Жеткіншектердің жігерін жаныған жоба

Шымкент қаласында осыдан үш жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» бірегей жобасы басталған. Үшінші мегаполистегі ауқымды шара әлі күнге дейін бірегей жоба ретінде өткізіліп келеді.

Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуден бөлек, жеткіншектердің өзара байланысын нығайтып, ынтымақтастығын арттыратын бұл жобаны Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ұсынған. Салауатты өмір салтын ұстануға баулитын бұл жоба мегаполистердегі барлық мектепті қамтуы керек болған. Ұсыныс 2021 жылдан бері сәтті жүзеге асып, сайыс мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болып отыр. 

Қала мектептері арасында жаңа оқу жылы басталғаннан жыл бойы жүргізі­летін сайыс спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен өтеді. 

«Лига біркүндік жарыс емес. Бір мек­тептің оқушылары спорттың 4 түрінен жасақталып, аудандық топты жасақ­тай­ды. Топтарға бөлінген 12 команда өзара ойнап, іріктеледі. Бірінші, екінші, үшінші орын алған командалар финалға жіберіледі. Әр аудан 4 топқа бөлініп, 8 команда жасақ­тала­ды. Демек, әр аудан­ның 8 мықты ко­ман­дасының қарсыласы жеребе арқылы анықталады. Бұл сайыстың ерекшелігі де сол бала­ларды бір-біріне жақындатады, достас­тырады. Команда мүшелері ауызбір­шілікті, еліне деген сүйіспеншілікті терең сезінеді. «Бәріміз – біріміз, біріміз – бәріміз үшін» деген ұранды ұстанады», – дейді қалалық Денешынықтыру және спорт басқар­ма­сы­ның бөлім басшысы Мақсат Орым­баев. 

Жеткіншектер бірнеше сыннан сү­рін­бей өтіп, ақтық сынға жетеді. Жеңіл­ген ко­мандалар жарыс жолынан шығып қала­ды да, бабы мен бағы қатар шап­қандар жеңіске жақындай түспек. 

«Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан сайысқа балалардың қызығушылығы жоғары. Мысалы, былтыр жеңілген ко­манда биыл өте жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жүлдеге ие болды. Олардың ерекше дайындалғаны көрініп тұрды. Біз жарыс барысында балалардың жанында, басы-қасында боламыз. Олар­дың жеңіске деген талпынысын, сөзбен жеткізе алмайтын әсерін, ұтылып бара жатса әттеген-ай дейтін сәттерін көріп, сезінеміз», – дейді бөлім басшысы. 

«Шымкент жастар лигасы» негізінен командалық ойындардан құрылған. Сол себепті жеңген команда, яғни жеңіс тұрғырынан көрінген мектепке демеуші­лер есебінен 20 миллион теңгенің ұтысы белгіленген. Былтыр және биыл ұтқан ко­ман­даларға мектепке балаларды тасы­малға қажетті автобустар сыйға берілді. Ал қалған қатысушылардың барлығына бірдей кубок пен медальдар және диплом табыс етілді. 

Биыл да балалардың құқын қорғау күні үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шым­кент жастар лигасы» жобасының ІІІ кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойын­дар қайта жаңғырып, рекон­струк­цияланған «Метал­лург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тари­хына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалыпты. 

 «Шымкент жастар лигасы» жобасын­да футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мек­тебінен 500-ден астам команда жа­сақ­талып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Демек, осынша баланың белсенді қа­тысуы лиганың бұқаралық сипат алғанының көрінісі болса керек.

Шахматтан – Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан – А.Бай­тұрсынов атындағы №50 мектеп-гимна­зиясының, баскетболдан – М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал футболдан – Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының команда­лары лиганың чемпионы атанды. Әр спорт түрі бойынша чемпион коман­даларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды. 

Айта кетейік, шахматтан былтыр да, биыл да Ө.Жолдасбеков атындағы лицейдің балалары алдарына қара салдырмай қата­рынан екі жыл автобусқа ие болды. 

«Был­тыр жеңімпаз болғандар биыл қатыспауы тиіс деген талап жоқ. Баланың бағын бай­ламауымыз керек. Ынтасы бары қатысып, өз мықтылығын көрсете алады. Өзге мектептердің мұғалімдері де жеңіске жету үшін барын салғаны абзал. Біз бала­лардың бетінен қақпауымыз керек. Бізді жастардың белсенділігі қуантады. Мәселен, биыл футболға 135 мектеп, баскетболға 137, волейболға 129 және шахмат ойынына қатысуға 132 білім ұясының оқушылары ниет білдіріп, өтініш тастады. Спортпен тұ­рақ­ты түрде айналысып жүрген баланың әлеуеті де зор болады», – деп атап өтті Мақ­сат Мұсаханұлы. 

Жеткіншектердің өзі де «Шымкент жастар лигасының» мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерге жол ашатын жоба екенін алға тартады. Сондықтан олардың бұл байқауға дайындығы ерекше.  

«Әрине қай сайыста да жеңіске жету оңай емес. Дегенмен біздің команда бұл лигаға жан-жақты дайындалып, топ жарды. Қуанышымызда шек жоқ. Еңбегіміз ақталды. Бізге сенім білдірген бапкерімізге, ұстаздарымызға, ата-аналарымызға алғыс айтқым келеді», – дейді Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушысы Балжан Нұран.

Министрлік жиынында «Шымкент жастар лигасы» өзге өңірлерге үлгі ретін­де көрсетіліп, жоғары баға берілді. Келе­шекте бұл жоба еліміздің өзге аймақ­тарында да жалғасын табуы мүмкін. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы