Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, індет мүйізді ірі қараны сою кезінде жұққан көрінеді. Қазір үш үйдің 35 мүшесі бақылауға алынған.
Ауру жұқтырған үш азамат аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы қалыпты екенін айтады. Ал облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тұрғындарға вирус дертке шалдыққан малды сойғаннан жұққанын айтады.
– Бұған дейін бір науқастың жағдайы жеңіл болғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Қалған үш азамат ем қабылдап жатыр. Олар ауруға шалдыққан ірі малды рұқсатсыз сойғаны анықталды. Тағы бір жағдайда инфекция көзі анықталу үстінде. Бұл жағдайға байланысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Жамбыл облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова.
Эпидемиолог мамандар сойылған сиыр етін өлексе өртейтін арнайы пеште жойған. Сондай-ақ мал сойылған аула толықтай залалсыздандырылыпты. Ауру ошағы анықталған үйлерден 21 сынама алынып, елді мекен ішінде төрт түлікті еркін жаюға, айдап өтуге шектеу қойылып отыр. Десе де, мамандар үрейленуге еш негіз жоқ екенін алға тартады.
– Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзген сиырды сойған. Ауру содан жұққан. Бұл бір ауылдың ішінде ғана болып отырған жағдай. Сондықтан даурығатындай ешнәрсе жоқ. Тек тиісті сақтық шараларын жасап жатырмыз.
Жамбыл облысында 100 жылдан бері келе жатқан 189 сібір жарасының ошағы бар. Олардың барлығы біздің бақылауымызда. Жылына 2 рет сынама алынып, тексерістен өткізіледі, – дейді Жамбыл облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Әрине, барлығы мамандар айтқандай бақылауда болғаны жақсы. Алайда бүтін бір ауылдың карантинге жабылғаны ойландырмай қоймайды. Осы ретте Тамды ауылы тұрғындарына хабарласып, елді мекендегі жағдайды сұраған едік.
– Жағдай қалыпты. Тұрғындардың қозғалысына еш кедергі жоқ. Күнделікті тіршілігімізді емін-еркін жасап жүрміз. Әрине, індет анықталды деген кезде қорыққанымыз рас. Алайда қазір бәрі тұрақталып келеді, – дейді Жансая есімді ауыл тұрғыны.
Негізі ел ішінде «індет жұқтырған отбасы өлген малды сойып алған» деген де ақпар тараған. Алайда эпидемиолог мамандар бұны жоққа шығарып отыр.
– Сиырды бұқа сүзгенде ауыр жарақаттанғаны рас. Алайда мал арам өлмеген. Соның алдын алу үшін отбасы мүйізді ірі қараны тез сойып алыпты. Малды сойғаннан кейін үй иесінің қолынан жара пайда болған. Міне, осы жараны тексерген кезде «сібір жарасы» деген қауіп туған. Сынама алған кезде бұқаның ауырмағаны белгілі болды. Ауру сиыр етінен жұғып отыр. Абырой болғанда, етті бөліп алған көршілері оны тағамға пайдаланып үлгермеген. Мамандарымыз барлық етті жинап, көзін жойды.
Әзірге ауылды 15 күндік карантинге жауып отырмыз. Барлық сынамалардың қорытындысы шыққаннан кейін карантинге байланысты шешім шығаратын боламыз. Егер қосымша тексерістер қажет болса, карантин уақытын созуымыз мүмкін, – дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.
Әрине, барлығы оңды шешіліп, ауыл тұрғындарына қауіп төнбегені керек. Әзірге мамандар ауылдағы төрт түліктен сынама алып жатыр. Ал ауру малды союға үш отбасының мүшелері ғана қатысты болғандықтан өзге тұрғындар тексерістен өткізіліп жатқан жоқ. Десе де, олардың жағдайын медицина мамандары күнделікті бақылауға алып отыр.
Әлемдік пандемиядан кейін көпшілік «карантин» деген сөзден шошып қалғаны жасырын емес. Сондықтан Тамды ауылындағы карантиндік шектеу шаралары көп ұзамай алынады деп сенеміз. Ең бастысы, індет дендемей, дер кезінде басылғаны абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы