Қуыршақтар көрмесі

Астанадағы Ұлттық музейдің атриуымында «Тарихи тұлғалар қуыршақтар бейнесінде» атты көрме өтіп жатыр.

Қуыр­шақтар алматылық шеберлер Татьяна Фисенко, Марина Асими, Алиса Меңдіғалиева және Сева Деми­довтің қолынан шыққан. Көрмеге То­ми­рис патшайым, Абылай хан, Абай Құнан­байұлы сияқты тарихтағы ұлы тұлға­лардың образы сомдалған қуыр­шақтар қойылған. Олардың бейнесі мен костюмі арқылы тарихи тұлға туралы ақпарат алып қана қоймай, сонымен қатар тұтас бір дәуірдің лебін сезінгендей болдық. 

Көрменің кураторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Апорт» сауда орталығының арт-директоры Светлана Киляоглова іс-шараның басты мақсаты қоғамда кез келген мәдениеттің екі бағытта – дәстүрді сақтау және жаң­ғырту арқылы дамитынын айтты. 

Қуыршақ авторларының бірі, шебер Марина Асимидің айтуынша, оның осы өнермен шұғылданып жүргеніне үш жыл болыпты.

«Қазір мүсін өнерін тереңірек оқып, зерттеп жүрмін. Негізгі жұмыстардың ішінде әнші Виктор Цойдың, қолбасшы Томирис патшайымның образын бейне­лейтін қуыршақтарымды атап өтуге болады. Томирис қуыршағын режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фи­льмін­дегі басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсынға ұқсатып жасадым. Ол жұмысымды   екі ай бұрын аяқтадым. Қуыршақты жасай отырып, мен патша­йымның барлық эмоциясы мен сезімін, Кир патшаға қарсы шыққан кезіндегі батылдығы мен табандылығын жеткізгім келді», – дейді ол. 

Томирис патшайым қуыршағының киімі таза былғары мен күдеріден, шашы Ангор ешкінің жүнінен жасалған. Ал қуыршақтың көзін шебер тапсы­рыспен арнайы маманнан алдырған. Айта кету керек, барлық қуыршаққа тек табиғи материалдар пайдаланылған.

Ал тағы бір автор Татьяна Фисен­коның негізгі мамандығы – экономист. Шығармашылықпен алты жылдан бері айналысады екен. 

«Жылына шамамен 2-3 қуыршақ жасаймын. Қуыршақты пластиктен әзірлеп, шаш жапсырамын. Қол-аяғын бөлек мүсіндеймін. Образды қайдан ала­сыз десеңіз, интернеттен қарап, көр­мелерге барып, идеялар жинаймын. Кейде өзім не істеп жатқанымды түсін­беймін. Өйткені мен суретші емеспін. Мен көркемөнерге байланысты ешқан­дай арнайы оқу оқымағанмын. Тек бұл жолда маған көмекке келер, бағыт-бағдар сілтер жалғыз дүние – шабыт. Барлығы шабыттан туады. Көрмелерде жүрген кезде қуыршақтарды көріп қа­лып, мен де осындай туындыны өмірге әкелгім келетінін түсіндім. Қуыршақ жасау өнеріне деген қызығушылығым осылай басталды», – деп ағынан ақта­рылды шебер.

Көрмеге қойылған тоғыз қуыршақ­тың бесеуі осы Татьянанікі. 

«Қуыршақтарымды бұған дейін Алматыдағы Қастеев музейіне, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Саратов, Новосібір және Нижний Новгород секілді қала­ларында өткен көрмелерге қойғанмын», – деді Т.Фисенко. 

Айта кету керек, көрме 11 маусымға дейін жалғасады.

Аяжан ИСИНА, 

Дамира СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ,

ЕҰУ  студенттері