ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі-ЭЫДҰ) жаһандық қатынастар жөніндегі Хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсонмен және Орталық Азия бөлімшесінің басшысы Григорий Леконтпен кездесті.
Кездесуге қатысушылар реформалар бойынша Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін зерттеу және талдау жұмыстары бөлігіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ талқылау тақырыбы 2022-2025 жылдарға арналған Action plan және қатысушы елдердің ЭЫДҰ-ға кіру рәсімінің мониторингі туралы болды.
Әсет Ерғалиев атап өткендей, биыл Агенттік реформалар жөніндегі алғашқы Ұлттық баяндаманы ұсынады. Онда Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың толыққанды көрінісі мен логикасы көрсетіледі.
Өз кезегінде Уильям Томпсон Үкімет пен ЭЫДҰ арасындағы 2026 жылға дейінгі өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде ынтымақтастықты іске асыру процесі туралы, сондай-ақ ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге бағытталған басым салалар айқындалған 2022-2025 жылдарға арналған Action Plan жайлы айтты.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама үшін:
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – демократия және еркін нарықтық экономика принциптерін мойындайтын дамыған елдердің халықаралық экономикалық ұйымы.
Қазақстан ЭЫДҰ-ның бірқатар өңірлік, оның ішінде Шығыс Еуропа және Орталық Азия үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес желілері, Бағдарламаны іске асыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-қимылдар және табиғи ресурстарды пайдалану негізінде даму мәселелері бойынша саяси диалогі бастамаларының белсенді қатысушысы.