Жеуге арналған ыдыстар

Бүгінгі қоғамда тың кәсіптің көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Соның ішінде жеке кәсібін ашып, табысты еңбек етіп жүрген жастардың көбейгені көңілге қуаныш ұялатады.

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны, жас кәсіпкер Жамбыл Қожахметовтің тың кәсібі көпті таңдай қақтырып жүр. Бүгінде ерекше іске бетбұрыс жасаған іскер жанның жасап шығарған дүниелері тұтыну­шылардың үлкен сұранысына ие. 

Шиелілік кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Бұл қаржыға көптен ойда жүрген бизнес идеясын жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі. 

Оның негізгі жоспарлап жүрген биз­нес жобасы – түрлі ингредиентті қосу арқылы жеуге жарамды ыдыс-аяқтар, табақшалар жасау болатын. Стандартты шыныаяқтарды жасауға кәдімгі ұн мен жұмыртқаны және белгілі қоспаларды пайдалануға бел буады. Бизнес жоспа­рын жүзеге асыру мақсатында арнайы цехты іске қосады. 

«Табиғи ингре­диент­тер арқылы да­йын­далатын жеуге жа­рам­ды ыдыстар жасау көптен бері ойда жүр­ген жоспарым бо­латын. Бұл ыдыстармен кез келген жұмсақ та­ғамдарды жеуге болады. Алдымен 10 минут ішінде ыдысқа са­лынған тамақты жеп, артынша ыдыстың өзін қорек қыла алады. Біз рецептіні ұзақ уақыт бойына сынақтан өткіздік. Жеуге жарамды ыдыстардың қамыры майлы да, құрғақ та емес. Ыдыстардың дәм­ді­лі­гімен қатар көздің жауын алатын әсем­дігі және берік­тігі де ескерілді», – дейді тың кәсіп иесі Жамбыл Қожахметов.

Бүгінде цехта айына 10 мың шы­ныаяқ, 2 000 табақша мен 3 000 сорпа ыдысы шығару қолға алына бастапты. Бар­лық өнім тұтынушылардың талға­мына сай әзірленеді.

Кәсіпкер бір ыдысты дайындау үшін алты ай уақытын сарп еткенін алға тарт­ты. Алғашында стандартты шыныаяқтар жасауды қолға алыпты. Алдағы уақытта жеуге жарамды қасықтар мен шаныш­қылар шығаруды мақсат тұтып отыр.

«Бизнес идеямды мемлекеттік бағ­дар­лама аясында берілген қаржының арқасында жүзеге асырдым. Негізінен, мұндай ыдыстар Еуропада үлкен сұранысқа ие. Көршілес Ресейде жеуге арналған ыдыс-аяқтарды өндірушілер арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ бағасы да қымбат. Сондықтан көп­шілігіне мұндай өнімді біздің елден алдыртқан тиімді. Ал бұл бизнес жобаны жүзеге асыру үшін Ресейде серіктес­термен бірге арнайы оқу-семинарға қатыстық. Осындай ұзақ ізденістің нә­тижесінде цехты ашып, жұмысымызды бастап жатырмыз. Мұндай ыдыс-аяқтарды жасауға көп жұмысшы да қажет болмайды. Бүгінде 4 адам еңбек етеді. Автоматтандырылған цех 24 сағат бойына жұмыс істеп тұр. Жыл бойына үз­діксіз өнім өндіруге мүмкіндік бар», – деп ойын толықтырды кәсіпкер. 

Кәсіпкер еселі еңбегінің арқасында жеуге арналған ас үй құралдарын жасау­дың тың жолын тапқан. Цехта дайын­далған ыдыс өнімдер сұйықтық пен жылудың әсеріне төзімді келеді. Сон­дай-ақ салқын тағамдармен өзінің беріктік қасиетін одан сайын арттыра түседі екен.

Ең бастысы, бұл ыдыстар адам денсаулығына қауіпті емес. Кәсіпкердің айтуынша, тамағыңызды жеп болған соң сыртындағы ыдысты да жей саласыз. Бір жағынан азық әрі артық шығынға ұшырамайсыз.

Мәліметке сәйкес, еуропалық өн­дірушілер жеуге арналған ыдыс-аяқ өнімдерін түрлі дәммен ұсынады. Оның ішінде десертке арналған ыдыстар шо­колад, ваниль немесе құлпынай арқылы дайындалса, ыстық тағамдарға шөптер мен дәмдеуіштер қосады екен. Көбіне жеңіл тағамдар мен десерттерге жеуге жарамды стакандар жасалады.

Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, күнделікті қолданатын ыдыс-аяқтар жасауды да жоспарлап жүр. Соның ішінде экоыдыстар өндіруді мақсат тұтады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы