Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасылдың әскери борышын өтеп жүргенде сұранып келіп, көшеде бұзақылық жасағаны қоғамда резонанс тудырған болатын. Бүгін Мәжілістің кулуарында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбазының бұл әрекетіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу материалдары сотқа жіберілді. Енді сот шешім қабылдайды. Жауапкершіліктен ешкім қашпайды. Мен қылмыстық іс бойынша түсініктеме бере алмаймын, бұл үшін қылмыстық қудалау органдары бар. Сот шешеді. Министр ретінде маған сарбаздардың бәрі бірдей. Бұзақы немесе сабырлы болсын, бәріне бірдей қараймын. Бәрі де өз балаларым сияқты. Ал заң бұзғандары болса, жауапқа тартылады. Ешкім жауапкершіліктен қашып кете алмайды. Жасырынбақ ойнай алмайды. Заң бар, соған сәйкес бәрі шешіледі», – деді Руслан Жақсылықов.
Айта кетейік, бұған дейін ерлі-зайыпты заңгерлер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соғу бойынша қозғалған қылмыстық іс халық назарын аударған еді. Оқиға 2023 жылғы 10-нан 11 ақпанға қараған түні Алматыда болған. Заңгерлерге шабуыл жасаған Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы, қатардағы жауынгер, 20 жастағы Нұрасыл Болат екені анықталған болатын.
Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат жанжал болған күні әскери жарғыны бұзып, қалаға қашып кеткен.
Коллаж Qaz365.kz