Қошқар атадағы қыз

Шілденің қақ ортасы. Тапа тал түс. Жеңіл машинаның кондиционері қанша керемет болғанмен, кеудеңді керіп рақаттанып демалатын табиғи ауаға жетпейді. Таңертең нәр татпастан ерте шыққанбыз, қарын аша бастады.

 Таразға тоқтағымыз жоқ. Не болса да Күйік асуында бір жүрек жалғайтын жер табылар, оның үстіне ауасын айтсайшы қоңыр салқын. «Әне-міне» дегенше Күйік асуына да келіп қалдық. Алматыға талай рет жеңіл көлікпен барған кезімізде Күйік асуына бір тоқтап, әлденіп барып, жолды жалғастыруды үйреншікті әдетке айналдырғанбыз. Тасжолдың екі жағы қатпар-қатпар жақпар тастар. Қара сұр тастар бейне бір тарихты бойына сіңірген беттерін әбден жел қаққан кәрі шалдарға ұқсайды. Күйік асуының табиғаты өзгеше самал дейтін самалға ұқсамайтын. азын-ауық сұрғылт желдің толастаған кезін көрген емеспін. Қара тасқа тырбиып-тырбиып шыққан өсімдіктер те осы желдің әсерінен бе, әйтеуір, бой алып кете алмай ілмиіп-ілмиіп селдір сирек. «Күйіктің қызғалдаққа толы қырқалары бар» дегенді естігенмін, бірақ бұл маңнан көзіме түспеді. Оның үстіне, қазір шілде. Адамдар қызық қой,  кейбір үлкен шоқтастарға өздерінің аттарын, туған жылдарын жазып тастапты. «Несіне жазды екен?!» Сонша биікке зілдей бояу тола құтыларын көтеріп алып шыққандарын көрмейсің бе? Табиғаттың бізге сыйлаған дүниесінің неге қадірін барлық пенде бірдей қадірлей білмейді, «әттең-ай!» деп соған ішің ашиды. Қолдан ештеңе жасап қоспай-ақ қой, ең болмаса барды сақтайық та, ал біздер болсақ бүтінді өз қолымызбен бүлдіреміз, барынша айғыздаймыз. Табиғатты сүю мәдениеті бізде қалыптаспағаны осыдан-ақ көзге ұрып тұр. Тура «жаны ашымастың басы ауырмас» кері... 

Күйік асуының бір ерекшелігі – некен-саяқ болса да әдемі бүлкілдеп жатқан жорға бұлақтары. Кейбір тұстарында кішігірім өзенге ұқсас ағын суларды да кездестіресің. Жолаушылардың да тоқтап бел жазып алатын жерлері – осындай жерлер. Күйік асуы туралы неше түрлі аңыз бар. 

Ертеректе Күйік асуында керуендер тоналып, ұрылар олжаларын Ұрысайға апарып бөліседі екен. Сол себепті «Қанды асу» деп, кейіннен «Күйік асуы» аталыпты. Атақты тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың жазбаларында қазақтың ханы Есімхан жауға аттанарда Тұрсын ханға ел билігін, отбасын аманат етіп тапсырыпты. Екі жыл өткен сол Есімхан жорықтан елге оралған жолында осы тауда Тұрсын ханның бұзауларын бағып жүрген кейуананы көреді. Әлгі кейуана Есімханның анасы болып шығады. «Соның күйігінен жер атауы «Күйік» деп аталыпты» делінген. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» «Шыңғыс ханның тағының иесі Күйік осы жолда қайтыс болып, тау «Күйік» деп аталыпты» десе, енді біреулер «Ақтабан шұбырынды...» жылдары елдің күйік зарына байланысты аталыпты» десе, біреулер «Айша бибіні жылан шағып өлтіргенде төңіректегі тау-тастың барлығы анасының күйігінен қап-қара болып күйіп кетіпті, содан «Күйік» аталыпты» дейді. Тағы бір аңызда Бәйдібек бидің алты баласы жаумен шайқаста қаза тауып, содан осы тауды жұрт «Күйік» деп атап кетіпті дейді.

Жол жүргендегі әдетіміз бойынша түстеніп алатын үйреншікті жерімізге жеттік-ау! Көлікті бір шетке қойып төмен түсіп сылдырап ағып жатқан суға еңкейіп алдымен беті-қолымды жуып ағып жатқан суға қарап ұзақ отырдым. Мөп-мөлдір, тап-таза бұлақтың суымен шомылып тазаланған бір бұдыры жоқ ұсақ тастар әбден жылтырап көздің жауын алып, бұлақты тазарта түскендей. Бұлақтың әдемі сылдыры мөлдір тамшылардың қосылып сырласатын кейпіне ұқсайды. Қанша отырғанымды қайдам, сергіп қалған сияқтымын. Кенеттен бір ой келді: «Аяғымды суға батырып, жаман энергиядан тазалап алайын» деген. Алдымен оң аяғымды, сосын сол аяғымды батырып, біраз тұрдым. Беті-қолымды жуғанда сезбеппін судың қатты мұздайлығын. Нағыз тамшы бұлақ: сүйек-сүйегімнен өтіп, миыма жетті. Қалшылдап жаурайын дедім. Жолға алып шыққан азын-аулақ ет-петімізді турап, қасымдағылар нанға қосып бұралақтап жеп жатыр. Сырттан қараған адамға арттарынан біреу қуып келе жатқандай көрінеді екен. Түйіліп қалса қайтеді. Кеселерге құйылған сусынға да, термостағы шайға да қарайтын түрлері жоқ. Негізі әйелдерге қарағанда еркектер ашқарақ келетіні рас екен... 

Түннің жарымында тіземнің сырқырап, қақсап қатты ауырғанынан оянып кеттім. Шамам келгенше тізе тұсымды уқалап, массаж жасаған сымақ болдым. Сәл ғана саябырсыған болады да қайтадан бастайды, сырқырауын тоқтатар емес. «Не болса да таң атсын, үйде он шақты жылдан бері сақталған жылқының іш майы бір жерде бар еді, соны тауып алып тіземе жағып, таңып тастамасам ба» деп ұзақ таңды көзбен атқардым-ау! Таңертең орнымнан тұра салып сүйретіліп жүріп жылқының майын тіземе жағып, қалыңдатып ақ сұрыппен байлап тастадым. Үйдегі тозығы жеткен ешкім жамылмайтын ескі түйе жүн көрпені тауып алып,  қымтанып жатып қалдым. «Не болса да терлесе кететін шығар» деген ойдамын. Аяғымды баса алмаймын, тіземе салмақ салмауға тырысып бағудамын. Азаннан бері нәр татқан жоқпын, «қай жерің ауырса жаның сол жерге барады» деген әжемнің сөзі есіме түсті. «Күйіктің суына аяғымды салып жаман энергиямды кетіремін» деп артық қылам деп тыртық қылғанымды қарасайшы. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші. Шілденің ыстығында балқып терлеп, бусап тұрған тізем бұлақтың тастай суынан сіресіп қалғанын көрмейсің бе?! 

Ұйықтап кетіппін. Шылқа терден ояндым. Жылқының майының иісі бөлмені алып мүңкіп барады. Аяғым ауырмайтын секілді. «Киімімді ауыстырайын» деп орнымнан тұра бергенім сол, оң тізем кілт ете қалды. Тіземде бірдеңе тырс етіп сынып кеткен сияқты. «Жаңа ғана ауырмай тұрған еді, не болды?!». Аяғымды басайын десем тізем бүгілмек түгіл қол тигізбейді. «Жылқының ұзақ сақталған майын сынған сүйектерді жібітіп, қате біткен сүйектерді қайтадан салу үшін сынықшылар қолданады» дегенді естіген едім. Аяғымның еш жері ешқашан сынбаған еді. «Тізеде тоқпан жіліктен басқа не бар еді?» деп мектептегі анатомияны еске түсіре бастадым. Жілік аман, жілік кетсе орнымнан тұру қайда, не болса да бағанағы кілт еткен шеміршек болар, бәтшағардың бір шеті майдаланып сынып кеткен болса керек. Түстен кейін ортопедке барып рентгенге түсірдім тіземді. Мәссаған, орыс дәрігер: «Артроз-4 степень» деп диагноз қойып берді. «Тізеге салмақ түсіруге болмайды, балдақпен жүресіз, әйтпесе жіліктің басы мүжіліп кетсе мүгедек болып қаласыз», – деді. 

Күнде емханаға келіп ем аламын. Он күн өтті, бірақ одан тіземнің сырқырағаны басылатын түрі жоқ. «Ақсаңдап жүргенімнен арылатын шығармын мынау тиіп тұрған Қошқаратаға барып аяғымды суына салып көрейін» деп бұлақтың басына күйеуім екеуміз келдік. Күйеуім: «Сен де басыңа тимейтін адам екенсің. Күйіктің мұздай суынан бір тізеңе ауру жамап алған едің, Қошқар атаның суынан қалған екінші тізеңді қосып алсаң жетісерсің», – деп мұқатып қояды. Басқа сенетін адамның реті болмаған соң, қарсыласқаннан пайда жоқ. Әншейінде,  басымнан сөз асырмайтын, "ләм" деп тіс жармадым. «Не десең о де, бұны да бір көрейін», – деп келемін іштей. «Қошқар атаға дертіне шипа іздеп келіп айығып кетіпті, әсіресе сүйек, буын ауруларына, түрлі жараларға ем екен» дегенді еститінмін. Дәл қасымызда бір рет те келіп көрмеппін. Қошқар ата туралы көптеген аңыз бар. 

Аңыздарда «Қошқар ата негізінен XI ғасырда Қаратау өңірінде өмір сүрген» делінеді. Жастайынан ата-анасы Бұхараға жеті жасында оқуға жіберіп, он шақты жыл оқиды. Қошқар ата осы өңірге қайтып келіп, мешіт, медресе ашып, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.)-ды елге танытып, тұрғындардың діни сауатын ашуға атсалысады. Он жыл осында тұрақтапты. Одан кейін ұстаздары қайтадан Бұхараға шақырады. Бір жыл ғұламаларға ілім үйретеді. Көптеген бұлақтың көзін ашып, жер-жерді суландырумен айналысқан. Төртінші атасы Арқар деген асқан батыр адам болған екен. Сол «Сен енді Арқардай бола алмассың, қошқардай бол!» деп жанама ат қойған екен, шын аты Қылыш болған» деседі. «Шымқаланың іргесін ең алғаш көтерген Қошқар ата екен» дейді кейбір аңыздарда. Жазба деректерде Қазақстанда Қошқар ата денесі жерленген деп 12-13 жерді атаса, соның бірі – Қошқар ата әулие атымен аталынатын Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңы маңынан ағып өтетін Қошқар ата өзені бойына орналасқан кесене. Кесене Қошқар ата өзені жағасынан 2,5 метрдей биіктікке орналасқандықтан, кесенеге 12 баспалдақпен көтеріліп барады. Қабырғаларында терезе жоқ. «Дымқыл тартпасын» деп кесенені айналдыра ені бір метрге жетер-жетпес цемент құйылған. Есіктің сол қапталына биіктетіле көтерілген қабір белгісі бар. 

Кесенені 1976 жылы Манап Өтебаев салдырған. Манап аға мінезі байсалды, жүзінен иманы төгіліп тұратын еді. Манап аға қайырымдылықпен көп айналысқан болатын, талай рет іс-шараларда бірге болғанмын. Кесенеге кіріп-шығатындар некен-саяқ. Келушілер көбінесе бұлақтың суына бола келеді, жас-кәрі демей қысы-жазы шыпырлап шомылып жатады. Мен де үйден дәретімді алып, ниеттеніп Қошқар атаға  келдім. Жолдасым мені бұлақтың басына алып келді де: «Мен көлікте боламын, жарты сағаттан соң келемін», – деп кеткен. Арасында "Бір басыңа тимейтін адам екенсің, мұздай суға үйір, бір бұлаққа бір тізеңді беріп,  майып болып отырысың мынау, екіншісіне қалған сау тізеңді берсең құп қатарсың" деп бұрқылдап қояды. Сөз қайтарғым-ақ келді, емге келіп салғыласып жатсам ем қонбас деп өзімді әрең тежедім. 

Әжемнен үйренген сүремді оқып, аяғымды суға малып біраз отырдым. Су не деген тұнық, ішінде кіп-кішкентай шабақтар шоршып ойнақтауда, туасы мен отырған жер бұлақтың басы, ең таяз жері. Судың мұздайлығы соншалықты миымнан бір-ақ шықты. Жанымда ешкім жоқ, оның үстіне таң енді ғана атты, кейбіреулер ұйқыдан тұрмаған да шығар. Бұлақтың басында адам баласы көрінбейді, анадай бір он шақты метрдей жерде шоқиып бір бүлдіршін қыз отыр, әлсін-әлсін мен жаққа көз салып қояды. Қанша отырғанымды білмеймін әлгі қызға көзім тағы да түсіп кетті. «Неге кіп-кішкентай қыз жалғыз жүр? Үйінен таң алакеуімде шыққан шығар, қандай қорықпайтын қыз, үйіндегілер алып келсе қайтеді, бұл қыздың да бір жері ауыратын болса керек қой?!» деп ойладым. Бір кезде қыз киімін шешпестен беліне дейін суға түсіп, ұзақ отырды. Шамасы жүзе алмайтын болса керек, таяз жерді таңдағанына қарағанына. Не болса да маңайда екеумізден басқа тірі пенде жоқ, бір-бірімізге серік болдық. Талдырмаш сары қыз жұп-жұқа шашын бір бұрым етіп өріп қойыпты. Киімі жұпыны. Суда бес минуттай отырды да, таяз суға сүңгімек әрекет жасап, онысынан түк шықпағанын байқады білем судан шығып, ескі қотыр сүлгісімен шашын сосын көйлегінің сыртынан үстін апыр-топыр сүрте бастады. Аяғында арзан сланцы. Қыз бұлақтың арғы жағында, мен бергі жағындамын. Бұлақтың арғы жағына шығып барып сөйлескім-ақ келді, бірақ аяғымды тіке баса алмаймын. Оның үстіне,  «аяғым тайып кетсе  мүлдем тұра алмай қалармын» деген қорқыныш тағы бар. Қыз үсті-басын сілкіп, бұлақтың басынан ұзап бара жатты. Дәрменсіз күйде қызды көзіммен шығарып салдым...

Ертеңіне ертерек келіп қыз суға түскен жерге жақындау жайғастым. Бұлақтың бұл жағасы ыңғайлырақ екен. Кешегі беті тікелеу еді, бұл жағалау адам аяғы көбірек басылғаннан ба жарқабақтанған емес, бұлақ жайылып барып, ылдиға қарай ағып жатыр. Аяғымды салуға да ыңғайлы, әрі кішкене тақтайшаға төсеніш қойып отыруға да болады. Суға қарап ойға батып кетіппін. Келе салып жан-жағыма қарап, кешегі қызды іздедім. Қыз менен бес метрдей жерге барып, дәл кешегідей беліне дейін суға түсіп түрегеліп, теріс қарап тұр. Әңгімеге тартпақшымын. Жақындауын күтіп тұрмын, бірақ мен жаққа бетін бұратын түрі жоқ. Не болса да судан шыққанын күтейін... 

Аяғымның ауыратыны есімнен шығып кетті, қыздың жалғыз жүргенінде бір сыр бар екені анық. Қыз судан шыға бастады. Сүртініп жатыр. Кешегі көйлек, кешегі сүлгі. «Қызым, саламатсың ба?» – деп едім жауап қатпады, бірақ естіген сияқты, өйткені жартылай мойнын бұрғандай болып көрінді. Мылқау шығар, кім білсін, мылқау болса қалай естиді, мылқаулардың да еститіні болады ма кім білсін, біз білмейтін табиғаттың сырлары қаншама. Жап-жас қыздың мылқау болғаны қандай қиын. Не болса да жұмбақ қыздың бір жұмбағы бар... 

«Қошқар атаға  жеті күн келемін» деп шешкенмін, соның бүгін төрт күні өтті. Қыз да күнде келеді, үн-түнсіз бұрынғы әдетімен жарты сағаттай суға түсіп кетеді. Жан-жағына бұрылып та қарамайды. Бүгін мен күндегіден кештеу келдім. Қыз суда отыр екен, жанында тірі жан жоқ. Мен тура қыз аяқкиімін шешкен жерге сүйретпемді түзулеп қойып жатып қыз жаққа қарадым. Иығының селкілінен байқадым: өксіп жылап тұрғандай. Қыз мені байқамаса керек,  дауысын шығарыңқырап жылай бастады. Арасында түсініксіз бірдеңелерді айтып жатыр. Шынын айтсам, «әулиелі жерге келген соң құдайға сиынып, жалынып,  тілек тілеп жатқан шығар» деп түсіндім. Қыз мені байқамады, өксігін тоқтатар емес. «Не болса да кедергі келтірмейін, ішіндегі шерін тарқатып алсын. Жаратқанға жалынып жатыр, тілегі қабыл болсын!» деп ақырындап судан шығып, шегіншектеп сүйретіліп барып, жақын тұрған талдың астына таман қызға байқатпай жайғасып, қыздың судан шығуын тостым. Қыз тоқтар емес, бағанағыдай еңкілі қатты естілмесе де, жылап тұрғанын сезіп отырмын. Біреу қасымнан жүріп өткендей болды. Жасы қырықтарға жете қоймаған келіншек судағы қызға қарай бет алды. Не болса да қыздың жақын адамы болды ғой, анасы ма екен, әпкесі ме екен, жеңгесі іздей қоймас таң атпай жатып. 

Келіншек аяқкиімін шешті ме, шешпеді ме байқап та үлгермедім, суға қойып кетіп, қыздың қасына барып бірдеңелерді айтып жатыр. Бір ұрсып, бір жұбататын секілді. Бір кезде әлгі қыз келіншекті құшақтап өксіп қоя берді. «Алла Тағалам  мені алып кетші, қалай жерді басып жүремін?!» деген қыздың дауысын  анық естідім де, екеуіне қарай бет алдым. Аяғымды баса алмайтыным есімнен тарс шығып кетіпті. Қыз бен келіншектің мәселесін шешіп берердей ұмтылғанымды білемін. Судың жағасы тайғанақ болатын әдеті емес пе, ауру аяқпен тайып құладым. Табаным жылпылдап тіреу таба алмай әлек. 

Таяз суға тұншыққан жаман болады екен. Дауысым  қатты шығып кетсе керек, қыз бен келіншек жаныма жетіп келіп екеулеп мені шығарып алды. «Құдіреті күшті Жаратқан Ием мен бұларға жәрдем берем» десем, бұлардың маған жәрдем бергенін қарасайшы. Осылай бізді Қошқар ата таныстырды... 

Еріксіз көзіме жас келді. Қыздың аты – Сәнім екен. Келіншек анасы болып шықты. «Сен де қызық екенсің, қызыңды неге жалғыз жібересің, еріп келмейсің бе,  жоғалып кетсе қайтесің?» – деген сөзіме келіншек үн қатпады. Тапжылмай қарап қалғанымды сезді ме келіншек үнсіз біраз отырып барып,  өксіп-өксіп жылап жіберді. Ондай өксікті ешқашан естіген емеспін, зілмендей салмағы ауыр өксік. Ішіндегі қапасын лоқсып-лоқсып құсып жатқандай. Денесі солқ-солқ етеді. Мен кәдімгідей абыржып қалдым. Кесемен су ұсындым. «Елге қалай қараймын, бетім жоқ, өле салғаным жақсы», – деп солқ-солқ етеді. «Өзіңізді қолыңызға алыңыз, одан да не көмек керек, соны айтыңыз», – деп әзер тоқтаттым. Әбден тозығы жеткен мыж-мыж бет орамалымен көз жасын сүртіп болды да: «Қошқар ата жақта пәтер жалдап тұрамыз. Жалғыз қызым, осы жылы он төртке енді толады. Айналадағы жігіт біткенге мазақ болып бітті. Бәріне өзім кінәлімін, – деп тағы да көз жасын төгіп-төгіп жіберді. – Қателігімді енді түсініп жүрмін...». 

Осыдан үш жыл бұрын шалғай ауданда ата-енесімен бірге тұрғысы келмей күйеуімен ажырасып қалаға келіпті. Күйеуі біреудің жалғыз ұлы екен. Ерегіскен күйеуі мұны  іздеп келмепті. Келіншектің білімі болса да жоқ, күн көру керек. Қалаға келген соң біраз жерге жұмысқа орналасыпты. Біреулерден жұмыс істеген күндеріне еңбекақысын да ала алмаған кездері болыпты, әбден қиналыпты. Кейіннен моншалардың біріне жұмысқа орналасыпты. Алғашқы жылы күндізгі кезекшілікке түсіп жүріпті де, кейіннен түнге көбірек төлейтін болған соң, түнге де шығып кетіпті. Алғашқы кездерде қызын көршілеріне дайындап қалдырып жүріпті. Көршілер де қашанғы қарасын, оның үстіне көршілер де пәтер жалдап тұрады, олар да тұрақты емес, тез-тез көшіп кетеді. Сонымен, соңғы кездерде қыз үйде жалғыз түнеп жүрген. Бір күні жалдамалы пәтер болған соң, қалай оңсын, аңғал-саңғал терезеден екі жігіт түсіп қызды зорлап кетіпті. «Айтсаң өлтіреміз», – деп әбден қорқытыпты. Ұрып-соғып жанын шығарады десе керек, болған жайды қыз шешесіне де айтпапты. Ең сорақысы,  бірте-бірте әлгі бұзылғандар қызға келуді жиілете бастапты. «Келіспесең бүкіл мектепке жаямыз, интернетке салып жібереміз», – деп қорқытыпты. Қыз мектепке барса мектептегі балалар бұған басқаша қарап, мазақтап күлетінді шығарыпты. Қыз мектепке баруды мүлдем қойыпты. Шешесі жұмысқа кеткенде қыз Қошқар атаның  суына барып қайта-қайта түсе береді екен. Қызының көңілсіз екенін байқаған шешесі қызынан бар шындықты біліп алып, қосыла еңірепті. «Бұзақылардың істегендерін қызымның өз аузынан естіген кезде қызымды ұрмақ түгіл ұрса да алмадым. Бәріне өзім кінәлімін. Ата-әжесі болғанда абай болатын еді, мұндай масқараға ұшырамайтын едік. Басында бекер ажырасыппын, әттең-ай!»,  – деп жерге қарады. «Жүріңіз полицияға барайық, қазір күйеуім мені алып кетуге келеді. Арыз жазуға көмектесеміз», – дедім. Ашу-ызам келді. Кімге ызаланғанымды ұға алмадым, оңбаған жігіттерге ме, әлде қасымда отырған қыздың дәрменсіз анасына ма, шындықты уақытылы айтпаған қыздың жасықтығына ма, әйтеуір кеудемді кернеген ыза бірте-бірте жұдырығыма жиналып, кінәлі атаулының бәрін төмпештеп тастағым келді. «Тұрыңыз, арыз жазыңыз. Күйеуім тергеуші болып істеген: жолдарын біледі. Мұндайды жасыруға болмайды, бүгін сіздің қызыңыз, ертең басқа қыз осы қорлықты көреді. Оңбағандарды тайраңдатып жүргізбей, қамату керек», – дедім. Қыздың анасы бетіме жалт қарап: «Айта көрмеңіз, ел-жұрт не дейді?! Тек жұрттың саусағымен шұқып көрсетуі ғана қалып еді. Айқайлап та жария етпеймін, полицияға да бермеймін, кімді кінәлі деп көрсетемін, қанша уақыт өтіп кетті?! «Қызым бірдеңеге ұшырап кете ме деп қорқамын». Онсыз да қызының өзінен-өзі жиіркеніп Қошқар атаның  суына барып күнде шомылатынын айтып, тағы да еңіреді. Көкірегі шерлі, өңеші толған ауыр қайғылы өксік. Әрі қарай жұбатуға сөз таппадым. Анасы мен қызы қосыла жылап отыр. Қайғысымен бөлісетін адам табылғанына да шүкіршілік ететін сияқты. Бір кезде қыз жыламсырап: «Бүгін менің тілеуімді Алла естіді-ау деймін, Сізге жолықтықтырды бізді», – дегенде қызды қалай құшақтап алғанымды байқамай қалдым. Қыздың нәзік қолдары да менің иығымды сипалап,  басын кеудеме қойды. Жылылық тапқандай. Тура бір бұрыннан танитындай. Маған сенгенін іштей ұқтым, екеуі барлық құпияларын алдыма жайып салды. Денем шымырлап қоя берді. Мейірімім қызға түскенін сездім. Е.Әбділданың сөзіне жазылған Жарасқан Төлебайдың әні көмейіме оралды:

Мейірімді Алла ешкімді жылатпа,

Мейірімді Алла ешкімді құлатпа!

Мейірімді Алла сабыр бер сынақта,

Мейірімді Алла, мейірімді Алла...», – деп іштей қайталай бердім. Жылап отырған екеуге қосылып мен де жылай бердім, жылай бердім... 

Алладан мейірім тіледім. Жүрегім жылап тұр, езілген жүректердің сыр пернелері дөп басылып тұр. Мейір Қадіровтың «Алланың 99 көркем есімі» туралы жинағындағы қасиетті сөздерді еске алдым. Әлде де біз Алланы тани алмай жүрміз-ау... Алланы жүрекпен тану қандай ғажап еді. Қошқар атаның басында Алланы еске алдық, жалындық. Қиналғанда Алланы еске алатын пендешілік-ай!

Иә, әсіресе Сәнім бүгін Алланы таныған сияқты. Ілімдердің ілімі – мағрифатулла ілімінде «Алла туралы танымға жетелейтін Алланың көркем есімдерінің бірі – Ас-Сабур» делінген. «Аса сабырлы» деген мағынаны білдіреді. «Ас-Сабур!» – деп қайталай бердім, қайталай бердім... 

Ашу-ыза жайына қалды. Сәнімнің сабақ үлгерімі де жаман емес екен. Сөз саптауына қарағанда, қыздың өзі де жаман болмау керек. «Қалай көмектесем?» деп отырмын. Анасын кінәлап отырмын. Айқайлап ұрысқым келді, бірақ  дауыс көтермедім. Сасқанымнан: «Моншадан басқа жұмыс таппадың ба, өзіңнің де ұрынған жеріңді көрмейсің бе?!» деппін. «Сөзім ауыр тиеді-ау» деп те ойламадым. Шындықты мойындамайтын адам кемде-кем ғой. Ащы да болса шындыққа не жетсін. Шын мәселенің шешу жолдары – шындық әрекеттер арқылы шешіледі. Күйдіргенде біз кез келген нәрсенің шынын айтпай, қымсынып, жасырып қалатын әдетіміз өзімізге қанша таяқ болып басымызға тисе де қоймаймыз. Басын ашып алу үшін бүкіл шындықты жасырып, бір шетін ғана шығарып қойып, елдің бәрін делқұлы етеміз. Бұл сананың ашықтығы емес, пасықтығы. Ашық әңгімеге жоқпыз, тартқыншақпыз. «Әлде бұл біздің басымыздан өткен бодандықтың әсері ме» деп те кейде ойлап қаласың. Мұндай әлсіз, нашар қасиет намыстың өшуіне алып келеді. Қай қазақты алсаң да, тарихымызға үңілсек те, барлық қиын-қыстау кезеңнен қазақтың өр мінезі мен намысы сүйреп алып шыққан. Намысы кеудесіне сыймай, сол намыс көзінен от болып шашыраған бабаларымыз қызын үлбіретіп ұстаған, тұмсықтыға түрттірмеген. Ұзатылған қызға үлбіршекті бекер бермеген. «Қыз елдің көркі» деп еркелеткен, «қыз қонақ», «қыз жат жұрттық» деп айрықша құрмет көрсеткен. Бір кезде «Баламды өзім-ақ асыраймын» деп арғы жағы не боларын ойламастан долданып, түйіншегін төркініне ала қашқан асау келіншектің тағдырына аяй қарадым. «Өзім білемнің» кесірі. Бос көкіректің аяғы неге апарып соққанын қарашы. Әкем марқұм айтушы еді: «Қарғыстың ең жаманы – «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген» деп. Мынау дәл соның кері. Басу айтар ағайынның болмағанына қынжылдым. Ажырасып кетіп, күн көре алмай баласын сүйреп жүрген қазақтың келіншегінің бұл – біреуі ғана. «Әйелді бастан, баланы жастан» деген аталы сөздің шындығына көзім анық жетті. Әбден айқайлап ұрысқым келді. Онсыз да жетісіп отырмаған шығар, өзімді әзер тоқтаттым. Демеу іздеп жүрген кезінде зекіп жібергенім болмас. Қайтіп көмектессем екен?! Бір жолғы қаражаттай берген көмек не болар дейсің?! Ата-енесінің мекенжайын сұрадым. «Күйеуің үйленіп кетпесе «жаздым-жаңылдым» деп қайтадан қосыл, болмаған жағдайда ата-анаң тірі екен ғой, ауылыңа бар. Мына қыз ең болмаса мектепті бітірсін, – деп ақыл айттым, – Құқық қорғау органдарына арыз тастаңыз, кәмелетке толмаған баланың мәселесі мүлдем басқа, егерде сіз сияқтылар «ұяттан өлім күшті» деп жүре берсе – бұндай арсыздыққа тоқтам болмайды», – деп біраз кеңес бердім. Ешқандай арыз бермейтініне көзім анық жетіп, «не болса да қызды қаладан алып кету керек» деген ойға тоқтадым. 

Мұңлы келіншек қателігін түсініп отыр. Одан не пайда?! Балаң үшін өмір сүресің. Бұл бір ғана өз құлағыммен естіген шала тағдыр. Кім біледі бұл қыздың алдында не күтіп тұрғанын. Мүмкін бәрі жақсы болып кетер. Жүрегім сыздап қоя берді. «Қызға кырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген сөз есіме түсті. Қай нәрсе болмасын бақылау керек. «Қарамасаң – қатын кетеді, бақпасаң – бай кетеді». «Ұлды тоқшылық бұзады, қызды жоқшылық бұзады» деген аталы сөздің орынды екенін іштей ұғындым. Қазақтың тыйымдары қазақтың қызына да, ұлына да арналған. «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» – тап осы. Жастарды отау құрғанда «Е, өзіміз білетін пәленшенің қызы екен ғой», – деп жататыны бекер емес. Сұраушысы бар болғанға не жетсін. Көп нәрсенің ең үлкен емі – сабыр. Терең ойға батып кетсем керек күйеуімнің: «Кетпейміз ба?» – деген даусынан селк ете қалдым. «Қой тұрайық», – деп қисаңдап орнымнан тұруға ыңғайлана бергенім сол қыз маған жалт қарап: «Апай, кетіп бара жатырсыз ба?» – демесі бар ма. Қыздың телмірген көздерінен менен айырылғысы келмей жатқанын айтпай-ақ ұқтым. Келіншекке қарамадым да: «Жүріңдер үйлеріңе апарып тастайын», – дедім. Екеуі соңымнан ілесіп көлікке мінген соң күйеуінің аты-жөнін, телефонын сұрап жазып алдым, тұратын жерін де көріп алдым. «Енді хабар өзімнен болады», – деп қош айтысып үйге қайттым. 

Келген бетте шәй қайнағанша телефонмен хабарласып келіншектің күйеуімен сөйлестім. Мені қызының «сынып жетекшісі» деп ойласа керек. Бірден ағынан жарыла кетті. Бір рет үйленіпті. «Ауру шалға қарағысы келмей екінші әйел де кетіп қалды», – деп сөзін қысқа қайырды. «Әйелсіз өлмеспін, әке-шешемді әйелге ұнамады екен деп далаға ысырып тастамаймын» деген сөзінен намысты азаматтың даусын естідім. Камаз айдайды екен. «Алыс сапарға шығып кетем анда-санда, көбінесе ауылдамын», – деп жөн сөзге келе бастады. Алыс сапарға жол жүрген кезде нағашы келіндері қарайласады екен. «Бізде бәрі дұрыс, бір жылдан аса уақыттан бері тек әкемнің сыртқа кіріп-шығуы қиындап қалғаны болмаса», – деді. Іштей жігіттің өр мінезіне, әке-шешесіне деген бауырмалдығына, сүйіспеншілдігіне риза болдым. Ер азаматтардың бәрі осындай болса қазақтың қарттары қарттар үйін мекен етпес еді-ау... 

«Мүмкін болса бір әңгіме бар еді ақылдасатын, кездесейік», – деп келіскенін күтпестен телефонды жолдасыма беріп үйдің адресін айтқыздырдым. «Қандай тірлік?» деп те тәптіштеп сұрамады. Мен болсам әңгіменің басын бастап: «Қызыңыз жайлы: қиналып жүр», – дедім де әңгімені қысқа қайырдым. «Жақын арада өтемін», – деді. Күйеуім болса: «Сен бәріне сене бересің, ажырасып кеткендер көбісі бала-шағасын іздемейді де, анау әйелі күйдірген ғой. Көр де тұр келмек түгілі енді сен телефон соқсаң телефонын өшіріп тастайды», – деді. «Араласа бермеші», – деп қайтарып тастағаным сол: «Онда неғып маған телефонды ұстатып жатырсың», – деп бұрқ-бұрқ етіп, ас бөлмеге кіріп кетті. Тамағын тойдырып алмаса сөйлескеннен пайда жоқ екенін білем, теріме әрең сиып отырмын. Ұрыс шығаруға болмайды әйтпесе не болсаң о бол деп тырысып жауап қатпай қоятын әдеті бар. «Менің күйеуім бар екенімді естіген соң келіншектің күйеуінің пікірі дұрысталар, әйтпесе ажырасқан әйелінің бойдақ подружкасы деп ойлап қалмасын» деп телефонды күйеуіме бергенімді күйеуім қайдан білсін. Күйеуім қанша жыл тергеуші болып жұмыс жасаса да еркекпісің деген әр нәрсенің астарын аңғал басымен аңғара қоймайды. 

Оншақты күн өткен соң қыздың әкесімен кездестім. Үйдің мекенжайын түсіндіру қиынға түскен жоқ, қаланы бір кісідей білетін болып шықты. Көп уақыт өтпей-ақ қыздың әкесі үйге келді. Жаз уақыты ғой, даладағы беседкада отырдық. Үсті-басы мұнтаздай таза. Жоқ-жұқанаға ұқсамайды. Неден бастарымды білмей біраз отырдым. «Қызыңыз осындай масқара болды» деп айту қандай қиын еді? Егер әлгі кісінің өзі бастамаса ештеңе айта алмас едім. 

«Не болып қалды, сіз оларды қалай танисыз? Басында ойламай ма мен, айттым ғой «әке-шешемді тастамаймын» деп. Осы жолды өзі таңдады, енді азабын да, қызығын да тартсын! Басында үйі жоқ, «алимент те керек емес» деп шіренді кезінде. Төркінінде ақыл айтатын адам да жоқ, шетінен кәкір-шүкір, бәлдір батпақтар, сөзге қонақ бермейтін. Енді қосылғысы келіп араға адам салып отырғанын көрмейсің бе? – деп от алып кетті, – «Құтылғаныма шүкір» деймін. Кейде қабағы бір ашылмайтын, тек қызым ғана болмаса өзімнен аумайтын еді, мен де қырсығып бір рет болса да іздемеппін», – деп барып тоқтады. Ұзын бойлы сары жігіттің ашуланғанынан түрі күреңітіп кетіп: «Темекі тартсам бола ма?» – деді. «Тарта беріңіз, бірақ бізде ешкім темекі тартпайды» деген сөзімді естіген соң,темекісін қораптан шығарып алып бір иіскеді де, қалтасына қайта сала салды.Темекі тартуға ыңғайсызданғанын түсіндім. 

«Өздері қайда, қызым аман ба, тірі ма?» – деп сұрады. Тоңның жібігенін сезген мен: «Бәрі аман, бірақ тұрмыс жағдайлары өте нашар. Қызыңыз мектепке де бара алмай жүр. Бәрі жетіспеушіліктің кесірі ғой», – дедім. 

«Әйелім мұрнына пісте май құйсаң да адам болмайды, берсе қызымды алып кетейін», – деп орнынан тұрды. «Әйеліңіз де қателігін түсінген, кешірім сұрайды әлі, кемпір-шалға да қарайды, екеуін бөліп жармай бірге алып кетіңіз», – деп тікесінен қойып қалдым. Бұл сөзді күтпеді білем: «дәл қазір ести қоямын» деп ойламаса керек жігіт таңырқап бетіме қарады. Әңгіменің басын ашып айтуға әшейіндегі өткір тілім күрмеліп, ұзақтан орағытып бастадым. Қалада күн көру қиын, жоқшылық темасын айта бердім. «Қалай таныстыңыз, оларды қайдан білесіз?» деп ол сұрамады, мен айтпадым. Көлікке мініп қыздың әкесін қыз бен анасы тұратын жалдамалы Қошқаратадағы пәтерге алып келдік. Жермен-жексен жапырайған кетекхана саман тамды көргенде: «Тапқан жерін қарасайшы, кілең аннан-мұннан қашқандардың тұратын жері», – деп әйелін сыртынан «шешең...» деп боқтап алды. Үйдің алды кірдің суы төгілгеннен исі мүңкіп, мұрынды жарып барады. Есігінің өзі тауықхананың есігіндей кіп-кішкентай. Үйдің ішіне еңкейіп барып әзер кірдік. Құдайға шүкір екеуі де үйінде екен үрпиіп-үрпиіп отырған орындарынан атып-атып тұрды. 

«Сәнім, папаң сені іздеп келді» дей бергенім сол қыз: «Папа, қиналдым ғой, бізді алып кетші!» – деп еңкілдеп жылап, әкесінің мойнына асыла кетті. «Қызым, мына жерде қалай тұрып жатырсың, адам тұратын жер емес қой», – деп ара-арасында әкесі қызына сөйлеп қояды. Қызын құшақтап басынан сипалап жатыр. Әкесінің түріне қарауға ыңғайсыздандым. Әкелік мейірім қандай керемет еді! «Итті құдай қинасын иесімен» деген дана бабаларым-ай! Үстімнен үлкен бір жүк түскендей. Қанша тұрғанымызды білмеймін қыздың анасы бары есімнен шығып кетіпті. Қарасам – әйел жылап тұр екен. Үн жоқ, не десін, өркөкіректеніп «сенсіз де өлмеймін» деп бетпақтанып кеткендегі жеткен жері мынау. Күйеуінің келгеніне қуанып жылап тұр ма, әлде қателігін түсініп жылап тұр ма, кім білсін. Не болса да сағыныштан емес, өкініштен шыққан көз жасы. Күйеуіне «кешір мені» деп айтар деп күттім, айтуға намыстанып тұр ма, бәлкім әлде де болса сасық менмендік жібермей тұр ма, кім білсін, әйтеуір үнсіз жылаумен болды. «Кешір» деп айтуға да өресі жетпей тұр-ау. Несіне кінәлайын бар болмысы сол шығар. 

Бұндай тар бөлмені көрмегенмін: есіктен төрге дейін бір-ақ аттам, бөлме көп болса екі жарым, үш метр ұзындығы мен ені, биіктігі болса жермен-жексен, жапырайып қалған. Оң жақта бір қабат төрт көзді терезе, оның да сау тамтығы жоқ: әйнектері шытынап кеткен. 

Жаратушымыздың «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» (Хаж сүресі, 77 аят) есіме түсті. Адамдар бір қоғам болып өмір сүргендіктен бір-бірімен үйлесімділік табу үшін бір-біріне мұқтаж. «Адамның күні адаммен» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Бүгін тағдырдың талқысына түскен бір отбасының қайтадан табысуына себепкер болдым. Жақсы, сауапты іс болды. Сауапты іс жасау үшін мешіт салу міндетті емес. 

Ұлы Абайдың айтқан үш сүюі – бірінші адамзаттың Алланы сүюі, екінші – адамзаттың бәрін сүюі бауырым деп, үшіншісі – хақ жолы деп әділетті сүюі қандай көрегенділікпен айтылған тұжырым. Аянышты көріністен бе, бөлменің тарлығынан ба тынысым тарылып кетті. «Табысарын табысты, енді оңаша сөйлессін». Сыртқа шығып, ылдиға түсіп, көлікке отырып үйге келдім. Қалай сүйемелдеусіз келгеніме өзім аң-таңмын. Дуылдап қол тигізбейтін тізем мүлдем ауырып тұрған жоқ. Не болса да машинадан түскенде сынап көремін қандай болғанын. Үйге де жеттік-ау! Машинадан түк болмағандай түстім, салмақ сол салмақ. «Сен жүріп кетіпсің ғой, аяғың ауырмайды ма?» – деп күйеуім сұрап жатыр. «Жоқ, сап-сау сияқты», – деп өз көзіме өзім сенбей отырып ойға кеттім.

Қошқар атаның суы ем болды ма екен, немесе қыздың ризашылығынан ба аяғымдағы артроздан құлан-таза осылайша бір күнде айығып кеттім. Ертесіне рентгенге түсіп көзім анық жетті. «Төртінші дәрежелі» деп иманымды ұшырған артроздың өзі түгіл, ізі де жоқ болып шықты. Дәрігер аң-таң. «Ағзаңыздың күресу қабілеті мықты екен, бірақ менің тәжірибемде алғаш рет артроздың бұл түрінен құлан таза айығу. Не іштіңіз, қандай ем қабылдадыңыз, қытай медицинасының көмегіне жүгіндіңіз бе?» – деп жатыр. «Ешқайда барған жоқпын, періштелер Алланың әмірімен келіп емдеп кетіпті, аяған шығар», – деп күлдім да қойдым. Абайдың «Алланы сүюі» деген сөздерін есіме алдым, жүрегімді түсініксіз бір қуаныш кернеп бара жатыр: өз-өзімнен көңіл күйім көтерілді. «Алланы жүрекпен сүю» деген, мүмкін, осы болар. Жүрегімді хақты табу үшін бағыттағанын іштей түсіндім. 

Содан бері бақандай 11 жыл өтіпті. Кабинетте отырмын. Бүгін хатшы қыз бір тірліктермен жұмыстан сұранған соң, «келген адам болса «жабық» деп ойламасын» деп отырған кабинетімнің есігін қиялап ашып қойған болатынмын. Біреу келген сияқты, өзара сөйлесіп жатыр ма, әйтеуір дауыстар еміс-еміс естілген соң, «рұқсатсыз кіруге ыңғайсызданып тұрған Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар кабинетті шатастырып алып жүрген болар». Хатшының аядай кабинетінде бір орта жастағы әйел, аяғы ауыр бір келіншек отыр. Батылсыздана амандасып: «Сізге кірсек бола ма?» – деп сұрады. «Әрине, әрине, бірақ Қоғамдық қабылдауға бару үшін ғимараттың екінші жақтауына қарай бару керек», – деп түсіндіріп жатырмын. «Жоқ, жоқ біз сізді әдейі іздеп келдік. Кеше «Отырар» телеарнасын көріп отырып сізді таныдық: түк те өзгермепсіз, қуанып кетіп бәрін қойып сізге келдік», – деді. Екеуінің бетіне кезек-кезек қарадым. Әйелдің түрі таныс, дауысы да таныс.

«Апай, одан бері 11 жыл өтті, сіз бізді ұмытып қалған шығарсыз. Сіздің жасаған жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Есіңізде ме, Қошқар атадағы кездесу», – деп әйел төмен қарап көзінің жасын сығып алды. Не тұрарымды, не отырарымды білмей қалдым. Көз алдыма Қошқар атадағы қыз елестеді. Мынау сол қыз ғой: таң атпастан Қошқар атаға барып суға түсетін қыз. Уақыт қандай жүйрік, баяғы талдырмаш сары қыз адам танымастай өзгеріпті, толысыпты. «Сәнім, сенсің бе?!» – деп орнымнан тұрып, құшақтап, арқасынан қақтым. Қыздың көзі мөлдіреп жасқа толып: «Апай, біз сіздің адресіңізді де алмаппыз, ол түгіл аты-жөніңізді де сұрамаппыз. Сіз болсаңыз папамды алып келіп, бізге қауыштырдыңыз да, үндемей кетіп қалыпсыз. Папам қайтыс болар алдында екі жыл бұрын: «Сол апайларыңды тауып алыңдар» деп адресті жобалап айтып еді, біз таба алмадық. Әжем мен атам қашан қайтыс болып кеткен. Папам тірі кезінде ауылдағы үйді сатып, қалаға көшіп келгенбіз. Он жасар екі егіз інім бар», – деп жатыр. «Оқыдың ба?» – деген сұрағымды көзімнен оқығандай: «Папам барда Алматыға мединститутқа түскенмін, биыл бітіремін, тек мемлекеттік емтихан тапсыру ғана қалды. Алматыға тұрмысқа шықтым. Жігіттің жалғыз анасы бар, бірге тұрамыз. Хирург болып жұмыс істейді. Аяғым ауыр болған соң Алматыдағы мамам қатты уайымдап жатыр, мамама келген едім Шымкентке, тез Алматыға қайтуым керек», – деп жатыр. «Енеңмен бірге тұратының жақсы болыпты, ақылың бар ғой, ата-ананың зияны жоқ қой, тек пайдасы болмаса», – деп айтуын айтсам да, «ескі жараның бетін ашып жібердім бе?» деп өзімді іштей кінәлап ернімді тістей қалдым. Күйеуіне «Ата-анаңмен бірге тұрмаймын» деп қалаға қашқан асау келіннің кесапатынан туған қызының зардап шеккені ұмытылмайтын қайғылы оқиға болатын. Қытайлар «әр қателік – бір сабақ» деген сөзді жиі айтады. Бұл әйел де өмірдегі жіберген қателігін мойындап, оны түзеуге әрекет етіпті. Оған да шүкір! Өмір сабақтары бірі – тәтті, бірі – ащы. Қызы мен анасы ащының дәмін татты, енді бақытты болып тәтті өмірдің де қызығын көрсін!

«Апай, сіз бізге партияда жұмыс істеймін деген жоқ едіңіз, сізге жарасады екен бұл жұмыс», – деп күлімсіреді Сәнім. Жымиғанын бірінші рет көруім, қандай жарасымды жүзі нұрланып, ажарланып сала берді.. Күліп жүрген кімге жараспаған. Өзім әбіржіп жүріп зер салмаппын, өзі өте пішімді екен. «Сәнім, айналайын, ол кезде мен шынында да кәсіпкер едім, кейіннен келдім ғой партияға. Сен үшін қуаныштымын», – деп қуанғанымды білдіріп жатырмын... Қошқар атада кездескен уақытымыз ұмытпасам 2003 жылдың шілдесінің соңғы күндері болатын дедім. Расында, сол жылғы шілдені қалай ұмытайын, бір жағынан – аяғымдағы дерт, екінші жағынан – сол бір ауыр кездесу.

Күйіктің мұздай суынан тапқан тіземдегі дертке Қошқаратадағы кездесудің шипа болғаны, Жаратқан Иемнің мені Сәніммен кездестіріп,Сәнімнің әкесімен қауышуына менің себеп болуым – қоғамдағы адамдардың бір-біріне мұқтаждығын өтеуі емей немене. Дүние қарап тұрсаң шолақ екен, адамдар бір-біріне керек екен деген ән жолдары орала берді ойыма. Орыстардың көңілдің күйін «Душа поет» дейтіні осы болар.

Есейген Сәнімнің бал-бұл жанған бақытты жүзіне қарап отырып, Алланың панасында екенін ұқтым, көздерінен маған деген алғысын оқыдым. Көздері қандай терең ойлы.

Өткен күн – тарих. Үзілмеген үміт, жанған шырақ, ашылған бақ – бәрі шынайы, бояусыз. «Сөз алдаса да, көз алдамайды» деген дана Омар Хайям...

 

 

 

 

 

 

Жантөреева Қалыйма Жантөреқызы,
Түркістан облысы мәслихатының депутаты,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалы төрағасының орынбасары,

Түркістан облысының Құрметті азаматы

 

©Н.Назарбекова