Досаевтың орындалмаған уәдесі
Жол мәселесінің сын көтермейтіндігі аудан тұрғындарын әбден мезі еткен. Бұл туралы аудан құрылған 15 жыл ішінде оны басқаруға келген әкімнің бәріне айтуындай-ақ айтылды. Бірақ тақтайдай болып жөнделген жол жоқ. Соңғы рет шаһардың қазіргі басшысы Ерболат Досаев сәуір айында аудан тұрғындарымен кездесуге келген кезінде де осы мәселе көтерілген.
«Алатау ауданындағы «Өжет» шағынауданында тұрамын. Өзімнің ауданымды және көрші «Қарасу» шағын ауданын өте жақсы білемін. Өйткені осы жақта жиі жүремін. Бізде жолдар өте нашар. Әсіресе, жолдағы кәріз жүйелеріне темір қақпақ қойылған тұстары әбден қазылып кеткен. Көліктер соны айналып өтемін деп қауіпті жағдаймен жиі бетпе-бет келіп жатады», – деді қала тұрғындарының бірі.
Ал қала әкімі Ерболат Асқарбекұлы тұрғындарды аудандағы 60 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін айтып қуантып қойды.
«Алатау ауданындағы 60 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жол бұрын болмаған жерлерге төселеді. Жол бойындағы темір қақпақтар баяғы технологиямен салынып, бұзылған. Биыл оларды қалқымалы қақпақтармен ауыстырамыз. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 10 мың темір қақпақ сатып аламыз. Маусым-шілде айларында қаладағы ең өзекті мәселелерді шешуге тапсырма бердім. Тиісті қаражат бөлінді», – деді әкім.
Алайда біз тілдескен аудан тұрғындары қала әкімі айтқан жұмыстардың ешқайсысы да жүргізілмегенін айтып қынжылды.
«Қала әкімі келгенде жанына қосылып келген аудан әкімі де «Мамыр айында жоспардағы 60 көшеге жөндеу жұмыста-рын бастаймыз» деп кеткен. Алайда мамыр бітіп, маусым келді әлі күнге дейін шөптің басы сынбады. Көшелер мен қазылып кеткен кәріз құдықтарының маңайы сол күйі жатыр», – дейді «Өжет» шағын ауданының Қайрат есімді тұрғыны.
«Шетсіз қаланың» шарапатынан шет қалды
Алматының осындай жаңа ауданының мәселесін шешу үшін осыдан үш жылдай бұрын «Шетсіз қала» бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламаға Алматы қаласында жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық ауданында өмір сүру сапасын арттыру міндеті жүктелген. Бұл міндетке жету жолында Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің сапасын жақсарту бастамалары жүзеге асырылуы керек болған.
Бағдарламаға сәйкес, аталған аудандардағы инженерлік-коммуникация жүйелерін тарту жұмысы толықтай 2025 жылға дейін аяқтау керек болатын. Аталған бағдарламада көрсетілген уақытқа да бар-жоғы бір жарым жылдан сәл ғана артық уақыт қалды. Бірақ Алатау ауданындағы инженерлік-коммуникация жүйелерінің жайы бесенеден белгілі. Соған қарағанда бұл ауданның тұрғындары үшін «Шетсіз қала» бағдарламасынан еш қайыр болайын деп тұрған жоқ секілді.
2040 жылы бәрі жақсы бола ма?
Орталықтан алыстау орналасқан осындай аудандардың мәселесі Президенттің де назарынан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы былтыр қараша айында Алма-тыға жасаған сапарында мегаполистегі шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отырғанын сынға алған болатын. Мәселені шешу үшін қала басшылығына нақты тапсырма да берген еді. Президент аталған аудандарда әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі өз алдына мұндағы көлік және инженерлік инфрақұрылым-ның да сын көтермейтінін айтқан.
«Қала – бәріне ортақ. Сондықтан қаланың игіліктері де барлық тұрғынға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда одан бері 8 айға жуық уақыт өтсе де аудандағы «сүрленген» мәселелер шешіліп кеткені шамалы. Аудан тұрғындары ойқы-шойқы жолдарға күрделі жөндеуді былай қойғанда, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін талап етеді.
Біз Президенттің орталық және шеткері аудандар арасындағы теңсіздікті жою бойынша тапсырмасының қалай орындалып жатқанын білмек болып қала әкімдігіне жүгінген едік. Дегенмен әкімдік жақында қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, Алматының барлық тұрғынына заманауи, қолайлы және гүлденген ортада өмір сүруге мүмкіндік берілетін айтып, екіұшты жауап берді. Әкімдіктегілердің айтуынша, дәл осы жоспарда Президент сын тезіне алған барлық кемшілік пен оларды түзеудің жолы қарастырылған екен.
Бұл ресми жауаптан ұққанымыз, Алатау ауданының тұрғындарына тақ-тайдай тегіс жолмен жүру үшін 2040 жылға дейін күту керек секілді.
Алайда Президенттің өзі қадап айтқан мәселені тез арада шешуді қолға алмаса Алматы атқамінерлеріне сын болмақ. Әйтпесе, бір қаланың екі ауданында екі түрлі жағдайдан халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсірері анық.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы
Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)