Тамақ жібітетін тамшы суға зар болып қалған халық жергілікті билік пен құзырлы органдарға жанайқайын жеткізгенімен, әзірге ауызсу мәселесі оң шешімін табар емес. Жергілікті әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындар сырғытпа жауаптан басқа еш қарекет қыла алмаған.
Өңірде су тапшылығы ежелден-ақ аса өткір тұрған бірнеше аймақ бар. Жылдар бойы судың зардабын тартқан халық шағымын жергілікті биліктен бастап Президентке дейін бірнеше мәрте көтерген. Әсіресе, Нұра топтық су құбыры жалғыз су көзі болып табылатын Егіндікөл ауданында айлап мүлдем сусыз қалған ауыл-дар мәселені шешу үшін төтенше жағдай жариялануын талап еткен. Мұнда Қорғалжындағы Сабынды көлінен басталатын 330 шақы-рымдық су құбыры Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар ауданындағы бірнеше ауылды кесіп өтеді. Құбырдың тоқсан пайыздан астамы тозығы жетіп, әбден шіріп кеткендіктен ауылдарға су мүлде жетпей қалатын болған. Жақында дәлірек айтқанда, 2 маусым күні ауданда ауызсу мәселесін шешу мақсатында Егіндікөл ауданында техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімі Ерлан Мұхамединнің айтуынша, мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 16 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Бұл қаражат облыс және аудан бюджетінде болмағандықтан Үкіметке өтінім жолданбақ.
Егіндікөл ауданынан бөлек, соңғы апталарда болған аптап ыстықта бірнеше ауданда мың-даған халық тамақ жібітерлік ауызсу таппай қиналды. Күні бү-гінге дейін сусыз отырған жұртшылық түйінді мәселенің шешімін әлі табылмай отырғанын айтып дабыл қағуда. Әсіресе, Атбасар ауданындағы мыңдаған жұрттың жағдайы мүшкіл. Аптадан астам уақыт бойы тіршілік нә-рінсіз қалған халық тіпті жуыну-ға да су таппай отырғанын жет-кізді.
– Міне, бір апта болды, Атбасар қаласында краннан мүлде су тамбайды. Ми қайнатқан аптап ыстықтарда бір тамшы сусыз отырдық. «Атбасар Су» дипспетчерлеріне хабарлассақ, «Кешіріңіздер, біз көмектесе алмаймыз» деген жауаптан әріге аспайды. Су тасығыш арнайы көліктер де келмей жатыр. Жұ-мыстан келген соң жуына да ал-маймыз. Міне, осындай жағдайда қалай өмір сүруге болады? Жер-гілікті билік те, басқасы да еш-қандай әрекет етіп жатқан жоқ. Осындай төтенше жағдайда біз қайтпекпіз? – дейді Атбасар қала-сының тұрғыны Ирина Петренко.
Атбасар ауданының әкімдігі су тапшылығын реттеу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорын қызметкері тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
– Бұл мәселе бойынша қалаға су беру үшін 12 су айдау ұңғымасы жұмыс істеп тұр. Жазғы уақытта су тұтыну көлемінің ұлғаюына байланысты әрі ауа температура-сының күрт көтерілуінен көп-қабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында қысым төмендеді. Мәселені шешу үшін едәуір қуат-ты сорғылар орнатылып, резер-вуарлардағы су қоры деңгейін көтеру мақсатында су сағаттап берілетін болды. 6 маусымдағы деңгей бойынша қалыпты жағдай 3,9 метр болу керек болғанымен, су деңгейі 1,7 метр ғана. Жағдайды тезірек қалпына келтіру үшін қосымша 2 ұңғыма жасау бойынша шаралар қабылдануда. Аталған мәселе бақылауға алынған. Жергілікті атқарушы орган және қызмет көрсетуші компания жағдайды қалпына келтіру үшін тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр, – дейді Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Аптап ыстықта өңірдегі курортты аймақтарының бірі саналатын зеренділіктер мүлдем ауызсусыз қалды. Су аудан орталығында аптадан астам уақыт бойы жоқ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су осыған дейін де екі мәрте ажыратылған.
– Енді үнемі осылай бола ма деген қорқыныш басым. Әкімдікке хабарласып, ешқандай жағымды жаңалық ести алма-дық. Су қоры сақталатын резер-вуардың бос тұрғанын айтты. Мәселе жөндеу жұмыстары немесе апаттық жағдайдан емес, жұмыс істейтін ешкімнің жоқтығынан сияқты. Яғни, жаз бойы сусыз қалуымыз да әбден мүмкін, – дейді зеренділік тұрғындар.
Аудан әкімдігі күннің қатты ысуына байланысты әрі халықтың суды көп тұтынуынан су қорының жетіспей қалып жатқанын мойындады.
– Дала жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сенім жер» ЖШС-ның жұмысшысы ұңғымалар мен сорғыларға қуат беруді қамтамасыз ететін электр таратушы бағанын құлатып кеткенінің сал-дарынан су жинайтын мұнара мен резервуарларға су құйылмады. Жоғары температура мен халықтың суды көп пайдалануынан су болмай қалды. Қазіргі сәтте барлық ақаулар жөнделді. Резервуарларға су толтырылып жатыр. Бірнеше учаскеде толық су беру үшін қысым жетпей жатыр. Дегенмен қысым көтеріліп жақын арада су толық көлемде берілетін болады. Сондай-ақ су тасымалы да ұйымдастырылады, – деді Зеренді ауданы әкімдігі.
Біржан сал ауданының Макинка ауылы да апта бойы мүлде ауызсусыз қалған. Тұрғындардың айтуынша, ауызсу мұнда жылда жаз айында тапшы болады. Алайда жергілікті қызмет көрсететін «Степняк-су» коммуналдық кәсіпорны еш қарекет қылмаған. Тіпті, тасымал су да жеткізілмегенін айтқан тұрғындардың өкпесі қара қазандай.
Біржан сал ауданы әкімдігі Макинка селосындағы су құбырларының жиі жарылатынын әрі апатты жағдайда тұрғанын мойындады.
– Тексеріс жұмыстарын жүргізіп, желілердің техникалық жай-күйін анықтау кезінде олардың апаттық жағдайда екені анықталды. Осыған байланысты конкурстық рәсімдер өткізіліп, Макинка селосында су құбыры желілерін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама жасауға жеткізуші анықталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін қаржыландыруға өтінім берілетін болады, – дейді Біржан сал ауданы әкімдігінің ресми хабарламасында.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, су құбырлары 4 маусым күні жарылған. 6-7 күндері құбыр желілері қайта жарылыпты. Қазіргі уақытта сумен қамту үшін тасымал су ұйымдастырылғанын жеткізді.
Ауызсу Көкшетау қаласының да Жайлау, Бірлік шағын аудандарында да ажыратылып тұрғындар сусыз қалған. Тұрғындарға жаз бойы су мезгіл-мезгіл тоқтап, тек кестемен ғана берілетіні хабарланыпты. Тұрғындар уәде берілген кестедегі уақытпен де судың берілмей жатқанын бар-жоғы жарты сағат сыздықтаған су берілгенін ашына көтерді. Сондай-ақ қаланың Жайлау шағын ауданы аптап ыстықта сусыз қалған.
Шаһарды сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны аптап ыстыққа байланысты су құбыры желісінде қуат тапшылығы болғанын әрі суды көп тұтынып жатқандықтан судың жеткіліксіздігін жеткізді. Кәсіпорын жуық арада су берілуін қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жалпы, облыс аумағында су құбырын тартылуы тиіс болған ондаған ауылға бюджеттен миллиардтар бөлінгенімен, құбыр тартылуы орта жолда қалып қойыпты. Салдарынан, су әлі тар-тылмай жатқан елді мекендер де жетерлік. «Әділдік жолы» рес-публикалық қоғамдық бірлес-тігінің мәліметінше, «Монолит» және «Дәнекер» компаниялары өңірдің онға тарта ауылына бөлінген қаражатты алғанымен күні бүгінге дейін аяқтамаған. Бірқатары бойынша іс сотқа де-йін барған. Басты тіршілік көзінің мүшкіл жағдайын реттеуде жауапты органдар дереу әрекет етпесе, түйінді жағдай қашан шешімін табатыны белгісіз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы