Соғыс кезінде ат үстінде әртүрлі іс-қимылдар жасалып, кейінірек сол қимылдар өңделіп, циркте көрсетілетін акробаттық әдіс-тәсілдерге ұласқан. Демек, ат спортының әскери-қолданбалы түріне жататын бұл өнер ат баптайтындардың да қолынан келе бермейді. Ең бастысы, аса мұқияттық пен ептілікті талап ететін бұл өнерде аса қатты жылдамдықпен шауып келе жатқан аттың үстіне секіріп мініп, секіріп түсіп, атты айналып, тіпті бір жағынан екінші жағына ауысу, төбесінде тұрып, жатып шабу сынды күрделі жаттығулар көрсетілді. «Бізге ат жақсылап, әдемі шауып берсе болды. Қалған үстіндегі жұмыстар өзіміздікі», дейді Шымкент циркінде Джигитовка көрсететін «Тұмар» командасының жігіттері.
Былтыр Астана қаласында өткен «Азия жаңғырығы» фестивалінде жылқылардың қатысуымен өнер көрсеткен Шымкент цирктің «Джигитовка» қойылымы 13 мемлекеттің цирк өнерпаздары әзірлеген бағдарламалар арасынан алтын жүлдені иеленіп қайтқан. Ат үстіндегі түрлі тәсілдерді мүдірмей орындап, қазылардың ерекше ілтипатына ие болған шабандоздардың арасында 5 ұл 2 қыз бар. Олар Азамат Жолдас, Азамат Ерман, Бекбол Камалов, Абдуғали Абдразақ, Бақдаулет Тастанбек және жетекшісі Ерсейіт Камалов. Сонымен бірге қазақтың екі аруы Бибі Үмбетова мен ат құлағында ойнаған суретімен әлемді тамсандырған Балнұр Садық бар.
Біз Джигитовканы еркін меңгерген, ат құлағында ойнайтын бабы келіскен батыл шабандоз жігіттермен сөйлесіп қайттық.
Қазақтың жылқысы асау болады
Азамат Жолдас цирктегі атпен өнер көрсету ойындары құрылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан 26 жастағы жігіт. 11 жылдан бері екінші үйі саналатын цирктегі әрбір атты жанындай жақсы көреді. Жылқыларына Черниш, Гиган, Ақбура, Ақтанау, Талисман, Буден деп ат қойған.
«Атқа қызығу дегенді алдымен сезініп көру керек. Бұл ерекше құмарлыққа жатады. Циркте денеңді оңай жарақаттап та алуға болады. Қанша мәрте денемізді майып етіп алсақ та қызығушылығымыз артпаса кеміген емес», – дейді мұның алдында иппадромда жұмыс істеген Азамат.
Ол 5 сыныптан бері аттан түспепті. Сол кезден бері Шымкент қаласындағы атшабарда қыз қуу, теңге ілу сынды жарыстарға қатысқан. Кейін циркке жолы түсіп осындағы аттарды үйретіпті. «Келешекте өзіңді басқа салада сынап көре аласың ба?» деген сұрағамызға: «Жоқ, қандай жағдай болмасын болашағымды тек жылқымен байланыстырамын. Басқа жұмыс істесем де жылқы шаруашылығын қоса алып жүруім мүмкін. Бұл іске бар ынта-ықыласымды қойғанмын. Алла Тағаланың өзі: «Істеген жұмыстарыңнан ләззат алыңдар, сол арқылы ризықтарыңды арттырамын» дейді. Жалпы менің білуімше осы бағытты таңдаған адам шыға алмайды екен», – деп жауап берді ол.
Бақдаулет Тастанбек пен Азамат Ерман командаға 2 жыл бұрын қосылыпты. Екеуі де М. Әуезов атындағы университеттің «Театр және өнер» факультетінің түлегі. Бастапқыда оншақты жігіт болып келген олардың арасында барлық қиындыққа шыдап қалған осы екеуі ғана. «Жуырда дипломымызды аламыз, жұмысты осында жалғастырамыз деп отырмыз. Бірге келген жігіттердің көбісі шыдай алмай кетіп қалды. Ат үстіндегі әдіс-тәсілдердің қиындығанан бөлек, денені жаралау жағдайлары жиі болады. Мұнда жалақы үшін емес, осы саланы барынша сүйетіндер, қанша қиыншылық көрсе де мойымайтындар іріктеліп қалады екен», – дейді Бақдаулет бізбен әңгімесінде.
– Кез-келген тіршілік иесін алдау, мақтау ұнайды. Біз аттарды үйретерде, бір нәрсені дұрыс істесе басынан сипап сәбіз, қант береміз. Сонда оның миында «Мен осы нәрсені дұрыс істеген екенмін, демек, дұрыс әрекеттерге қалаған затымды береді екен ғой» деген ой қалып қояды. Оларды төмпештеудің керегі жоқ, ерегісіп қалады» дейді ол тағы бірде.
Ат үстінде экстремалды ойын көрсетерде алдымен жылқыны мұқият үйретіп алатыны белгілі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Джигитовка ойынына қатысатын аттардың басты міндеті манежде дөңгелете жақсы шауып беру. Сондықтан мұнда аттарға аса көп тәсіл керек емес. Олар бастапқыда залға кірмей, манежде жүрмей, біраз қиғылық салады. Одан бөлек, оларды халыққа, жарыққа, дауысқа үйретудің өзі біршама уақытты алады екен. «Біз жануарды халыққа үйрету үшін бастапқыда көрермен залын қараңғылап қойып кіргіземіз. Ат шауып бара жатқанда көзі көрмейді, жан-жағына қарамайды. Алайда оқыс жағдай болып қалса жүрісінен жаңылуы мүмкін. Сондықтан барынша сақ боламыз», – дейді Азамат Ерман.
Мұндағы жылқылар асыл тұқымдыларға жатады. Әсіресе, «рысактар» өте көнбіс келеді. Сол үшін циркке негізінен «рысактар» алынды екен. «Мысалы өзіміздің қарабайыр қазақтың жылқылары мінезділеу, асау болады. Онша-мұншаға көне бермейді. Ал әдіс-тәсілдердің сәтті шығуы спортшы мен атқа байланысты. Ат пен шабандоздың байланысы мықты болуы тиіс. Күн сайын 2-3 сағаттық дайындық жүргіземіз. Олардың денесін әр күні қыздырып, бабына келтіріп отыру керек. Біздің көп уақытымыз да дайындыққа кетеді. Жылына 2-3 рет қыста-жаз мезгілінде демалдырып алатынымыз бар. Есік алдындағы арнайы қоршаудағы құмға шығарып аунатамыз. Ол жерде секіріп ойнайды. 3 мезгіл ережемен тамақтанады», – дейді Азамат тағы бірде.
Баладай баптайды
Жылқы да ауырып, мазасызданып қалатын кездері болады. Көктем, күз мезгілінде инъекция арқылы дәрумендер салынып тұрады екен. Әсіресе, көктемде өзге жануарлар көк шөпке шыққанда мұндағылар да соны аңсаса керек, қураған шөпке қарағысы келмейді. Ал ат баптаушылар көк шөпте ауру болуы мүмкіндігі болғандықтан дәрумен егеді. Цирктегі қазанаттар неғұрлым күшті, қуатты болса олардың шабысы да жақсы болады. Сондықтан олардың ішіп-жеміне ерекше назар аударылады.
Күн сайын жаттығу жүргізілгенімен мұндағылар жиі қойылымға шыға бермейді. Басшылық бекіткен кестеге сай мереке күндері ойын көрсетеді. Ал ауыл-аймаққа шығатын Шапитода Джигитовка көрсетіле қоймайды. Себебі манеждің ұзындығы 13 метрден кем болмауы тиіс. Жуырда еліміздегі ең жас цирк саналатын Шымкент цирк ұжымы Алматы циркінде 15 күнге жуық гастрольде болып қайтыпты.
«Алматыда көрермендер көп жиналып аншлаг болды. Көрермендер ризашылықтарын білдіріп жатты. Өкінішке қарай, мұндағылар әлі циркке үйрене алмай жатыр. Цирк өнерін бағалай бермейді. Біз сыртқа шығып келсек шабыт алып, қуанып келеміз. Бір жылдары Қытай мемлекетіндегі бірнеше қаламен келісімшарттарға отырып, жиі барып жүрдік. Онда цирк дегеніміз кәдімгідей бизнес. Тіпті, ірі компаниялар өздерінің жарнамасын цирк арқылы шығарады. Халық қатты қызығады. Кез-келген қойылымда ине шаншар жер болмайды. Тағы айта кетер жайт, онда ат өнерін көрсетусіз цирк болмайды. Ма-шу өнеріне ерекше ілтипат көрсетеді. (Ма-ат, шу-шоу деген мағына береді). Сондықтан олар үнемі келісімшарт арқылы өзге мемлекеттермен ат үстінде ойнайтын жігіттерді алдыртады. Қытайлықтар атқа мінуге қорқады. Біз ол жаққа үйретілген атымызды алып бармаймыз. Сонда үйретілгендері болады, егер жоқ болса 1 ай бұрын барамыз», – дейді Азамат Жолдас.
Дәл қазір Шымкент цирк ұжымы балалардың жазғы демалысына арнайы қойылымдар ұйымдастырып жатыр. «Бізді мұнда байлап тұрған ат. Күн сайын жаттығуға келеміз, жылқыларды дайындап сүртіп жуындырамыз. Олармен сөйлесеміз», – дейді жігіттер. Команда мүшелері бірін-бірі алмастыра алатындай барлық әдіс-тәсілді меңгерген. Джигитовка өнері арқылы түрлі әдіс-тәсілдердің техникасын ұйымдастырады. Оған қыздар да белсене қатысады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Балнұрдың қазақтың ұлттық киімімен ат үстінде ойнаған фотосы шартарапқа тараған болатын. Әкесі мен анасы да атшабарда жұмыс істегендіктен, жастайынан сәйгүлікке қызығып өскен қыз қазір ат үстінде талай техникаларды мүдірмей орындайды. Ол «Бәрі техникаға байланысты. Сонымен қатар физикалық та дайындық керек. Тәсілдерді бір шығарып алған соң қиын емес», – дейді ол. Балнұр да болашағын атпен байланыстырады. Ат ұстайтын ферма құрғысы келеді. Ал белгілі фотограф Тұрар Қазанған өзінің әлеуметтік желісінде аттың жалында ойнайтын Балнұрдың суреті көптеген фото көрмеге қойылғанын, оның ішінде Франция, Қытай, АҚШ, Жапония елдерінде көрерменнің ықыласына бөленгенін айтады. «Аттың үстіндегі қызды қарашы, қазақтың қыздары сұлу екен» деп тамсаныпты көргендер.
Біздің сол Балнұр бүгінде Джигитовка ойынының көрігін қыздырып жүр. Кез-келген қазақтың делебесін қоздырып, рухын оятатын бұл өнерді де қолынан келген адам ғана орындай алса керек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы