Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Қазақстанның шығыс аймағындағы алапат орман өртіне байланысты өзінің қолдауын және жылы лебізін білдірді.
– Табиғат апатының ауыр салдары еңсеріліп, зардап шеккен аумақтар қалыпты өмірге оралатынына сенімдімін, – деп жазылған Ресей Президентінің жеделхатында.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.
– Осындай қайғылы сәтте Сізге және бауырлас әрі достас Қазақстан халқына көңіл айтамын. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Бұл төтенше жағдай жақын арада толығымен еңсерілетініне сенімдімін, – делінген Өзбекстан Президентінің жеделхатында.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа орман өрті салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтты.
– Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, – деп жазылған Қырғызстан Президентінің жеделхатында.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Үкімет пен достас Қазақстан халқының күш-жігерімен өрттің жақын арада ауыздықталатынына сенім білдірді.
– Абай облысындағы ауқымды өрт салдарынан адамдардың қаза тапқаны жөніндегі қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабыл алдық. Барша бауырлас Қазақстан халқына, қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, – деп жазды Тәжікстан Президенті.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов адам шығынына әкеп соқтырған Абай облысындағы алапат орман өртіне байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты.
– Түрікменстан халқы мен Үкіметі атынан және өз атымнан қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, сондай-ақ зардап шеккен аумақтың тезірек қалпына келуіне тілектестік білдіремін, – делінген Сердар Бердімұхамедовтің жеделхатында.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Абай облысындағы алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны және ауыр шығынға әкеп соқтырғаны туралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдағанын жазды.
– Осы қайғылы жағдайға байланысты өзімнің және әзербайжан халқының атынан қаза тапқандардың отбасына және жақындарына, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтамын. Сондай-ақ табиғат апаты болған аумақтың тезірек қалпына келуіне тілектестік білдіремін, – делінген Ильхам Әлиевтің жеделхатында.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Түркия халқының атынан және өз атынан қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтты.
– Осы қайғылы сәтте қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына көңіл айтамын. Түрік халқының атынан және өз атымнан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған Түркия Республикасы Президентінің жеделхатында.
Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстандағы орман өрті салдарынан 14 адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
– Пәкістан Үкіметі мен халқының атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза тапқан азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі үшін дұға етемін, – деп жазды Шахбаз Шариф.
Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Фото: Ақорда