Жасанды интеллект: кімді алмастырады?

Қазір қоғам жасанды интеллекті «адам санасы деңгейіндегі компьютер» деп атайды. Әлемде «жасанды интеллект адам орнын алмастыра ма?» деген сауал туындап тұр. Сонымен, жасанды интеллекттің маңызы неде? Оның адамзат болашағына қандай пайдасы бар? Бағдарламалаушы инженер Серік Төлеумен осы мәселелер жайлы тілдестік.

– Жасанды интеллекттің маңызы неде?

– Адам өмірінде, қоғамда технологияның қарқынды дамуына сәйкес өңдеуді қажет ететін ақпарат көлемі де күрт өсті. Алуан түрлі күрделі мәселелерді шешуде жылдам есептейтін компьютерлік алгоритмдердің тиімділігі қатты төмендеді. Нәтижесінде, барлық саладағы адам атқаратын жұмыстарды жеңілдетудің аса қажеттілігі пайда болды. Көмекке адам баласының ақыл-ойының моделі:  өзін-өзі тануға, өздігінен білім алуға, дамытуға қабілетті  саналы программалық алгоритм келді. Жасанды интеллект адам баласы шешуге тиіс алуан түрлі мақсаттардағы күрделі мәселелердің шешімін іске асырады. Мәселені алдын ала енгізілген нұсқауларсыз да шеше алады. Қазір жасанды интеллект ақпаратты өте жылдам өңдейді.

– Ол өз кезегінде үш кезеңге бөлінеді екен. Яғни, жасанды тар түрдегі интеллект (ANI); жасанды жалпы түрдегі интеллект ( AGI); жасанды супер интеллект (ASI). Бұлардың айырмашылығы қандай?

–Жасанды тар түрдегі интеллект дегеніміз не? Программалық жолмен жүзеге асырылған. Ол белгілі бір шектеулі тапсырманы ғана орындауды біледі: мысалы ауа райын бақылау, шахмат ойнау немесе журналистік репортаж жасау үшін деректерді таңдау, өңдеу талдау. Google Assistant, Google Translate, Siri және басқа табиғи тілді өңдеу құралдары бұлар – жасанды тар түрдегі интеллект. Адаммен «сөйлесуге» қабілетті болғанымен, өздігінен «ойлана» алмайды. 

Жасанды жалпы түрдегі интеллект – прог­рамма­лық жолмен жүзеге асырылған. Адам са­на­сына ұқсас. Адамға тән ақыл-ойдың жұ­мысын қайталай (орындай) алады. Бұл арқылы компьютер ақпаратты өте жылдам өңдейді. Дегенмен стратегия құру немесе осыған негіз­делген шешімдер қабылдау қасиеттерінен жұрдай. Шығармашылық идеялар ұсыну мен адамша ойлау т.б. деген жоқ. 

Шығармашылық, даналық жағынан жасанды супер интеллект адамнан асып түседі. Әлеуметтік мәселелерді шешуге дейін даяр тұр. Тіпті, адамзаттың ең дарынды өкілдерінен де жоғары ақыл-ой, сананы көрсете алады. Бұл көпшілікті алаңдатады, ғалымдардың пікірінше, адамзаттың биологиялық түр ретінде жойы­луына әкеледі.

– Жасанды интеллектің адамзат баласы үшін қандай тиімді тұстары бар?

– Ғылымның даму, терең зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін арттырады. Барлық тіршілікті, адам ағзасын, жерді, сондай-ақ мыңжылдықтар бойы шешімін таппаған сұрақтарға жауап алуға болады.  Жасанды интеллект көмегімен ға­рышта, жер қойнауында, мұхитта, жанар­тау­ларда, шөлдер мен батпақтарда, джунглилерде, мұзды кеңістіктерде және аса қауіпті радио­активті аумақтарда адам денсаулығына қауіп төндірместен зерттеулер жүргізуге болады. 

– Жасанды интеллект адамның орнын алмас­тыра ма?

– Қаншалықты сенімді, ақылды, жылдам болғанымен, жасанды интеллект ең алдымен техникалық ақаулардан және қисынсыз шешім­дер қабылдаудан қорғалмаған темір. Қазіргі жасанды интеллект тек  программалық жолмен жұмыс атқаруда. Адамның орнын басатын жасанды интеллект аппараттық жолмен ғана жүзеге асырылатын болады. Адам миының «бөлшектері» арнаулы чип түрінде жасалады. Бұл қазір іске асырылуы толық мүм­кін нәрсе. Білуімше, осы бағытта үлкен жұмыстар белсенді түрде жасалып жатыр. Жасанды интел­лект адам­ның ор­нын басуы әб­ден мүмкін. Қорқыныш міне – осында. Деген­мен әзір­ге олай емес.

– Бізге қандай қауіп төнді­реді?

– Жасанды интеллект адамдар­ды күнделікті жұмыс салаларынан ығыстырады. Жұмыс­сыздық арта­ды. Адам еңбегі құнсызданып, адамдарды ро­бот­тар алмастырады, мәселен, жүк тиеушілерді, сату­шыларды, күзетшілерді алмастыруы мүмкін. Тіпті, өнер жасанды интеллекттің құзыретінде болады – нейрондық желілер қазірдің өзінде сурет салып, фильмдер түсіріп жүр! Дегенмен роботтар адамды барлық салада алмастыра алмауы мүмкін. Жасанды интеллект адамдарды өзінен «төмен тіршілік иелері» ретінде қарастыратын деңгейге дейін дами алады. Адамзат бақылауынан шығып кетуі әбден мүмкін. Қылмыскерлердің қолына түссе, не боларын елестетудің өзі қиын. Деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне қатысты күмәнді жайттың көбейетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде мемлекеттер  адамзатты бақылауға алуға тырысуда. Қылмыс саны айтарлықтай азайғанымен, мемлекет барлық халықты толық бақылай алады. Билік бұл мүмкіндіктерді теріс мақсатта пайдалануы да мүмкін ғой. Жасанды интеллект адамдарға ақпаратты таңдауда, іздеуде «қатты терлемеуге» көмектеседі, яғни адам үшін дұрыс таңдауды жасанды интеллект алгоритмдері жасайды. Осылайша, адамзат жасанды ин­тел­лектке тәуелді бо­лып, дамуы тежелуі мүм­кін. 

– Ал мұның мамандықтарға әсеріне келсек.

–Жасанды жал­пы түрдегі интел­лект  мысалы, ме­ке­ме басшысын немесе PR, HR мамандарын толық­тай айырбастай алады. Күзет, бақылау, сауда т.б. салаларында «еш қи­нал­мастан» жұмыс істей береді. Дұрыс ыңғайластырылса, мұғалімді де айыр­бастайды. Бұл мамандықтар жасанды жалпы түрдегі интеллект үшін «ойыншық». Кейбір салаларда, мысалы, кі­тап­тарды иллюстрациялау, қарапайым стандартты мәтіндерді жазуда ChatGPT сияқты боттар адамды айырбастап жүр. Сұраныс пен тегті дұрыс берсеңіз  жеткі­лікті. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Жанель ҚҰТТЫБАЙ