«Мүгедектігі бар адамдар бір бағытқа ұшатын авиабилетке өзінің толық 1 айлық жәрдемақысын төлейді, бұл мүлде ақылға сыймайды. Яғни 1.5 сағаттық ұшудың авиабилет құны, адамға 1 ай бойы тамақтануына, дәрі-дәрмегіне, өмір сүруіне мемлекеттен берілген жәрдемақысына тең», - дейді Ерлан Әбдиев.
Мәжілісмен алдымен «СКАТ» компаниясының диспечеріне барып, өзінің қатарындағы азаматтарға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын сұрады. Белгілі болғандай, жеңілдік қарастырылған, 4 мың теңге.
«Бірақ онымен еріп жүруі тиіс қамқоршыларына билет құны қымбатқа түседі. Мәселен, нарықтағы баға екі адамға 40 мың теңге болса, жеңілдікпен 60 мың теңгеге шығады», - деп түсіндірді депутат.
Qazaq Air мүгедектігі бар азаматтарға арнайы терезесінен қызмет көрсетпейді екен. Тек ресми сайты арқылы билет алу қажет. Ал жеңілдіктің бар-жоғына жауап беретін Колл-орталық мәжілісменге үш рет қоңырау шалса да жауап бермейді.
«Эйр Астана» қызметкерлері түк бүгежектеген жоқ, «Бізде жеңілдік қарастырылмаған» деп бір-ақ қайырды.
Депутат мүгедектер арбасына таңылған баласын итеріп кетіп бара жатқан ата-анамен де сұхбаттасты. Олар да ешқандай жеңілдік көрмегендерін алға тартты.
«Қазақстандағы ұлттық әуе компанияларында мүгедектігі бар азаматтарға ешқандай жеңілдік жоқ. Тіпті, қымбатқа есептеледі. Мәселен, дені сап-сау екі адам 40 мың теңгемен ұшатын болса, осы сапар мүгедектігі бар адаммен ұшқанда 60 мың теңгеге шығады», - деді Ерлан Әбдиев.