Егістік көлемі артты

Аймақпен аттас Жамбыл ауданының әлеу­меттік һәм экономикалық әлеуеті жыл санап артуда. 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 88 мың халық тұрып жатса, оның 40,3 мың адамы экономикалық белсенділер қатарында.

Асыраушы саласы алшаң басқан ауданда 3 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Оның ішінде 4 өндірістік кооператив, 35 ауылшаруашылық кооперативі және 2 863 шаруа қожалығы бар.

Өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруа­шылы­ғы өнімінің жалпы көлемі 70,2 млрд теңге не­месе  109,5 пайызға жеткен. Ал биылғы   4 айда ауыл шаруашылығы өнімінің шығарылымы 6,9 млрд теңгені құрап, мұндағы өсім 100,9 пайызды діттеп отыр.

Былтыр 58 471 гектар жерге астық, шөп, бақша өнімдері мен басқа да дақылдар егіліп, мол өнім жиналған. Ал шаруаларды ағын сумен қамту үшін Тоғызтарау ауылындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық ғимарат құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Аса өзенінің арнасына шлюз орнату жұмыстары да қолға алынған.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Былтыр шаруа қожалықтарға 709 млн теңгеге 131  ауылшаруашылық техникасы алынса, биылғы жылдың 4 айында  324 млн теңгеге 37  техника пайдалануға берілген.  

– Шаруалардың өнімдерін сапалы сақтау үшін қойма салу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өлкеде  42 400 шаршы метр, сыйымдылығы 37 829 тоннаны құрайтын 113 қойма бар. Бүгінде мұнда  660 тонна сәбіз сақталады.  Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдары 4 жеміс және көкөніс сақтайтын қойма салу жоспарлануда. Олардың сыйымдылығы 1 560 тонна болмақ.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жер 177 мың гектарды құрайды. Бүгінгі күнге  Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 37 300 гектарды құрайтын жайылым жетіспеушілігі анықталып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 1 337 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасымен Бесағаш, Өрнек, Қаракемер ауылдық округтерінің тұрғындары өз кәсібін ашып, жалпы 538 адам жұмыс орнымен қамтылды. 

Бүгінгі күнге жоба аясында  532 жеке кәсіпкерге 2 млрд 263 млн теңгеге несие берілді. 

Биыл баламасыз жобаның игілігін Айшабибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтері көретін болады, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыр­алыұлы. 

Ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істейді. Өт­кен жылы өнеркәсіп саласында 25,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 109,6 пайызды құраған. Сонымен қатар «АЕК АСА» жылына 50 Мегават күн сәулелі электр стансасын, «Ерсад-2021» тігінді емес материалдардан медициналық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосқан. 

Биыл ауыл шаруашылығы саласында 15,3 млрд теңгеге  91 жоба іске асырылып, 568 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.  Өнеркәсіп саласындағы 60 жобаға   7,1 млрд теңге жұмсалып, 461 жұмыс орны ашылмақ. 

Ауданда 7646 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, онда 7 915 адам жұмыс атқаруда. Өндірілген өнім көлемі – 6,1 млрд теңге. 

Бизнестің Жол картасы бағдарламасы шеңберінде болса, 7 жобаға 220,7 млн теңгеге несие беріліп, 25 жұмыс орны құрылған.

Ауданның  алға қойған кешенді, ұзақмерзімді жобалары да аз емес. Мәселен,  2025 жылға дейін жалпы құны 30,8 млрд теңгені құрайтын түрлі бағыт­тағы 115 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.  Нәтижесінде, 793 адам жаңа жұмыс орны­мен қамтылмақ.

Тағы бір жағымды жаңалық, биыл «Ауыл – ел бе­сігі» жобасы шеңберінде 45 жоба іске асырылатын бол­са, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2 038 адам тартылған.

Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономика­лық даму көрсеткішіне серпін беретін жобалар мен ауқымды жұмыстар атқарылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғаса бермек.  Сонымен қатар аудан ажарын ашу мақсатында мұра­ғат, үш қабатты кітапхана, балалар мен  тұрғындарға арналған ойын-сауық, сауда-саттық орталықтарының кірпіші қаланбақ. Мұнымен қоса, Желтоқсан оқи­ғасына қатысушыларға арналған аллея мен орталық Абай көшесі заманауи үлгіде жаңғыртылады. 

Міне, бұл аймақпен аттас ауданда атқарылып жат­қан жұмыстың бір парасы ғана. Бұдан бөлек, әлеу­меттік салада, тұрғын үй, ауызсу, көгілдір отын мен жол құрылысы сияқты бағыттарда да атқарылып жат­қан толайым тірлік көп. Ең бастысы, елді мекен дамудың даңғыл жолына көш түзеді. Егер ауданның экономикасы артса, әлеуметтің әлеуеті де жақ­сара­тыны анық. Сондықтан баянды бастамалар жемісін беріп, тұрғындар игілігін көрсін деп тілейміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы 

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)