдің жайын ескере келе, жоқшылықтың тауқыметін тартқан халыққа аз да болса септігін тигізуді көздеген шаралар жүргізіліп жатыр. Дейтұрғанмен, әлі кем-кетік тұсы жетерлік. Соның ішінде халықты арзан бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған «Байқоңыр» ӘКК-нің жұмысы барлық талапқа сай деп айтуға келмейді. Корпорацияның бұған дейін де осыған ұқсас былықтары елге жария болған.
Сәл кейінге шегінсек, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» 2011 жылы құрылған. 2013 жылы Қызылорда облысы әкімінің қаулысымен «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» «Қызылорда» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы болып қайта аталған. Содан бері корпорация Қызылорданың өркендеуіне жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, өңірде кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасауға негіз қаланды. Бұл тұрғыда өндірістерді жаңарту, инвестиция тарту мен үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр.
Негізінен, аталған кәсіпкерлік корпорациясы Сыр өңіріндегі ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды іске асыруға мұрындық болды. Атап айтсақ, оның қатысуымен құрылған «Қызылорда СПК балық», «Қаратерең балық» кәсіпорындары балық шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізгені белгілі. Сондай-ақ Арал балық өңдеу зауытын сақтап қалу, күріш өндірушілер консорциумын қүру және көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы бола білді.
Бертін келе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын қолға алды. Осы арқылы қазынадан бөлінген қаржыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жасақталып, нарықтағы бағаның тұрақтануына ықпал етуді көздеді.
Соның нәтижесінде әлеуметтік дүкендер желісі ашылып, халықты төмен бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете бастады. Алайда тұтынушылар тарапынан күнделікті қолданатын азық-түлік өнімдерінің сапасына сирек те болса сын-ескертпелер айтылып жүрді.
Жалпы ӘКК-нің 2021 жылы да осыған ұқсас келеңсіздікке жол бергені көпшіліктің жадынан шыға қойған жоқ. Сол жылы азық-түлік қорының 25 пайызы, яғни 300 тоннадай өнімнің далаға тасталғаны қалың бұқараның наразылығын туғызған болатын. Ашығын айтқанда, бұл Сыр өңіріндегі алғашқы жағдай емес. Мұндай келеңсіздік жиі бой көрседі.
Әлеуметтік желіде 26 мамыр күні жария болған жайсыз жағдайдан кейін Қызылорда облысы әкімдігінде өткен мәжілісте азық-түлікті далаға тастаған корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді.
Жиында жауаптылар «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қалдықтарды 25 мамыр күні тасталғанын растады. Мұны азық-түлік ұзақ сақталғанда, өз салмағын жоғалтуымен түсіндірді.
Алайда корпорация басшысының бұл ақталуы, оны жауапкершіліктен құтқара алмайтыны түсінікті. Осы жағдайға жол бергені үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылды.
«Шындығына келгенде, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, мамандарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та жасалмаған. 126 тонна өнім шіріп, жарамсыз күйге жеткенше ешқандай әрекет жасалмаған. Оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ», – деді жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Бұл тұрғыда басқарма басшысы да өз уәжін білдіріп отыр. Оның айтуынша, қоймада өнімдер белгіленген талапқа сәйкес сақталып тұр.
«Биыл көкөніс алдыңғы жылға қарағанда 3 есе артық мөлшерде сатып алынғанымен, жою көрсеткіші 3 есе аз, яғни 9,2 пайызды құрап отыр. Ол алынған өнімнің талапқа сәйкес сақталғанының нәтижесі», – деп мәлімдеді осы жайында басқарма басшысы.
Осы мәселе төңірегінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына хабарласып, жай-жапсарын білмек болдық. Корпорация тарапынан ешқандай заң талаптарынан тыс әрекеттерге жол берілмегенін айтып, ақталып отыр. Яғни, жарамсыз тауарларды жоюдың барлық талаптары өз шеңберінде жүргізілген.
«26 мамыр күні әлеуметтік желілерде қоқыс полигондарына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы жазба тарады. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынады. Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Оның ішінде жарамсыз қалдықтардың қалуы заңды құбылыс. Соған сәйкес қоймадағы тауарлар ай сайын сараптамадан өткізіледі. Жою алдында, жарамсыз көкөніс тауарлары актіленіп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынады. Әрі қарай қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, шешім қабылданады. Арнайы мамандардың қорытындысы бойынша есептен шығарылып, келісімшартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады. Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған», – деді «Байқоңыр» ӘКК өз хабарламасында.
Жалпы, құзырлы орынның мәлімдеуінше, биыл бағаны тұрақтандыру мақсатында 588,1 тонна картоп, 720 тонна пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз қоры жинақталған. Нәтижесінде, 1 547,1 тонна көкөніс сатып алынса, оның 9,2 пайызы тасымалдау, сақтау, дүкендерге апару, тұтынушылардың іріктеп сатып алуынан соң жарамсыз болуына байланысты жойылғанын жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада «өнімдерді адамдарға таратып бермей ме?» деген пікірге орай тамақ өнімдерін кәдеге жарату мен жоюдың өз ережесі болатынын алға тартты. Бұл тұрғыда Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, жойылған көкөністерді адамдарға немесе үй жануарларына беру адамдың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретіндігін мәлімдеп отыр.
Ал келешекте мұндай келеңсіздікті болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстары жөнінде мардымды жауап бере алмады.
Негізінен, Үкімет қаулысына сәйкес, азық-түлік тауарларының тізбесіне әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар енгізілген. 2023 жылғы күзгі өнімнен 3 453,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала ақы төлеу шартымен форвардтық сатып алу көлемі белгіленіп, тұрақтандыру қорын толықтыруға 901,6 млн теңге бағытталыпты.
Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, мәселенің мән-жайы мұқият тексерілетінін хабарлады. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленетін болды.
Жалпы, тұрғылықты халық жаппай ысырапшылдыққа жол беріп келген корпорация басшылығын жұмыстан босатумен мәселе түзеліп кетпейтінін айтып отыр. Халықтың несібесін аяқасты еткендерге қандай да бір шара көрілуін талап етеді. Сондықтан мәселе жан-жақты тексеріліп, жауапкершілік танытпағандар тиісті жазасын алса игі. Құзырлы орындар халық талабын ескерусіз қалдырмауы тиіс.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы