Бұл туралы өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткен баспасөз мәслихатында баяндама жасаған ол биыл 4 айдағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда істелуі тиіс қыруар шаруа күтіп тұрғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, елдегі жүзеге асырылып жатқан аса маңызды саяси реформалардың іс жүзінде қолдау табуына Сыр жұртшылығы жарқын болашақ жолына тура таңдау жасап, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Айталық, соңғы жылдарда Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірде қолға алынып жатқан тың жоба көп. Биыл төрт айда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, ауыл шаруашылығының өнімі – 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4, сауда көлемі – 2,5, инвестициялар тарту – 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі 44,0 пайызға артқан.
«Қызылорда облысының бюджеті 593 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырмен салыстырғанда 53 пайызға артқан. Бюджетіміздің 64 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Сондай-ақ өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 миллион тоннаға азайды. Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арал бассейнінің батыс пен шығыс бөлігінде зерттеу жалғасуда. Сараптама қорытындысы келер жылы анықталады», – дейді өңір басшысы. Ал шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған түрлі жоба қолға алынуда. Индустрияландыру аясында аймақта құны 607 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асып жатыр. Егер бұл мақсат ойдағыдай іске асса, 6 мың 300 тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Сонымен бірге облыста былтыр қазан айынан бастап өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты жұмысын бастаған. Былтыр зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етсе, биыл 4 айда 3,5 миллион текше метр шыны өнімі өндіріліпті. Зауыт өнімі республикада ғана емес, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Ресейге экспортқа шығарылып келеді.
Алдағы уақытта шыны зауытының жанынан 32 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылатынын айтқан Нұрлыбек Нәлібаев: «Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың бірі – «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы. Оның жұмысы биыл басталады. «Бала-Сауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс істеуде. Былтыр кешенде 454 тонна, ал биыл 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 миллиард теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Ал былтыр құны 5 миллиард 100 миллион теңге болатын төрт жоба іске қосылды. Оның ішінде Үй құрылысы комбинаты, 350 орындық мектепті кеңейту, Балық өңдеу цехы, Көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл да 9 жобаны жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Оның алғашқысы іске қосылды. Мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аймағымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінгенін де айтып өткім келеді. Биыл аймаққа 424 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады», – дейді.
Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінген. Соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Биыл бес айдың өзінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көзден 23 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралып, 1 700 жобаға қолдау көрсетілген көрінеді. Атап өтсек, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33%-ға ұлғайыпты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-бен жеңілдетілген несие берілген. Ал «Ауыл аманаты» аясында тағы да 2,5%-бен 3 миллиард теңгенің 454 жобасына жеңілдетілген несие ұсынылған. Мемлекеттік қолдаудың бұл шаралары негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталуда.
Халықты жұмыспен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашу – облыс алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалыпты. Оның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға тұрақтап отыр. Одан бөлек, биыл «Өңірлік жұмыспен қамту Жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Осылайша, өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткізу мақсат етілген аймақта 19 мың жұмыс орны құрылыпты. Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орындары екенін де әкім ерекше айтып өтті.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі салаларының бірі.
Табиғи-климаттық жағдайына байланысты аймақтың егіншілік саласы суармалы егіске негізделген. Биыл осы егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында мал азықтық және бақша дақылдарын, сондай-ақ негізгі дақыл – күріштің көлемін де ұлғайту жоспарланып отыр. Осы әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындар үшін былтыр арнайы жер телімдерін дайындап беруді бастағандарын айтқан облыс әкімі: «Бұл игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 5 488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді. Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алуға қол жеткізілді. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 миллиард 200 миллион теңге қаралды. Сондай-ақ Украина мемлекетінің ғалымдарымен бірлесіп өңірімізде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдардың, күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу», – деді.
Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі өзен суымен тікелей байланысты. Сондықтан Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашанда өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 миллиард 500 миллион текше метрге азайып кеткені сыр жұртшылығын ғана алаңдатпайды. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуал болғандықтан, Аралдың тағдырын Парламент пен Үкіметтің алдында да үнемі көтеріп келе жатқанын тілге тиек еткен Нұрлыбек Машбекұлы: «Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде былтыр теңізге 816 миллион текше метр су келсе, биыл бес айда 1 миллиард 600 миллион текше метр су түсті. Мемлекет басшысының қолдауымен былтырдан бастап «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асуда. Бұл жоба келесі жылы аяқталады. Қолға алған ісіміз сәтті жүзеге асса, Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады», – деп отыр.
Бүгінде аймақтағы өз мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, былтыр 157 мың гектар жер қайтарылса, биыл 200 мың гектардан астам жерді қайтару қолға алынбақ. Сонымен бірге облыстағы ауылдарды дамытуға да ерекше ден қойылған. Облыс көлеміндегі ауылдық аумақтарға биыл 17 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осы жұмыстарға тұрғындарды ынталандыру мақсатында биылдан бастап өңірде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Конкурсқа облыстық бюджеттен 467 миллион теңге бөлініп, «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағынауданы» номинациялары бойынша жеңімпаз анықталады. Тәуелсіз сарапшылардың төрелігімен анықталып, жеңімпаз атанған елді мекендерге 14 техника табысталмақ. Бұдан бөлек, қаланың жеңімпаз шағын аудандарына қосымша скверлер мен спорттық алаңдар салып, көше-аулаларға жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Өңірді дамытуға арналған мұндай ынталандыруға бағытталған конкурсты аймақ басшылығы жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
Журналистердің сауалына жауап берген облыс әкімі өңірдегі қолға алынып жатқан бірқатар жұмыстың жемісін беріп, алдағы жылдары да ел игілігі үшін атқарылатын жобалар жол үстінде тоқтап қалмайтынын айтты. Оның ішінде тұрғын үй саласы, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту, халықты ауызсумен қамту, газдандыру мен автомобиль жолдарының жай-күйіне де айрықша ден қойылып отырғанын айтады. Бұл ғана емес, аймақтағы жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру, жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту, денсаулық сақтау саласының даму динамикасын да арттыруға назар аударылады. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылатын «жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 21 мектеп бой көтермек. Бұдан бөлек, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысы басталыпты.
Өңірдің ажарын келтіріп, жұрттың жағдайын жақсарту бағытындағы бұдан басқа да жұмыстардың бірнешеуіне тоқталған облыс әкімі Сыр елін көркейтуге үлес қосып жатқан жергілікті кәсіпкерлер мен облыстан шыққан меценаттар да барын айтты. «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында олар да аймақтың дамуына белсенді араласып, қайырымдылық шараларына да қатысып келеді екен. Сөз соңында Нұрлыбек Нәлібаев аймақ халқы атынан осы игі бастамаларға қолдау білдірген жерлестеріне алғысын айтып, жұмыла көтерген жүк жеңіл боларын жеткізді.
Жадыра МҮСІЛІМ