Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден озды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қойшығұл Жылқышиевтің қайтқаны жөнінде ақын-жазушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында жазып, марқұмның отбасына, тума-туыстарына көңіл айтып жатыр.
Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген.
1975 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеді. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және республикалық «Махамбет» қорының президенті болды.
«Тамаша» ойын-сауық отауын ашқаны үшін (Лұқпан Есеновпен бірге) авторлық куәлік берілген.
Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды. «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер» жыр жинақтарының авторы.
М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды (1996 жыл). Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003 жыл).