Темір тұлпар тақымдаймыз деп жүріп, тақырға отырған бір топ тұрғын танымал әнші Сиви Махмуди мен оның көмекшілеріне алдандық деп шағым айтты. Барлығы «Дубайдан пайыз үстемесіз бір ай ішінде көлік әпереміз» деген жарнамаға сеніп қалған. Енді не көлік, не ақша жоқ, деп хабарлады КТК.
Айтуларынша, алданғандардың алды 18 миллион теңгені әншінің шотына аударған. Қызылордалық ағайынды жігіттер осыдан үш ай бұрын әлеуметтік желіден Дубайдан пайыздық үстемесіз көлік тасымалдайтын жігіттердің аккаунтын көзі шалады. Сұрастыра келе, төңірегіндегі таныстарының су жаңа көлікті осы адамдар арқылы тақымдағанын білген. Ортадағы делдал жігіт оған қоса өзін танымал әнші «Сиви Махмудидің көмекшісімін, әрі продюсерімін» деп таныстырған.
«Сиви Махмуди әнші болғаннан кейін сеніп қалдық. Сосын ойланбай ақша лақтыра салдық. Әнші ғой, беретін шығар деп ойладық. Ұзағы 21 күнде, бір айда береді деген еді, соңы лақтырып кетті», – дейді Сырымбет Жораев.
Маңдай тері, адал еңбегімен он жылдан бері тірнектеп жинаған ақшасын еш ойланбастан Сиви Махмудидің шотына аудардық дейді. 5 жарым миллион теңге шотқа түскен соң, өзін әншінің көмекшісімін деп таныстырған Абай Малахов та ұшты-күйлі жоғалған. Енді не көлік, не ақша жоқ. Жер сипап қалған жігіттер дел-сал күйде.
«Көлікті аламын деп алданып, жұбайыммен ажырасайын деп жатырмын. Ата-анам да қатты уайымдап отыр. «Не қылдың, балам?» деп сұрайды», – дейді Жұмағали Елемес.
Осылай алданғандар саны қазір 40-қа жуықтаған. Мәселенің мән-жайын білу үшін әншінің өзіне хабарластық. Сөйтсек, Сиви Махмуди бұл көмекшісімен ат құйрығын кескеніме біраз болды деп отыр. Қазір әнші экс-көмекшісінің үстінен арыз жазып, соттасуға дайындалып жатыр.
«Сіздің атыңызды пайдаланып жүр, ақша қарыз» деп бір емес, екі-үш адам хабарласты. Мен таңғалдым, Абайға хабарластым, ол мойындамай қойды. «Жоқ, мен олай істеген жоқпын, ондайды білмеймін» деді. Оған дейін менің карточкамды сұраған. «Карточкаларым бұғатталып қалған еді, бере тұрасыз ба?» деп сұраған», – дейді Сиви Махмуди.
«Карточкам бұғатталып қалды» деп Сивидің сеніміне кіріп алған Абай Малаховтың нақты қанша адамнан ақша алғаны белгісіз. Белгілісі, ол қазір Дубайда сауық-сайран құрып, инстаграмда әдемі фотоларын жүктеуден қолы тимей жүр. Соңғы тиынын беріп, күн емес, талай ай бойы безгек қағып жүрген жұртқа: «өзім де алданып қалдым» дейді.
«Мен осы телефонды ұстап жүргеніме 15 жыл болды. Телефоным қосылып тұр. Барлығымен байланыста отырмын. Мен қашып жүрген жоқпын. Инстаграмдағы парақшамды ашып қарасаңыз болады. Менде бәрін тіркеп, жазып алып отырған командам бар. Мен өзім де сондай жағдайға түсіп отырмын. Мені мына жақта бір миллион долларға алдап кетіп отыр», – дейді Сивидің бұрынғы көмекшісі Абай Малахов.
Ал заңгерлер шетелден қандай да бір мүлік аларда ортадағы делдалды мұқият зерттеп алған жөн дейді. Себебі еш келісімшартсыз, ауызша уәденің ешбір заңды күші жоқ.
«Оқырманы көп болса болды ғой, атақты адам болса соның артынан жүгіретін заман болды. Адам сәл де болса сауатты болу керек қой. Мұның барлығына қазір заңмен тыйым салу керек. Қазір мұндай шағым көбейіп кетті», – дейді заңгер Әлімжан Жұбатқан.
«Бір айда су жаңа көлік мінеміз» деген арманы көзден бұлбұл ұшқан жәбірленуші тарап қазір бар айғағын түгендеп әлек. Себебі өзін Сиви Махмудидің оң қолы, продюсерімін деп таныстырған Абай Малаховпен оларға байланыс орнату мүмкін емес. Егер оның алаяқ әрекеті дәлелденсе, 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Фото: brod.kz