Еліміздегі мұндай міндет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жүктелген. Ендеше 25 жыл тарихында қазақстандық үлгі қалыптастыра алған бұл қаржы институтының бүгінгі тынысы қандай? Бір сәт назар салып көрелікші...
Тарихы терең, бәсіресі биік қаржы институты
Қариясы қамсыз өмір сүргенін қаламайтын мемлекет болмас, сірә! Тарихтан оның мысалын көптеп кездестіруге болады. Алғашқы деректерді адамзат өркениетінің бір биігі болған Рим империясының өмір салтынан көре аламыз. Біздің заманымызға дейін-ақ әскеріне зейнетақы тағайындап, осы қаржы институтының іргесін қалаған Гай Юлий Цезарь тарихтағы алғашқы қолбасшы ғана емес, мемлекет басшысы да еді. Ал Шығыс тарихында сонау VII ғасырда Әділетті халиф атанған Омар патша зейнетақы есебінде Исламның бес парызының бірі – зекет беруді таңдап алған. Бүгінгі сипатындағы зейнетақымен қамсыздандыру ХХ ғасырдың басында Еуропаның бірқатар елдерінде қалыптаса бастаған. Ал жалпыға бірдей зейнетақы түріндегі сақтандыру заң жүзінде тек 1913 жылы Швецияда рәсімделген екен.
Мыңдаған ғасырлар бойы түрлі эволюциялар мен реформаларды бастан өткерген зейнетақы қорының біздің заманымызға классикалық үлгідегі екі түрі жеткен. Олар – үйлестіруші және жинақтаушы қорлар. Бұл жерде мәселе екеуінің бірінің жақсы-жаманында емес, халықтың демографиялық құрылымына, елдің ағымдағы экономикалық даму деңгейі мен әлеуметтік саясатына қайсысының сәйкес келетіндігінде. Қазір әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі осы жүйелердің түрлі құрамдауыштарын араластыра қолданады. Мәселен, 1998 жылы Қазақстан әлемдегі озық тәжірибелерді қолдана отырып, ортақ (таратушы) жүйеден жинақтаушы жүйеге көшудің арқасында өзінің төл үлгісін қалыптастыра алды. Бұл жинақтау тәсіліне негізделген үш деңгейлі зейнетақы жүйесі болатын. Енді міне, ширек ғасырға жетпейтін уақытта бұл тәсіл өзінің орнықтылығын, тиімділігін паш етіп, зейнетақысы қолына тиген миллиондаған адамның сеніміне ие болып отыр. Тек былтыр ғана қордан 1,18 триллион теңге төленген екен.
Бүгінде қоғамда қорды қайтсек жақсарта түсеміз деген пікірталас қызу жүріп жатқанның өзінде БЖЗҚ әлемдік рейтингтің бел ортасында тастай бекіп орнығып тұр. Орнығып қана емес, жоғарылай түсуге бет бұруда. Азаматтардың қор жұмысын талқылайтын да жөні бар: өйткені мұндағы қаржы жай ғана жинақ емес, олардың өз ақшалары. Жарналардың үш санатын қоса алғанда 12 миллион дана есепшотқа 15,67 триллион теңге шоғырланған. Таза инвестициялық кіріс 2014 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 1 мамырына дейінгі аралықта 7,4 триллион теңгені құраған. Осы ретте Бірыңғай жинақ-таушы зейнетақы қорының кірістілігі биылғы мамыр айында 758,38% болып тұр. Бұл – жинақталған инфляция 710,74% болған кездегі көрсеткіш. Бұл тұста егер салымшының Қордан төлем алуға құқығы пайда болған сәттегі жеке жинағы бойынша кірісі жинақталған инфляция деңгейіне жетпей жатса, мемлекеттің көмекке келіп, айырмашылықты өтеуге кепілдік беретінін де атай кеткен абзал.
Реформа – уақыт талабы
Дүниежүзілік банк пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшылары аралас, көпдеңгейлі зейнетақы жүйелерінің анағұрлым тұрақты және теңгерімді екенін мойындап отыр. Өйткені осы аралас сипат халықтың қажеттіліктері мен мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді екен. Мұны Mercer CFA Institute деп аталатын жаһандық зейнетақы индексінен де көруге болады. Оның үздік ондығы (ТОP-10) аралас сипатқа ие зейнетақы жүйелерінен тұрады. Бірақ олардың жетеуінде жинақтаушылық сипат басым. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша, үздік ондыққа Исландия, Нидерланды, Дания, Израиль, Финляндия, Аустралия, Норвегия, Швеция, Сингапур және Ұлыбритания сияқты мемлекеттер енді.
Әрбір елдің, соның ішінде Қазақстанның да зейнетақы жүйесіне тән үрдіс – экономика мен қоғам дамуының әртүрлі кезеңдерінде реформалардың жүргізіліп отыратыны. Себебі өзгермей қатып қалатын ахуал болмайды, уақыт талабына қарай әлеуметтік-экономикалық сипаттағы өзгерістер жиі болып тұрады. Сондықтан жүйелер де бір орында тұрмайды: демографиялық жағдай өзгеріп, жаппай көші-қон, экономикалық дағдарыстар, жаһандық құбылу, жаңа технологияларға көшу деген секілді жәйттар үздіксіз реформалар жүргізуге мәжбүр етеді. Бұл тұста сақтандыру компаниялары мен активтерді басқарушылар арасындағы әлемдік көшбасшы Allianz тобының 2023 жылғы зейнетақы жүйелері туралы жаңа есебінен осыған байланысты көптеген мысалдарды көруге болады. Құжат 2023 жылдың наурызында шыққан соңғы қолжетімді ақпараттар негізінде дайындалған. «Халықтың қартайып бара жатқан жағдайындағы реформалар жасау» деген атауының өзінен-ақ оның әлемдегі көптеген елге тән негізгі түйткілдерге назар аудартып, зейнетақы жүйелерін жаңа жағдайларға бейімдеуге шақыратынын байқауға болады. Әлем бойынша 75 зейнетақы жүйесіне өзінің төл индексі – API-ді қолдана отырып талдау жүргізетін Allianz-дың бұл есебінде Қазақстан да бар.
Бел ортадан сәл биік
API индексі үш суб-индекстен тұрады. Оған негізгі демографиялық және фискалды жағдайларға талдау жасау, зейнетақы жүйесінің орнықтылығы мен сайма-сайлығын анықтау кіреді. «7» балдық шәкіл бойынша барлығы 40 өлшем қарастырылған, мұндағы «1» ең үздік нәтиже дегенді білдіреді. Құжатқа қарап отырсақ, онда талданған барлық зейнетақы жүйесінің ортақ көрсеткіші 3,6 балды құраған екен. Ал Қазақстанда ол (API-2023) орташадан 0,1 балл жоғары. Бұл ретте мемлекеттің зейнетке шыққан әрбір адамның қолайлы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын мүмкіндігін көрсететін зейнетақы жүйесінің молшылық көрсеткіші 3,3 балды құраған. Мұндай бағалау кезінде зейнетақы төлемдерінің деңгейі, зейнетақы жүйесімен қамту көлемі, қаржылық қызметтерге қолжетімділік және егде жастағы жұмысшылардың еңбек нарығындағы интеграциясы зерделенген. Молшылық рейтингінде Дания мен Нидерланды 1,4 және 1,7 балмен көш бастап тұр.
«Қазақстанның зейнетақы жүйесінің API-2023 индексі – 3,5 балл. Осылайша, ол 75 елдің ішінде 34-ші орынға орнығып, ТМД бойынша көршілерінен, сондай-ақ Испания, Чили, Сингапур сынды тағы да басқа елдерден озық тұр. Бұл нәтижелер Қазақстанның зейнетақы жүйесі индексте ұсынылған басқа ел-дермен салыстырғанда орташа деңгейде және зейнетақы төлемдері салыстырмалы түрде тұрақты әрі жеткілікті екенін білдіреді», – дейді Allianz сарапшылары біздің елге баға бере отырып.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне ширек ғасыр ғана толған Қазақстан үшін бұл өте лайықты көрсеткіш, дегенмен одан да әрі өсу мүмкіндігі зор. Allianz сарапшылары жалпы ахуалды сипаттай келе, өткен жылдармен салыстырғанда зейнетақы жүйелеріндегі жағдай сәл ғана болса да жақсарғанын атап өтіп отыр.
«Зейнетақы реформаларын жүргізу қажеттілігі туындап отырғанына қарамастан, тек аз ғана ел жағдайын едәуір жақсарта алды. Құжатта Дания, Швеция және Нидерланды мемлекеттері жалпы ұпайы 3-тен төмен балмен индекстің жоғарғы жағында тұр. Өйткені олардың зейнетақы жүйелерінде өмір, сүру ұзақтығының өзгеруіне сәйкес зейнетке шығу жасына түзетулер енгізу қарастырылған, бұдан бөлек бұл елдерде кәсіби және жеке капиталдан тұратын зейнетақы құрамдауыштары мықты дамыған», – делінген есеп құжаттамасында.
Аталған субиндекс жүйенің төлем деңгейі, зейнеткерлікке шыққан кездегі табысты алмастыру коэффициенті сынды санаттарды да көрсетеді. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарына сәйкес, бірінші деңгейдегі зейнетақыларды алмастыру коэффициенті орташа жалақының 40-60%-ын құрау керек. Әлемде ЭЫДҰ-ның өлшемдері бойынша бұл көрсеткіш біркелкі емес: Бразилияда алмастыру коэффициенті 89%, бұл – ең жомарт зейнетақы жүйелерінің бірі. Ал Африка мен Оңтүстік Американың бірқатар елінде ең кедей зейнеткерлер тұрады. Олар 15% деңгейіндегі жиынтық алмастыру коэффициентімен өмір сүріп жатыр. Германияда, АҚШ-та және Жапонияда зейнетақыны алмастыру деңгейі 30%-дан 40%-ға дейін өзгеріп тұрады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш зейнетақының ортақ құрамдауышын ескере отырып, қазір шамамен 52%-ды құрайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері, азаматтардың зейнетақыларының кіріс деңгейін ұзақмерзімді перспективада сақтап қана қоймай, арттыра түсу үшін де олардың жинақтарын көбейте түсу маңызды екенін айтады. Бұл жерде әңгіме ерікті зейнетақы жинақтарын ашуды насихаттап, кең қолданысқа енгізу, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын арттыру, мемлекеттік бюджеттен берілетін жиынтық зейнетақының базалық құрамдауыштарын дамыту сияқты өнімдер туралы болып отыр. Қазір осы және басқа да мәселелер талқылану үстінде, соның ішінде БЖЗҚ-ның актуарий мамандары мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен де есеп-қисаптар жүргізілуде.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылып, жұмыс істей бастағанына салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт өте қоймағанына қарамастан, оның үздіксіз дамуы мен жаңғыртылуы, тәжірибесі, соның ішінде ортақ құрамдауыштан жинақтаушы құрамдауышқа бейімделе отырып, біркелкі түрде ауысуы әлем елдері арасында сәтті деп танылып, терең зерделенуде. БЖЗҚ-ның соңғы жылдары алған сәйкестік сертификаттары еліміздің зейнетақы жүйесіндегі негізгі институттың халықаралық деңгейде мойындалып отырған тұрақты деңгейін нақтылай түседі. Қордың кәсібилігін 2022 жылы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы Құрмет грамотасымен атап өткен болатын. Бұл марапат Қорға «2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясын іске асырғаны үшін: тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту аясын кеңейту ісіндегі табыстары үшін» берілді.
Кезекті сын-қатер: жеделдеген демография сағаты
Десе де, әлем елдерінің қандай үлгідегі болмасын зейнетақы жүйелері бұған дейінгі реттеу тетіктері мен өзгерістерге бейімделу әдістері іс жүзінде қауқарсыз болып отырған жаңа сын-қатерлерге ұшырауда. Сондықтан жаңаша әрекет ету құралдары мен ықпал ету тетіктерін іздеу өзекті мәселеге айналып отыр. Өз есебінде Allianz бұл мәселені «Демографиялық сағатқа қарсы реформа» деп атады. Ондағы мәліметтер бойынша, 2050 жылға қарай әлемде егде жастағылардың экономикаға салатын ауыртпалығы бүгінгі 15,1%-дан 26,3%-ға дейін өседі екен. Естеріңізде болса, 2019 жылы ол «бар болғаны» 25,3%-ға дейін ғана өседі деп болжанған болатын. Бір сөзбен айтқанда, әлемде зейнеткерлерді қамтамасыз ету мүмкіндіктері тұрғысын-дағы теріс тренд айтарлықтай жеделдеп келеді.
«Қоғам өзінің қартайған халқына қанша ақша жұмсауға дайын?» деген мәселе, саяси сипаттан бұрын техникалық сипатқа ие бола түсуде. Өйткені мемлекеттердің қарияларға төлейтін жәрдемақы шығындары көбейіп, керісінше дағдарыс салдарынан бюджеттері қысқару үстінде. Ендігі жерде «Қартай-ған халқы үшін қай ел қаражат жұмсай алады?» деген мәселе өткір тұрмақ», – деп дабыл қағады Allianz.
Бүгінде бірқатар елдер бейнелеп айтқанда, «сағат тілін кері бұрауға» әрекет етіп, зейнет жасын өсіруге талаптануда. Оған кәсіби орта мен сарапшылар қауымдастығы түсіністікпен қарағанымен, қарапайым азаматтар қатты наразы. Бұл түп-төркіні әлеуметтік сипатқа ие зейнетақы қоры сынды қаржы институттарының қиын жағдайда тұрғанын айғақтай түседі. «Кейбір елдердің мұндай әрекеттерді «өмір жасының ұзаруымен байланысты» етіп көрсетуге тырысуы да осы тектес ахуалдың шынайы бейнесін бермейді», – дейді мамандар.
Алдын алған ұтады
Халықтың қартайып бара жатқаны сынды жалпы әлемдік тренд Қазақстанға да әсер етіп отырғандықтан, отандық заң шығарушылар, қаржыгерлер, қоғам өкілдері еліміз үшін әзірге өзекті болмаса да, осынау мәселені шешудің алгоритмдерін іздеп, қызу талқылау қамында. БЖЗҚ жақында жүргізілген зерттеуінде; «халықтың өсуімен елдегі егде жастағы адамдар саны да тұрақты түрде өсіп отырады: 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2050 жылға қарай қазіргі 12%-дан 18,5%-ға дейін өседі деп болжануда; ал 65 және одан жоғары жастағы адамдардың үлес салмағы қазіргі 7,8%-дан 13,1%-ға дейін артпақ» делінген.
– Тұтастай алғанда, актуарий мамандар жүргізген зерттеулер бізге өмір сүру ұзақтығының қаншалықты артуы мүмкін екенін, ұзақмерзімді перспективада туудың төмендеуі мен халық құрылымындағы қарт адамдар үлесінің өсуі қаншалықты мүмкін екенін болжауға мүмкіндік береді. Осы үдерістерді ескере отырып, біз 2040-2050 жылдары байқалатын демографиялық өзгерістерге дайындалып жатырмыз. Демографиялық сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан өзінің зейнетақы жүйесін уақытылы бейімдеп, оның орнықтылығын қамтамасыз ете отырып, белсенді еңбек ету кезеңі аяқталған өз азаматтарына лайықты зейнетақы алу үшін жағдай жасауы тиіс, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.
Осыған сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі саласындағы негізгі институты ретінде 2022-2026 жылдарға арналған жаңа стратегиялық мақсаттарын бекітті. Енді қор ең үздік әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, әрбір қатысушыға зейнетақы қызметтерін көрсетуде және коммуникация жасауда дербестендірілген тәсілге назар аударғалы отыр. «Әр адам – дербес болмыс, сондықтан да қызмет көрсетудің жаппай сипатынан бой тартып, тікелей жеке адамға қызмет көрсету тәсіліне көшу көзделуде», – дейді БЖЗҚ мамандары.
Нәтижесінде, бұл әр адамның есепшотындағы қаржыны молайта түсуге мақсат қоятын жеке жинақтау жоспарын жасап шығуға мүмкіндік бермек. Осы тұста салымшылар мен алушыларға цифрлық технологиялардың көмегіне жүгінуге бар жағдай жасалатын болады. Әр салымшыға қор өнімдерінің желісі ұсынылып, соның ішінде басқарушы инвестициялық компанияларға да өз жинақтарының жартысына дейін инвестициялау мүмкіндіктерін пайдалануға көмек көрсетілмек. Одан бөлек, жұртшылықпен және БЖЗҚ-ның қарсы серіктестерімен тиімді өзара іс-қимыл жасау, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және заңнаманы орындау тұрғысында маңызды міндеттерді жүзеге асыру қарастырылуда.
Allianz сарапшыларының Қазақстанның экономикалық моделі үшін қолайлы болуы мүмкін деп ұсынып отырған ұсыныстары да көңілге қонады. Олар зейнетақы жүйесі салымшы зейнетке шығар алдында да онымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек деп санайды.
«Бұл ұсыныс толық емес жұмыс күніне және заңмен белгіленген зейнет жасына жеткеннен кейін де зейнетке шығуды кейінге қалдырған кезде жаңа (қосымша) зейнетақы құқықтарын алуға рұқсат беруге қатысты. Одан басқа 60 жастан асқан жұмысшылар үшін әлеуметтік қамсыздандыру жарналарының төмен мөлшерлемелері де, 60 жастан асқан жұмыссыздарды/қызметшілерді жалдау кезінде жалақыға уақытша субсидиялар қосу ұсыныстарын да қамтиды», – дейді сарапшылар.
Осы айтылғандарды бір сөзбен тү-йіндесек, сақтау мен көбейтудің бейнетіне көнген – жинағының зейнетін көреді. 25 жыл тарихында қазақстандық үлгі қалыптастыра алған бұл қаржы институтының бүгінгі тынысы осыны түбегейлі дәлелдеп отыр.
Нұрлан ҚОСАЙ
Фото: gov.kz