Қазақ мәдениетін Мысырда танытты

Каир опера театрында Қазақ­станның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған гала-кон­церт өтті.

Каирдің басты сахнасында Ал­мас­бек Алматов, Батыржан Мықты­баев, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Астана Опера» солистері, «Алашұлы», «Сұлу» топтары және басқа да отандық әртістер өнер көр­сетті. Олар эстрадалық, халық әндері мен классикалық шығармаларды орындады. Өнерпаздарды дирижер Абылай Тілепбергеннің жетек­ші­лігімен Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.

Залда жергілікті көрермен көп болды. Гала-концерт көрермендері Мы­сырдың дәстүрлі әуендерінің попурриін ерекше жылы қабылдап, зор қошемет білдірді.

Гала-концертпен қатар Каир опера театрында қазақ қолданбалы өнерінің көрмесі өтті. Ұлттық киім­дегі әртістер мен қолөнершілер қонақтардың назарына қолдан жа­салған дәстүрлі  бұйымдарды ұсынды.

Гала-концерттен кейін Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мысырдың мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен кездесу өткіз­ді. Асхат Оралов әріптесіне мәде­ниет күндерін ұйымдастыруға көмектес­кені үшін алғыс айтып, Әл-Килани мырза мен жергілікті әртістерді Қазақстанға шақырды.

«Мысырда Қазақстанның мәде­ниет күндеріне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Каир тұрғындары мен қонақ­тары біздің әртістеріміздің өнеріне тәнті болғанына сенімдімін. Әлемді қазақ мәдениеті мен өнерімен таныс­тыратын осындай іс-шаралар басқа елдерде де өтеді. Осылайша, мәдениет саласының қызметкерлері әлемдік сахналарда өз талантын көрсете ала­ды. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Асхат Ора­лов.

Б.ИКРАМОВА