Ерекше жандар да есеп береді

Елорда төрінде күн сайын әртүрлі концерттік шара өтеді. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт қол үзіп, әсем ән мен тәтті күй тыңдаудың да көңілдің көтеріңкі жүруіне пайдасы бар.

 Бұл жолы бас қалада Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған «Ел жүрегі – Астана» атты гала концерті көрермендерге көңіл күй  сыйлап қана қоймай, қамқөңіл жандарға қамқор болудың ауадай қажет екенін ұқтырғандай болды. «Жастар» сарайына жиналған жұртшылық алдымен ерекше жандардың өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын тамашалады. 

Ерекше дейтініміз де сол, сахна төріндегі күміс көмей әншілер де, әсем биімен елітіп мың бұралған бишілер де кәсіби мамандар емес, орталықтың қызмет алушылары. Мекемедегі тағдырдың тауқыметін тартып, шыр етіп дүниеге келгеннен мүмкіндігі шектелген әлжуаз жандар қамқорлыққа мұқтаж. Өйткені олардың  арасында ауыр сырқаты үшін ата-ана мейірімінен қол үзген жүрегі нәзік, көңілі қаяу адамдар бар. Біреуінің жанында жазылмайтын жарасы, енді бірін тән жарасы мазалайды. Міне, осындай жарым көңілді жандарға тағдырдың тауқыметіне төтеп берерлік күш-жігер беріп, көңілін аулайтын, жүрегіне жол тауып, жығылған сәтте қолтықтан демеп қолдау көрсетер әлеуметтік саланың қызметкерлері кез келген марапатқа лайық дейтініміз сол. Мейірімділік пен ізгілікті ту еткен мамандар орталықтағы қызмет алушылардың қолынан келетін іспен шұғылдануына мүмкіндік беріп, өнерге де барынша баулып келеді. 

 Астана қаласынан 135 шақырым, ал Ақмола облысы Ақкөл қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан орталықта 370 емделуші бар.  2005 жылдан бері жұмыс істейтін орталықтағы  қызмет алушылардың сырқаты да әртүрлі. Олардың арасында қаусаған шағында жалғыз қалғандар мен туғаны көзі тірісінде бас тартқан қарттар да кездеседі. Мекемедегі шизофрения, эпилепсия, аутизм, ақыл-есі кем, даун, альцгеймермен ауыратын науқастардың өзінде бірнеше диагнозы бар. Аяқ-қолы жұмыс істемейтін, төсек тартып, арбаға таңылғандар да жетерлік. Мұндай әлжуаз адамдар бір секунд қараусыз қалмайды.  Сол себепті мекеме қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті бір минут естен шығармайды. Орталықтағы 270 қызметкер күн сайын оларды тәулік бойы бақылап қана қоймай, әрбір емделушіге мейірімділік танытуы қажет болады. Өйткені қызмет алушылардың ең көбі – шизофрения мен аздап ауытқуы бар, ақыл-есі кем диагноз қойылған адамдар. Көбінен әке-шешесі бас тартқан немесе ата-ана құқығынан айырылғандар. Олардың арасында жыл өткен сайын денсаулық жағдайы нашарлайтындары бар. Сондықтан бұл концерт қоғамнан сырт  қалып жатқан қамкөңіл жандардың қиялына қанат бітіріп, мүмкін еместі мүмкіндігіне қарамай қолдан келтіруге мүмкіншілік беріп отырған орталықтың есеп беруі десек те болады. 

Орталық директоры Назарбек Көкеннің айтуынша, гала концерт Астана қаласының 25 жылдығына арналып отыр. «Бұдан бөлек, орталықтағы қызмет алушылардың есеп беру концерті деп айтсақ болады. Өйткені біздің мекеме құрылғаннан бері қызмет алушылар көптеген республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі орын алып жүр. Сол үшін олардың өнерін, қолдау болса кез келген нәрсе қолынан келетінін көрсету үшін қызмет алушыларымыздың өнерін елорда төрінде көрсетіп, көпшілік алдында талантын паш етуге мүмкіндік беріп отырмыз. Біздің әр ісімізге қолдау білдіріп, демеушілік көрсетіп жүрген жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жасаған жақсылықтары еселеніп қайтсын. Тек жақсылықта жүздесе берейік», – дейді орталық басшысы. 

Осыдан кейін сахна төріне шақырылған демеушілерге орталық атынан айрықша құрмет көрсетілді. Орталық жұмысының жанданып, ем алушыларға қарайласып жүрген мейірімді жандар грамота мен алғысхатпен марапатталды. Концертке арнайы шақыртылған кәсіподақ мүшелері де әлеуметтік сала мамандарының еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек етіп, ерекше жандардың өнерін жоғары бағалады. Шындығында да, қызмет алушылардың дайындаған қолөнер бұйымдары талайдың таңдайын қақтырса, сахнадағы өнері көпшілікті сүйсінтті. 

Жадыра МҮСІЛІМ