Салтанатты жиын барысында Палата Спикерімен бірге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, дін өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Мысырдың мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.
Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін тілге тиек етті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата Спикері екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты. Сондай-ақ екі халық арасындағы мәдени-рухани байланыстың аясын кеңейту жолында белсенділігімен танылған Мысырдың басқа да бірқатар дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық пен сенімге негізделген дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толғанын атап өтті. Сонымен қатар өзара ынтымақтастықтың нығаюына, бірінші кезекте, екі елдің мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі байланысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде тараптар конфессияаралық диалогты дамытудың маңызды мәселелері мен перспективаларын талқылады. Палата Спикері Қазақстан мен Әл-Азһарды ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан қарым-қатынас пен әлемде бейбітшілікті дәріптеу жолындағы ортақ идеялар байланыстыратынын айтты. Осы ретте шейх Ахмед ат-Тайеб былтыр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне белсенді қатысқанын атап өткен жөн.
«Әл-Азһар әлемнің рухани дамуында маңызды рөл атқарады. Сіз бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған жаһандық деңгейдегі бастамаларға белсенді қатысып келесіз. Осы ретте Қазақстан дінаралық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысуыңыз біз үшін үлкен қолдау болды. Аталған Форумның қорытындысы бойынша Декларация қабылданғаны белгілі. Бүгінде сол Құжаттағы идеяларды іске асырып, дәріптеу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы екі елдің тығыз байланысындағы маңызды бағыттардың тағы бірі теологиялық білім екенін тілге тиек етті. Бұл ретте қазақстандық дінтанушылардың ұзақ жылдар бойы Әл-Азһар университетінде білім алып, біліктілігін арттырып келе жатқанын айтқан абзал.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разекпен де кездесті. Кездесуде ол Мысыр Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта біздің ел көпжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сенат Спикері өзара ынтымақтастықты арттыру жолында парламентаралық байланыстың рөлі маңызды екенін айтты.
«Соңғы жылдарда біздің елдеріміздің мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан мен Мысыр арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Осы орайда парламентаралық байланыс екіжақты өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігі болып саналады. Біз Парламенттеріміздегі достық топтарының жұмысын жандандыруға мүдделіміз. Осы ретте біздің депутаттарымыздың маңызды мәселелерге қатысты халықаралық ұйымдар алаңындағы ұстанымдары көбіне сәйкес келіп жататынын атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде демократиялық үдерістерді нығайту үшін кешенді және жүйелі жаңғыртулар жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Шара барысында Қазақстан және Мысыр ғалымдары баяндама жасады және өзара ғылыми байланысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Мәулен Әшімбаев алдымен түркіден шыққан даңқты билеушінің тұлғасы мен өмірін дәріптейтін ауқымды жиынды жоғары деңгейде өткізгені үшін Мысыр басшылығы мен халқына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын және жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ Сенат Спикері Қазақстан мен Мысырдың ортақ тарихи-мәдени мұрасын әрі қарай зерттеп, дәріптеу жолында осындай ғылыми конференциялар өткізудің маңызы зор екенін айтты.
Сондай-ақ ол қазақ даласында туып, Мысырдың сұлтаны болған Бейбарыс түркі және араб жұртына ортақ аса көрнекті тарихи тұлға екенін айтты. Соған байланысты әйгілі қолбасшының өмір жолын зерттеу әлемдік ғылым үшін де өзекті әрі маңызы жоғары іс екені сөзсіз.
«Біздің тарихи-мәдени байланысымыздың тамыры тереңнен бастау алады. Бейбарыс сұлтанның тұлғасы соның жарқын дәлелі. Ол қазақ даласында туып-өсіп, араб жерінде айтулы басшыға айналды. Бейбарыс секілді тұлғаның өмірі тарих ғылымы үшін өте маңызды екені сөзсіз. Сондықтан оның зерттеу және дәріптеу жұмыстарын одан әрі жалғастырудың маңызы зор деп есептейміз», – деген Мәулен Әшімбаев бұл бағытта Қазақстан бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.
Палата Спикері ортақ тарих екі елдің байланысын арттыра түсетінін айтып, алдағы уақытта Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдение-гуманитарлық қарым-қатынас нығая беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндеріне арналған шараға қатысты. Атап айтқанда, Каир қаласындағы «Cairo Opera House» опера театрында қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Онда «Астана Опера» театрының солистері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртістері, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бишілері және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш барысында қазақ композиторларының белгілі туындылары орындалды.
Еліміздің мәдениет күндері аясында қазақ халқының дәстүрі мен өнерін дәріптейтін қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.